BBC агенттігінің жазуынша, В.Зеленский Литваға үлкен үмітпен келген. Ол Ресеймен соғыс аяқталғаннан кейін елінің НАТО-ға қосылуына кепілдік берілетінін күткені анық. Осылайша, әлемдегі ең қуатты әскери альянсқа мүше болу арқылы халқына үміт сыйлап, Ресей әскері бұдан кейін Украина топырағына аттап баса алмауына сенімді болғысы келген. Алайда НАТО саммитінің қорытындысы В.Зеленский күткендей болған жоқ. Ұйымға мүше мемлекеттер тараптар мәмілеге келіп, міндеттелген шарттар орындалғанда ғана Украинаны НАТО-ға шақыратынын алға тартады.
Дегенмен бүкіл әлем көз тіккен саммит нәтижесіз өтті деуге келмес. Іргелі іс-шараның бірінші күнінде, 11 шілдеде мүше мемлекеттер бірлігі мығым одақ екенін аңғартты. Әуелі Түркия тарапы Швецияның ұйымға мүшелікке қабылдануына келісім берді. Бұған дейін Анадолыдағы ағайын түрлі мәселені сылтауратып, скандинавиялық мемлекеттің мүшелігіне қарсы болып келген. Сарапшылардың пайымдауынша, ресми Анкараның мұндай қадамға баруына бірнеше себеп бар.
Түркия талай жылдан бері Еуропалық одақ құрамына өтуге талпынып жүр. Бірақ түрлі кедергіге байланысты Анадолы қарт құрлықтың белді ұйымына енген емес. Сол себепті шығар, Түркия президенті Реджеп Тайып Ердоған Вильнюске аттанар алдында журналистерге берген сұхбатында қарт құрлықтың елдеріне үндеу тастап, Еуропалық одақтың есігін Түркияға ашуды сұрады.
Әлбетте, Еуропалық одақ бөлек, НАТО мүлдем басқа ұйым. Екеуі де бір-біріне тікелей бағынбайтын дербес бірлестіктер. Сондықтан Түркия Швецияның трансатланттық ұйымға кіруіне келісім берді екен деп, құшақ жая қарсы алатын Брюссельдегі шенеуніктер жоқ. Сарапшылардың айтуынша, бұл – шахмат комбинациясы секілді бірнеше жүрісті ойластырған қадам. Швецияға ақ батасын беру арқылы ресми Анкара өзіне АҚШ-тың жылы қабақ танытуынан үмітті. Өз кезегінде Ақ үй әкімшілігі Еуропадағы әріптестеріне ықпал жасап, Анадолыдағы ағайынның Еуропалық одаққа кіруін жеделдетуге жол ашады.
Түркия сыртқы саясаттағы бағытын өзгерте бастағанын мынадан да байқауға болады. Таяуда ресми Анкара Мариуполь қаласын бірнеше ай басқыншыларға қарсы күресіп, Азовсталь комбинатын жанқиярлық ерлікпен қорғаған «Азов» полкінің командирлерін Украинаға қайтарды. Алайда Ресей, Түркия және БҰҰ жасаған келісімге сәйкес, тұтқынға түскен «Азовтың» басшылары соғыс аяқталғанға дейін Анадолыда қалуға тиіс-тұғын. Бірақ Түркияның келісімді бұзып, күтпеген жерден мұндай қадамға баруы елдегі сыртқы саясаттың бағыты өзгере бастағанын аңғартады.
Дегенмен саммит соңы қуантарлық нәтиже көрсеткен жоқ. Көпшілік альянс Украинаның мүшелігіне қатысты ұстанымын айтарлықтай өзгертеді деп үміттенген. НАТО елдерінің мемлекет және үкімет басшыларын қамтитын жоғарғы орган – Солтүстік Атлантикалық кеңес отырысынан кейін альянстың бас хатшысы Йенс Столтенберг сұхбат берді.
Ол НАТО Украинаны ахуал түзелгенде ғана қабылдайтынын жеткізді. Сонымен бірге Киев мүшелікке өтуге қажет іс-қимыл жоспарын орындау қажет емесін атап өтті. Бұл – ұйымға мүше атануға үміткер мемлекеттерге міндетті саналатын әскери, сондай-ақ саяси реформалардың стандартты жиынтығы. Демек Украина шақырту алғаннан кейін мұндай міндеттемені орындау қажет емес. НАТО елдері қосылу туралы өтінішін қарап, келісімді өз еліндегі парламентте ратификациялайды. Әйтсе де, Украина қашаннан бастап трансатланттық альянсқа кіретіні басы ашық мәселе күйінде қалып отыр.
НАТО сондай-ақ Украина қарулы күштерінің қабілетін арттыру үшін жаппай жауынгерлік дайындық бағдарламасын жасауға уәде берді. Альянстың тілімен айтқанда, ұйымның стандарттарымен, ең алдымен, байланыс саласындағы, байланыс желілерін пайдалану ережелерін, әуе қорғанысы мен штаб мәдениетімен толық үйлесімді жұмыс жүргізілмек. Ендеше, Украина әскерилері жаппай ағылшын тілін үйренуге тиіс. Бұған қоса, бұрынғы Украина-НАТО комиссиясының орнына барлық мүшелері тең болатын кеңес құрылды.
Ұлыбританияның премьер-министрі Риши Сунак Украина ертелі-кеш альянсқа кіретінін алға тартады. НАТО Бас хатшысы Йенс Столтенберг сәрсенбі күні аталған мемлекетпен тең дәрежеде кездеу өткізгенін, бірақ болашақта одақтас ретінде жолығуға үмітті екенін білдірді. АҚШ президенті Джо Байден Украина президенті Володимир Зеленскийге уәде беріп, бұл мәселені түбіне дейін жеткізетінін айтқан көрінеді. Оның сөзіне сүйенсек, Украина дұрыс бағытта келе жатыр. Ұлыбритания қорғаныс министрі Бен Уоллес саммит Украинаның НАТО-ға тиесілі екенін көрсетті деп есептейді. Осылайша, ұйымға мүше мемлекеттер бұдан былай ресми Киев трансатланттық альянсқа қажет пе деп сұрамайды. Талқыланатын ендігі мәселе – Украинаның ұйымға қашан мүшелікке өтуі болмақ.