Елордадағы Травматология және ортопедия ұлттық ғылыми-зерттеу орталығының баспасөз қызметі зардап шеккен екі әйелдің қазіргі жағдайы туралы ақпарат берді.
«Науқастардың жағдайы ауыр. Ресми жауап екі күн ішінде берілуі мүмкін, өйткені бір науқас әлі де жансақтау бөлімінде жатыр», деп жауап берді баспасөз қызметі.
Айта кетейік, кеше, 16 шілде күні «АЛЖИР» музейінде лифт құлап, екі әйел жарақат алды. Ақмола облысының полиция департаменті ұсынған ақпаратқа қарағанда, 1940 жылғы елорда тұрғыны мен 1969 жылғы Ақмол ауылы тұрғынының түрлі дене мүшесі сынған. Белгілі болғандай, олар «АЛЖИР» музейін аралап жүріп, кенеттен лифт құлаған кезде ауыр жарақат алған.
«Целиноград ауданы Ақмол ауылы «АЛЖИР» музейінде лифттің құлау фактісі бойынша ҚР ҚК 306-бабы 2-бөлімі 2-тармағы «Қауiпсiздiк талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару немесе сату, жұмыстарды орындау не қызметтер көрсету» бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды», деп хабарлады Ақмола облыстық ПД баспасөз қызметі.