Қоғам • 17 Шілде, 2023

Өңірлердің алдағы жылу беру маусымына дайындығы талқыланды

171 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаевтың төрағалығымен кеңес өткізіліп, онда жылумен жабдықтау жобаларын іске асыру, тұрғын үй және әлеуметтік нысандардың алдағы жылу беру маусымына дайындығы, сондай-ақ мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алуға кезекке тұрғандарды түгендеу мәселелері қаралды, деп хабарлайды Egemen.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Өңірлердің алдағы жылу беру маусымына дайындығы талқыланды

Жиынға Құрылыс және ТКШ істері комитетінің өкілдері және облыс әкімдерінің орынбасарлары қатысты. Оның барысында Құрылыс және ТКШ істері комитеті төрағасының орынбасары Әзімбек Пазылбекұлы өңірлердің биылғы жылу беру маусымына дайындығы туралы айтып берді.

Мәселен, көшпелі тексерулердің қорытындысына сәйкес, қазір жоспарланған 127 шақырымның 26 шақырымына жылу желілері тартылды. Еліміз бойынша 600-ге жуық шақырымдай жылу инфрақұрылымын жөндеу жоспарланған. Қазір оның 224 шақырымы немесе 38% жөнделді.

Алдағы жылу беру кезеңіне 13 мыңнан артық (13 525) дербес жұмыс істейтін қазандықты дайындау қажет. Қазір олардың 5 мыңнан астамы немесе 37%-ы дайын тұр. 

Сумен жабдықтау желілеріне келсек, 1,4 мың шақырымдай жерге жөндеу жүргізу көзделген. Оның шамамен 400 шақырымына немесе 30% жөнделді. Су бұру желілері бойынша 228 шақырымға созылған инфрақұрылымды ретке келтіру жоспарланып отыр. Қазір 72 шақырым желі немесе 30% жөнделіп аяқталды.

Сондай-ақ Ә.Пазылбекұлы әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлердің дайындығы туралы ақпаратты жеткізді. Оның айтуынша, қазір жоспарланған 10,7 мың нысанның 5 мыңы қысқы кезеңге дайын. Олардың дені білім беру ұйымы. Бұған қоса 5,5 мыңнан аса денсаулық сақтау нысанын дайындау жұмыстары қарқын алған. Қазір олардың 3 мыңы немесе 52% дайын.

Кеңесті түйіндеген М.Қарабаев 2023-2024 жылғы жылу беру кезеңін ойдағыдай өткізу үшін әкімдіктерге инженерлік инфрақұрылымның жөндеу жұмыстарының қарқындатып, қыркүйектің соңына дейін аяқтауды қамтамасыз етуді, сонымен бірге тұрғын үй, денсаулық сақтау нысандарының уақтылы дайындығын ұйымдастыруды тапсырды.