Жануарлар • 17 Шілде, 2023

Асыл түлік неден қырылды?

298 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Железин ауданындағы «Асан» шаруа қожалығы айдың-күннің аманында 37 бас қара малынан айырылып қалды. Былтыр несие­ге сатып алған асыл тұқымды қымбат түлік айналасы бір сағаттың ішінде бірінен соң бірі сұлап, арам қатқан. Шаруа иесі де, ветеринарлар да сиырлардың неден өлгенін біле алмай отыр.

Асыл түлік неден қырылды?

«Асан» шаруа қожалығы Баш­мач­ное ауылында орна­лас­қан. Жай­сыз оқиға 14 шілде күні бо­лыпты. Қожалық иесі Тал­ғат Шот­­ба­қовтың айтуына қа­­­ра­­ғанда, шы­ғын болған мал­­дың бар­­­лығы – сиырлар. Өріс­те жа­йы­лып жүр­ген асыл түлік бір-бір жа­рым сағат ішінде ке­зе­гі­мен құ­­лап, жат­қан жерінен тұр­­май қал­ған. «Теңкиіп-теңкиіп жат­қан жануарларға қараудың өзі қорқынышты еді. Тұқымы – абер­дин ангус. Былтыр «Демеу» не­сие серіктестігінен он жылға 30 млн теңге несие алып, 86 бас мал са­тып алған едік. Биыл малымыз жақ­сы төлдеп, мемлекеттің субси­диясына ілігеміз, қары­зымызды же­ңіл­детеміз деп қуанып отыр едік. Ойда жоқ жерден осындай кесапатқа жолығып отырмыз. Шаруашылықтағы 120 бас қара малдың 37-сі өлді. Күнкөріс малымыздың үштен бірі бұлайша аяқ астынан қырылып қалғанын түсіне алмай, дал болып отырмыз. Қазіргі жағдайда бізге мемлекет көмектеспесе, жағдайымыз қиынға түседі. Өлген сиырлардың бұзауын бағып-қағудың өзі үлкен шығын. Жалпы, шаруашылықты ұстап тұруды, қарамағымдағы 3 жұмыскеріме қалай еңбекақы төлеуді білмей отырмын», дейді салы суға кеткен шаруа иесі.

Өңірлік ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Асылтас Тілеубаев аталған елді мекенде 37 бас малдың белгісіз аурудан қырылғанын растады. Мал дәрігерлері шаруашылықтан хабар түсісімен оқиға орнына барып, мал өлекселерінен арнайы жақпалар алып, клиникалық жағдайларын жіті зерттеген.

«Жануарлардың клиникалық жағдайларын зерделей келе, олардың аса қауіпті аурудан өлмегеніне көз жеткіздік. Егер жұқпалы әрі ауыр мал дертінен қырылса, әдетте сілекейі шұбырып, езуінен қан кетіп өледі. Бұл жерде ветеринарлар екі нұсқаны ұсынып отыр. Біріншісі, жайылымдарда кездесетін түрлі улы шөп пен саңырауқұлақ. Жаңбырдан соң улы өсімдіктердің қаулап шығатыны мәлім. Екінші нұсқа – егістік жерлерде қолданылатын пестицидтердің әсері. Елді мекеннің маңайында егін, картоп егіледі. Пестицидтердің әсері егіс танаптарынан 3 метрге дейін жайылуы мүмкін. Мал сол жерлердегі шөпті жеп қырылуы да мүмкін. Мамандарымыз мал өрісі мен егіс танаптарынан, суаттардан, өлекселерден арнайы анализдер алды. Оның нәтижелері 15 күн ішінде белгілі болады. Содан соң ғана бұл келеңсіз жағдайдың себебін айта аламыз», дейді Асылтас Абылайұлы.

Қазіргі күні өлген жануардың барлығы арнайы пеште өртелген. Бұл – ықтимал инфекциялық аурудың алдын алу қадамы деп түсіндірді жауапты басқарма өкілдері. Шаруашылықтағы тағы 4 мал әлі де ауырып тұрғаны байқалады, соның ішінде біреуінің жағдайы нашар. Мал дәрігерлері арнайы ем-домдарын жалғастырып жатыр.

 

 

Соңғы жаңалықтар

Көп күттірген күрежол ашылды

Аймақтар • 07 Желтоқсан, 2024

Климаттың өзгерісі әлемді алаңдатады

Экология • 07 Желтоқсан, 2024

Жас зерттеушілер форумы

Форум • 07 Желтоқсан, 2024

Ілкімді жобалар ілгері оздырады

Экономика • 07 Желтоқсан, 2024

Атакәсіпті ардақ тұтқан

Еңбек • 07 Желтоқсан, 2024

Талабы таудай тас қопарар

Маман • 07 Желтоқсан, 2024