Оқиға • 17 Шілде, 2023

Керекуді алаңдатқан өрт

240 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Апта бойы беті қайтпаған аптап ыстық Керекудің ормандары мен далалы жерлерінде алапат өрттің шығуына себепкер болды. Ең ірі өрт ошақтары «Ертіс орманы» мемлекеттік резерватында және Баянауылдың Қызылтау аумағында тіркеліп, тілсіз жау жалпы аумағы 1 800 гектарға жуық жерді жайпап өткен

Керекуді алаңдатқан өрт

Төтенше жағдай маманда­рының дерегінше, «Ертіс орманы» резерватында 15 шілде күні түсте басталған өрт арада бір тәулік өткенде барып ауыз­дықталды. Екпінді жел мен аптап ыстықтың салдарынан тілсіз жау орман аралықтарында жылдам тарап, алғашқы сәттерде өрт сөндірушілер жалынды ба­қылай алмаған. Жағдайдың күр­деленіп бара жатқанын ес­кер­ген Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов пен Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов оқиға орнында болып, өртке қатысты соң­ғы мәліметтерді жариялап отыр­ғанын көзіміз шалды. Өрт­ке байланысты жедел штаб құры­лып, ғарыштан мониторинг жасау арқылы мәліметтер жиналды.

Төтенше жағдайлар министр­лігінің баспасөз қызметі хабар­лағандай, өрт Шарбақты ауданы­ның Степное және Бауыртал орман­шылықтарында орын алған. Төтенше жағдайлар министрі мен облыс әкімі аумақты әуеден барлап шықты. Алғашқы тәулікте 98-орамдағы өрт ерекше кү­шейіп, бірнеше елді мекенге қауіп төндіргені рас. Бірнеше ауылдың халқын өзге аумаққа көшіру де жоспарланды. Абырой болғанда өрт сөндірушілер тілсіз жаудың екпінін тоқтатып, әрі желдің бағыты да өзгеріп орман өрті тежелді. «Ертіс орманы» резерватының ақпаратына сүйенсек, өртенген аумақтың алдын алу ауданы 850 гектарды құрап отыр.

Өңірлік төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасы басшы­сының орынбасары, азаматтық қорғау подполковнигі Берік Ома­ровтың айтуынша, орман­ды жерлердегі өрт негізі­нен жалқарағайлардың жоғары бөліктерін шарпыған. Тілсіз жау­мен күреске жергілікті және Астана қаласы мен Шығыс Қа­зақстан, Қарағанды облыста­рының төтенше жағдай күштері мен құралдары жұмылдырылған. 101 техника мен 6 тікұшақ, 361 өрт сөндіруші орманда лаулаған қызыл жалынды ауыздықтап, қа­зіргі күні аумақтағы от оша­ғын толық сөндіру шараларын жал­ғастырып жатыр. МИ-8 және Eurocopter тікұшақтары арқылы соңғы екі тәулікте өрт болған жерлерге 144 шаршы метр су шашылған.

– Тағы бір ірі өрт оқиғасы Баян­­ауылдағы мемлекеттік ұлт­тық табиғи орман паркінде тіркелді. 14 шілде күні Қызылтау ауылынан 20 шақырым жерде жайылымдық және шабындық жерлерде жалын тұтанған. Далба орман шаруашылығының 115, 117, 118 орамдарына тиесілі 20 гектар жер өртенген. Ал аумақ­та күйік шалған жер­лердің жалпы аумағы 800 гектарды құрап отыр. Ондағы жалынды ауыздықтауға жергілікті тө­тенше жағдай қызметінің 27 қызметкері мен 7 техника, ұлт­тық парктің 22 қызметкері, сон­дай-ақ ерікті өрт сөндіру құрылымынан 55 адам мен 11 техника, жергілікті атқарушы органдардан 8 адам мен 4 техника тартылды. Қазіргі күні өртті толық сөндіру шаралары жүріп жатыр, – дейді Б.Омаров.

Бұған дейін Екібастұзға қа­рас­ты Әлкей Марғұлан ауылы маңында және өңірдің Қар­а­ғанды облысымен шекараласатын жерлерінде де тілсіз жаудың 127 гектар жерді жайпап өткені белгілі болды. Өрттің салдарынан аталған елді мекеннің тұр­ғындарына тиесілі 72 ұсақ мал жанып кеткен. Қырда қараусыз жүрген қой-ешкіні тұтқиылдан келген дала өрті шарпып, тірі қалған түліктер арасында әлі де өліп жатқандары бар көрінеді. Арнайы комиссия әзірше 70-тен астам мал қырылды деп қана таныған. Ауыл адамдары комис­сияның бұл шешімімен келіспей отырғанын айту керек. Мәселеге газетіміздің алдағы нөмір­лерінде арнайы тоқталатын боламыз.

Жалпы, соңғы бір аптаның ішінде Павлодар облысы аума­ғында орман және дала өрттері бойынша 35 оқиға тіркелген. Төтенше жағдай қыз­метінің мамандары мен арнайы органдар тілсіз жаудан келген шығын мен күйік шалған жер­лердің ауданын анықтап жатыр.