Сенат депутаты Айнұр Арғынбекова Семей қаласындағы «Жылукомунэнерго» МКК-де болды және 2023-2024 жылдарға арналған жылыту маусымына дайындық жоспарымен танысты. Ол қаладағы қазіргі кездегі жылу көздері туралы жан-жақты хабардар болды. Оған сонымен қатар №1 жылу энергетика орталығы көрсетілді және жергілікті 92 қазандықтың кейбірі күрделі жөндеуді қажет ететіні туралы айтылды.
«Өткен қыста Екібастұз бен Риддер қалаларында жылу көздері мен жылу желісінің қаншалықты тозғанына куә болдық. Абай облысында осындай жағдайды болдырмау үшін қысқы маусымға дайындық мәселесіне ерекше назар аударуымыз керек», – деп атап өтті Айнұр Арғынбекова.
Депутатқа сондай-ақ жылу беру маусымына дайындық жұмыстары аясында ауқымды жұмыс атқарылғаны, атап айтқанда, «Ғаббасов» қазандығы қайта жаңартылғаны және жалпы ағымдағы жөндеу жұмыстары жалғасып жатқаны туралы хабарланды. Депутат Арғынбекова өз кезегінде жергілікті билік бұл мәселені бақылауда ұстауы тиіс екендігі және жылу көздері мен жылу желісінің жай-күйіне тұрақты тексеру жүргізу қажеттігін атап өтті.
«Қаланың барлық жылу желісін нормативтік күйге келтіру облысымыздың басым міндеттерінің бірі және ол бірнеше жылға есептелген ауқымды жұмыс. Біз өңірден сайланған депутаттар ретінде бұл мәселені де бақылауда ұстайтын боламыз», – деді сенатор.
***
Мәжіліс депутаты, ЖСДП фракциясының мүшесі Ажар Сағандықова Павлодар облысына жұмыс сапары барысында Қаныш Сәтбаев атындағы каналдың №4 су электр кешенінің №87 бөгетіне барды. Стратегиялық нысан апатты жағдайда тұр, бірақ жосықсыз мердігермен соттасып жатқандықтан сервистік компания тендер өткізе алмай отыр. Каналдың Павлодардағы басқарма басшысы Владимир Егердің айтуынша, каналдың нақты пайдалану мерзімі 60 жыл болса, стандартты мерзімі 25 жыл. Техникалық қолдау көрсетілсе де арнаның сумен қамтамасыз ету деңгейі төмен. Бұл қысқы маусымда апатқа ұшырау қаупін тудырады.
«Қазір канал жұмыс істеуі керек қалыпты ұстап тұру горизонты деңгейіне жету үшін шамамен бес млн текше метр су жетіспейді. Ал бүкіл канал бойынша 70 млн текше метрден астам су тапшылығы байқалады. Қыс мезгіліне мұндай төмен су деңгейімен кіру қауіпті, өйткені мұндай көрсеткішпен біз сорғы стансалары мен бассейндерін қамтамасыз ете алмаймыз. Жаңа тендерлерді де жариялай алмаймыз, өйткені сот үдерісі жүріп жатыр», – деді Владимир Егер.
Депутат Ажар Сағандықованың айтуынша, мәселе арнаның бұрын дербес заңды тұлға болғанында екен. Одан кейін «Казводхозға» ауыстырылған.
«Оңтүстіктегі ирригациялық жүйелерді жөндеу керек болды, ал канал, бір ғажабы, халықаралық банктерден несие алуға кепілдік болды. Бұрын өзін толық ақтап келгенімен, кезекті және күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге олардың жеке кадрлары, өз қаражаттары болды. Біз, депутаттар, бұл арна өзін-өзі қамтамасыз ететіндіктен әрі ел үшін стратегиялық маңызы зор болғандықтан, оны кепілден алып, жеке-дара дербес заңды тұлға ету керек деген мәселені көтердік. Мұнда қаржы салу керек, өйткені 22 сорғы стансасы жұмыс істейді, олардың әрқайсысы қайта қарауды және күнделікті жөндеуді қажет етеді», – деді Ажар Сағандықова.
2018 жылы «Қазводхоз» РМК жарғылық капиталын ұлғайту» бағдарламасы аясында 241 апатты су қоймасы мен гидротехникалық құрылыстарды қалпына келтіруге, оның ішінде осы бөгетті жөндеуге республикалық бюджеттен қаражат бөлінді. Шартты орындау барысында оның мерзімі бірнеше рет ұзартылды. «Қазводхоз» РМК Павлодар облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына мердігерді мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы екендігі туралы талап-арызбен жүгінді. Мердігер қарсы талап қойып, үдеріс ұзаққа созылып кетті. Қазіргі уақытта азаматтық іс қаралуда, іс бойынша құрылыс-экономикалық қайталама сот сараптамасы тағайындалды. Азаматтық іс бойынша түпкілікті шешім қабылданған жоқ.
***
Мәжіліс депутаты, «Ауыл» партиясы фракциясының мүшесі, Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы Серік Егізбаев Ақмола облысына жұмыс сапармен барып, Егіндікөл ауданындағы Нұра топтық су құбырының қайта жөндеу жұмыстарымен танысты.
Көрсетілген су құбыры облыстың бірқатар ауданын, соның ішінде Егіндікөлді қамтиды. Сапар барысында Серік Егізбаев Экология министрлігі, «Казводхоз» мекемесі мен облыс әкімдігінің өкілдерімен бірге жергілікті халықпен және мердігер ұжыммен кездесті. Талқылауда құрылыстың басталуы мен аяқталу мерзімі талқыланды. Мәжілісмен бұл мәселе депутаттардың тұрақты бақылауында болатынын атап өтті.
Сондай-ақ Серік Егізбаев «Жер Ана» ЖШС, дәнді дақылдарды өндіру және сатумен айналысатын «Шарафутдинов и К» ЖШС және Егіндікөл ауылының абаттандыру жұмыстарымен танысты. Сонымен қатар депутат Астраханка кентінің орталық қазандығында болып, Жалтыр кентіндегі «Милл и промышленная компания» ЖШС және «АЗАМ-КС» кәсіпорындарының, Астрахан ауданы «Новый Колотун» ауылындағы «Острогорский» ЖШС қызметімен танысты. «Макинск» құс фабрикасының жұмысшыларымен де кездесті.