«Отандастар қоры» этнолагерьді 2019 жылдан бері ұйымдастырып келеді. Биыл да бұл дәстүр жалғасын тапты. Бурабай төріндегі «Iqanat High School of Burabay» мектебінде өткен жазғы лагерьге әлемнің 8 мемлекетінен (АҚШ, Иран, Беларусь, Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан, Моңғолия мен Ресейден) 200-ге жуық қазақ балалары келді.
«Отандастар қоры» КеАҚ басшысы Абзал Сапарбекұлы елордада балалармен кездесіп, оларға ізгі тілегін білдірді. Сондай-ақ лагерьдің ерекшелігін атап өтті. «Биылғы жазғы лагерь ерекше. Себебі «Жас қазақ» деп ат беріп, «этно» деген сөзді қостық. Яғни елге келген барша қандас балалар рухани құндылықтарды бойларына сіңіріп, өздерін еркін сезініп, жақсы демалып қайтуға тиіс. Болашақта бұл жоба дәстүрге айналып, ауқымын кеңейтеді деп ойлаймын», деді ол. Тағы бір ерекшелік – лагерьге талантты балалар таңдалып алынған. 12-17 жас арасындағы балалар жолдаманы түрлі байқауға онлайн, офлайн форматта қатысып, жеңіп алды. Мысалы, бірі мәнерлеп өлең оқыса, енді бірі домбыра тартып жүлде иегері атанған.
Шетте өскен адам үшін атажұрттың тау-тасы, топырағы, бәрі ыстық. Әсіресе алғаш рет келгендер үшін ерекше сезім. Балалар да шекарадан асып, елге аяқ басқанда, қуаныштың көз жасына ерік бердік дейді. Олар бірінші күннен-ақ жауапкершілікті сезініп, өздері концерт ұйымдастырған.
– Өнерлі балалар жүрген жерін би билеп думандатып, әнмен әрледі. Талапты да талантты балалардың қалыптасқан дағдыларын әрі қарай шыңдау мақсатында арнайы сабақ кестесі құрылып, әр уақыты тиімді әрі жүйелі өту мақсатында күнделікті күн тәртібі бекітілді. Таңертең таңғы жаттығудан бастап, түрлі сабаққа, үйірмеге қатысты. Дәлірек тоқталсақ, асық ойнау, садақ ату, домбыра шерту, алтыбақан тебу, атпен серуен, киіз үй тігу сынды ұлттық ойындар мен тұрмыс салттарынан бөлек, заманауи сала – мобилографиядан сабақ алды. Нейрондық желі, жасанды интеллект бойынша таным көкжиектерін дамытты. Жоғары білімді мамандар дәріс оқып қана қоймай, өз тәжірибесімен бөлісті. Қазақтың тарихына сай ордаларға бөліну арқылы топтасып, әрқайсысы өз ұрандарын шығарды. Орда болып жарысып, түрлі байқау ұйымдастырып,көшбасшылық қабілеттерін шыңдады. «Хор байқауы» мен «Домбыра party» әлеуметтік желіде қызу талқыланып, көпшіліктің жүрегінен орын тапты, дейді ұйымдастырушылар.
Сонымен қатар «Отандастар қоры» КеАҚ ұйымдастыруымен бастау алған «Жас қазақ» жазғы этнолагерінде «Мақал-мәтелдер» байқауы өтті. Байқау талабына сай балаларға арнайы тақырыптар берілді, сол бойынша бір-бірлерімен мақал айтып жарысты. Балалар келесі күні Қазақстан тарихы бойынша білімдерін тексеріп, тест тапсырмаларын орындады. Нәтижесінде, жүзден жүйрік атанғандар арнайы марапатталды.
Лагерь екі аптаға созылды. Биылғы маусымның жабылу салтанатында «Отандастар қоры» КеАҚ президенті
14 күн ішінде танымдық, шығармашылық, спорттық және ұлттық сипатта түрлі іс-шара өткізілген этнолагердің маңызына тоқталып, лагерьге қатысқан барлық оқушыға алғысын білдірді.
– Бүгін, міне, екі аптаға созылған жазғы этнолагерь өз мәресіне жетті. Табиғаты таңғажайып Бурабайда, Атажұрт Қазақстанда, туған Отан аясында өткізген осынау демалыс бәріңе ерекше көңіл күй мен ұмытылмас мол әсер сыйлады деп ойлаймын. Әлемнің 8 мемлекетінен келген қазақтар бір-біріңмен танысып, бір үйдің баласындай болып кеттіңдер. Ең бастысы, әлемнің қай жерінде жүрсеңдер де барлық қазақтың ұлы Отаны, арқа сүйер атажұрты – Қазақ елі бар екенін сезіндіңдер деп білемін, деді А.Сапарбекұлы.
Келесі болып сөз алған лагерь директоры Жания Исмағамбетова этнолагердің басымдығына баса көңіл бөліп, қандас оқушыларға тигізер пайдасын атап өтті.
– Құрметті балалар! Сіздер біздің үкілеп үміт артқан болашағымызсыздар. Сыртқы істер министрлігіне қарасты «Отандастар қорының» ұйымдастыруымен бастау алған «Жас қазақ» жобасының мазмұны мен тағылымы өте тереңде жатыр. Қаншама баланың басын қосып, Атамекенге әкеліп, ұлттық құндылықтарды дәріптеп жатыр, деп қорытындылады лагерь директоры.
«Жас қазақ» жазғы этнолагері дәстүрден жаңылмай келесі маусымда да дарынды балаларға ерекше демалыс сыйлайтын болады.