Таным • 19 Шілде, 2023

Отырар шырағданы

360 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Астанадағы Ұлттық музейге келушілер көне Отырар шаһарынан табылған шырағданға қызыға қарап, оның тарихын білуге құмартып тұрады.

Отырар шырағданы

Бұл бұйым Отырардың қыш шеберханасында жасалған. Қай ғасырға тән екені белгісіз. Бірақ оның сыртқы бейнесінен көне жәдігер екенін байқайсыз. Шырағданның сырты ақ түсті ангобпен көмкеріліп, көк түсті бояумен өрнектелген. Тұғырдың төменгі және жоғарғы бөлігінде көлденеңінен екі қатар қытай иероглифіне ұқсас өрнектер, ортаңғы бөлігінде екі айдаһар бейнеленген. Тұғыры трапеция пішінді, қимасы дөңгелек, табанының ішкі жағы қуыс, ернеуі ішке, сыртқа қарай доғалдана қайырылған, жиегі толқын тәрізді. Астыңғы бөлігінің диаметрі – 19 см, биіктігі – 27 см. Тұғырдың үстіңгі орталық алаңында шырақ орналасқан.

Отырар – қазақ жеріндегі ғана емес, Орта­лық Азиядағы байырғы шаһарлардың бірі. Тарихи деректерде адамдар онда V ғасырдан бастап тұрғандығы айтылады. Бұл кезеңде қала «Фараб» деп аталған. Ол да тегін емес. Әйгілі ғалым, ойшыл Әбу Насыр әл-Фараби бабамыз осында өмірге келген. Сондай-ақ Ұлы Жібек жолының керуендері осы қаланы басып өткен. Араб ғалымдары өз еңбектерінде Отырарды Орта­лық Азиядағы сауда мен мәдениеті дамы­ған шаһар деп бағалаған.