– Оразалы аға, еліміздің нарықтық экономикаға өту барысын зерттеген ғалымдардың бірісіз, ұлттық валютамыздың бұдан отыз жылдай бұрын айналымға енгізілуін ел егемендігінің белгісі әрі экономикамыздың тірегі деп білдік. Егемендікке енді ғана қол жеткізген еліміздегі сол кездерді еске түсірсек....
– Тәуелсіздік алғаннан кейінгі алғашқы жылдары біз кеңес рублін қолдандық. Ол кезде барлық салаға реформа керек еді. 1993 жылғы шілдеде Ресей Орталық банкі КСРО рублін айналымнан кеткеннен кейін ғана өзіміздің теңгеміз сол 15 қарашадан бастап айналымға енгені бар. Ұлттық валютамызды енгізу жөніндегі мемлекеттік комиссия құрамында Премьер-министр С.Терещенко, Қазақстанның вице-президенті Е.Асанбаев, Премьер-министрдің бірінші орынбасары Д.Сембаев, Ұлттық банк төрағасы Ғ.Байназаров, Қаржы министрі Е.Дербісов пен Экономика министрі Б.Ізтілеуов болды. Қазақстан Жоғары кеңесі экономика комитетінің төрағасы С.Тәкежанов теңгенің алғашқы тұсауын кескен еді. Ұлттық теңгеміздің тарихы мен оның жарыққа шығуы туралы көптеген мәліметтер бар. Оған тоқталмай-ақ қояйын. Ең алғаш шыққан банкноттарда халқымыздың белгілі саяси және мәдени қайраткерлері Құрманғазы, Сүйінбай, Шоқан Уәлиханов, Абай, Әбілхайыр мен Абылай хандардың кескіндері бейнеленген болатын. Бертін келе оларды да алып тастады. Бұл әрине дұрыс емес, әсіресе жастарымыз теңге арқылы терең тарихтағы тұлғаларды білгені дұрыс. Қажет болса, Ұлттық ғылым академиясы алқаларының бірі болып құрған, президенті, әлемге әйгілі ғалым академик Қаныш Сәтбаевтың, Әлкей Марғұлан мен Мұрат Әуезов сынды ғалымдардың бейнесін қолданса болар еді.
Алғашқы теңге жарыққа шыққанда ең үлкен номиналы 100 теңге болатын. Қазір 20 мың теңгелікке дейін бар. Осы 30 жылдың ішінде теңге долларға шаққанда 100 есеге жуық құнсызданды. Ұлттық теңгеміздің тұрақты болуы тәуелсіз мемлекетіміз үшін маңызды еді. Оның долларға шаққандағы құны 4,75 теңге болды. Дегенмен осы 1993 жыл біздің экономикамыз үшін ең ауыр жылды бастан өткерді. Себебі гиперинфляция басталып, инфляция деңгейі шарықтап, осындай қиын экономикалық кезеңде теңге айналымға шықты.
– Еліміз тәуелсіздігін алғанмен, экономикалық тұрғыдан тәуелсіздікке қол жеткізе алдық па, қалай ойлайсыз?
– Иә, шекарамызды бекіттік, етек-жеңімізді жинап саяси тәуелсіз ел болдық, бірақ экономикалық тұрғыдан тәуелсіз ел болдық деп айта алмаймыз. Ең өкініштісі, 30 жыл өтсе де демократиялық емес, бюрократиялық, олигархиялық, автократиялық шикізат елі болып келдік. Шикізат елі – әр уақытта қауқарсыз, тәуелді, кезекті әлемдік кризисте экономикасы күрт құлайтын ел. Айта берсе әңгіме көп, қарапайым халыққа сіздің саясатыңыз бен жалпы экономикаңыз, теңге де емес, қажеттісі – 30 жылдағы әр адамның күнкөрісі, өмір сүру деңгейінің жақсарғаны. Қазір халқымыздың 1/3 бөлігі кедейшіліктің күнін кешіп отыр. Бұл, әсіресе ауылда байқалады. Бәріміз де ауылдан шықтық, ауылға барсақ жүрегің ауырады, кедейшілік пен дәрменсіздік байқалады. Қазір бай мен кедейдің арасының 30 есеге дейін өскені туралы дерек бар. Заңсыз жекешелендірудің арқасында Қазақстанның 90% меншігі мен байлығы 1% байлардың қолында. Сыртқы қарызымызды қарасақ 157,3 млрд долларға жетіпті, бұл ішкі жалпы өнімнің (ІЖӨ) 90 пайызынан асып, өте қауіпті жағдайда тұр. Себебі мемлекеттің қарызы ІЖӨ 60%-нан аспаса ол ел экономикалық тәуелсіз ел деп аталады.
– Жеріміздің асты-үсті тұнып тұрған байлық десек те, өз байлығымыз өзімізге бұйыратын емес, себебі неде?
– Қазба байлығынан әлемдегі ең бай ел болса да 30 жылда егемен еліміздің экономикалық тұрғыдан неге өзін- өзі қамтамасыз ете алмады, шикізат экономикасы болып қалып қойды, тиімді экономикалық жүйе құра алмады, басқара алмады? Оның негізгі себептері, Үкімет шетелдік ақылшысымақтарды тыңдады, билік басындағылардан бастап коррупциялық, бюрократиялық, автократиялық жүйе құрды, мемлекеттік билік жүйесі экономика жағынан сауатсыз да болғаны бар. Бәрін нарық, базар шешеді, «мемлекет нарық экономикасына қатынаспасын» деген басшылардың айтқан жаңсақ пікірі бәрін бүлдірді. Теңгенің тек номианалды құны өсіп, өнім өндірісімен байланысы болмай, бұл жыл сайынғы инфляцияға алып келді. Бізде билік идеологияны өздерінің қажетіне қарай жүзеге асырды, ал жалпыхалықтық идеология болмады. Қоғамдық сананың даму деңгейі төмен, білімсіз қоғамға айналдық. Билік басына келгендер халықшыл, мемлекетшіл болудың орнына оларды сорды, өз қамын ойлап тек баюды көздеді. Премьер-министрден бастап министрлер, әкім, депутат, банк, тіпті билік жүйесінде ұсталмаған заңмен қудаланбаған сала жоқ.
– Сіздің ойыңызша, бұдан шығар жол қайда?
– Осы жерде айта кететін жайт, біз 30 жыл бойы мемлекетіміздің әлеуметтік-саяси, экономикалық құрылымын жасап келеміз. Ашығын айту керек, кеңес одағы құлаған соң, Қазақстан ең соңғы мемлекеттердің бірі болып егемендігін алды. Сол кездегі Жоғары кеңес президиумының мүшелері С.Такежанов екеуміздің Президент Н.Назарбаевқа айтқанымызға қарамастан, ұлттық теңгемізді де ең соңында қабылдадық. Президентіміз де, Үкімет пен Парламент те, партиялық сайлау жүйесі де бар, қазір сырттан қарасақ бәрі дұрыс сияқты.
Халық арасында жалпы психологиялық климат нашар, адами қасиет, патриоттық сезім, рухани-мәдени, ар-намыс, адамгершілік, жанашырлық, т.б. құндылықтан гөрі Абай айтпақшы, «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым, Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың...», ел арасында немқұрайдылық, наразылық, көре алмаушылық, агрессиялық күш алған. Бұл, әрине, халықтың тұрмыс-тіршілігінің нашарлығынан, қымбатшылықтан туады. Ірі кәсіпорындар болса, банкротқа түсті деген себеппен жекешелендіріліп, коррупциялық жолмен, елдің ырысы мен байлығы ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті.
Қазіргі әлемдік құбылмалы кезеңде ертең не боларын біліп-болжаудың өзі қиын. Ең бастысы, халықтың күнкөріс жағдайын, тыныс-тіршілігін қанағаттанарлық деңгейде ұстап тұру үшін теңгенің тұрақты болуы қажет. Теңгенің тұрақты болуына тікелей жауап беретін – Үкімет пен Ұлттық банк. Осылар теңгені нақты өндіріспен байланыстырып, тиімді жұмыс істеуі керек. Бұлар еліміздің Парламенті алдында теңге саясаты туралы есеп беріп отыруға тиіс.
Жалпы біздің ұлттық теңгеміз – ТМД елдерімен салыстырғанда тұрақты валюталардың бірі. Ол әрі қарай алтын-валюталық резервтердің өсуімен, экономикалық нығаюымен ұлттық әлемдік ауқымда да бұдан да бетер орнықты болады деген үмітіміз бар.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Гүлмира БАҒЫТҚЫЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»