Экономика • 20 Шілде, 2023

Ва-банкке бардық па?..

208 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі осыған дейін Қазақстанда жұмыс істейтін екінші деңгейлі 9 банк жабылатынын айтқан еді. «Қазіргі таңда Қазақстан нарығында 21 екінші деңгейлі банк жұмыс істейді. Бұл ретте 9 банк таратылу сатысында тұр. 2022 жылдың басынан бері Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі екінші деңгейлі банктің басшы қызметкері лауазымына 13 кандидатты бекітуден бас тартты. Бағалы қағаздар нарығында 49 субъект жұмыс істейді, ал 2022 жылдың басынан бері Агенттік басшы лауазымға 10 кандидатты бекітуден бас тартты», делінген хабарламада.

Ва-банкке бардық па?..

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Тағдыры шешілген тоғыз банк

Былтыр отандастар тарапынан банк және микроқаржы секторындағы ұйымдарының жұмысына қатысты 35 мыңнан аса өтініш түскен. Бұған қоса, аталған консультативтік құ­жатта елімізде мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қаржы қызметтеріне қолжетімділік деңгейі төмен екені жазылған.

«9 банк жабылады» деп атын дардай еткенімен, бұған дейін бұл банктер онсыз да жұмыс істемейтін. Мысалы, Валют-транзит банк, Астана банкі және Tengri Bank пен Qazaq Banki осы­дан бірнеше жыл бұрын жұмысын тоқ­тат­қан­ болатын. Тіпті осы банктердің салымшылары тиесілі ақшасын ала алмай,­ біраз шу шығарғанын әлі күнге дейін ұмытқан жоқ­пыз.

Бүгінде барлық таратылатын банк кре­диторларының талаптарын қанағат­тандыру дәрежесі әртүрлі сатыда.

Қазинвестбанк, Эксимбанк Қазақ­стан, Delta Bank тарату комиссия­лары депозитор-жеке тұлғаларға төленген кепілдік өтемақылар бо­йынша ҚДКҚ алдындағы, сондай-ақ ҚДКҚ-ның кепілдік төлемінің ең жоғары мөлшерінен асып түсетін депозиттер бойынша жеке тұлғалар алдындағы өз міндеттемелерін толық өтеді.

Қазір банктер кредитор-заң­ды­ тұлғалардың талаптарын қана­ғат­тандыру сатысында. 2021 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша, Қазинвестбанк заңды тұлғалар алдындағы талаптарды 5,8 пайызға немесе 6,3 млрд теңгеге, Эксимбанк Қазақстан 19,1 пайызға (2 млрд теңге) және Delta Bank мүлік кепілімен қамтамасыз етілген кредитордың алдында 15,9 пайызға (2,2 млрд теңге) қанағаттандырды.

Валют-транзит банк, Астана банкі, Qazaq Banki әрі Tengri Bank-тің тарату комиссиялары депозитор-жеке тұлғаларға төленген кепілдік өтемақысы бойынша ҚДКҚ алдындағы талаптарды қанағаттандыру сатысында. 2021 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша, Tengri Bank ҚДКҚ алдындағы талаптарды 87 пайызға немесе 15,4 млрд теңгеге, Валют-транзит банк 57 пайызға (10,4 млрд теңге), Астана банкі 43,9 пайызға (16,5 млрд теңге), Qazaq Banki 16,3 пайызға (3,3 млрд теңге) қанағаттандырды.

Қазір AsiaCredit Bank аралық теңгерімді қалыптастыруда, ал Capital Bank Kazakhstan істерді уақытша әкімшіліктен тарату комиссиясына беру бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Кейін осы банктер кредиторлар тізілімін қалыптастыру мен кредиторлар комитетін құру бойынша іс-шараларды жүзеге асырады.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі құжаттарды талқылау порталында 26 шілдеге дейін жалғасады.

 Банктер неге жабылып жатыр?

Агенттік дайындаған құжатта өтінімдерді талдау нәтижесінде қарыз алушының борыштық жүктеме коэф­фи­циентін дұрыс есептемеу, жасырын комиссияларды есептеу, сыйақы мөлшерлемесінің шекті мәндерін және жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін асыру, жалған тұтынушылық несиелер беру сияқты проблемалық мәселелер, нарық субъектілерінің жосықсыз әре­кеттері анықталғаны айтылған.

Агенттік енді заңнамалық деңгейде нормаларды енгізуді жоспарлап отыр, онда қаржы ұйымдарының халықпен жұмысының мінез-құлық стандарттары белгіленеді.

Атап айтқанда, банктерден тұтыну­шыларға қаржылық қызмет көрсету кезінде ақпаратты толық және сенімді ашуды талап ету ұсынылады. Агенттік сонымен қатар клиенттің (құпия сатып алушы) атын жамылған қаржы ұйымдарын тексеруді және оларға халықпен жұмыс істеуде мінез-құлық стандарттарын белгілеуді жоспарлап отыр.

Қазір ақшаны сандықта сақтайтын уақыт өткеннің еншісінде қалды. Жиған-тергенін банкте депозит түрінде сақтайтындар аз емес. Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры салымшыларға алаңдауға себеп жоғын айтып жатыр.

Еске салайық, 1990 жылдардың басында бір ғана Алматыда 200-ге жуық банк болған. Тәуелсіз Қазақстанның банк секторында түрлі-түрлі банк жұмыс істеген. Бәсекеге шыдағаны қалды, төзбегені тарих қойнауына жұтылып кетті. Тіпті кей банктердің атауын ұмытып та қалдық. Алғашқы уақытта қазақ-америка бірлескен банкін 2006 жылы «Сбербанк» сатып алды. 2010 жылдарға дейін жұмыс істеген ForteBank-тің тарихын Темірбанкпен байланыстырамыз, ал тарихын тереңдетсек Метрокомбанк тұр. Texakabank-тің бұрынғы акционерлері ресейлік Метробанк қожайындарымен бірігіп 2008 жылы банк ашқан. 2012 жылғы ребрендингтен соң ForteBank атанады. Бір жылдан соң Темірбанк пен Альянс банкті өзіне қосып алады. 1990 жылдардың ортасынан жұмыс істей бастаған «Казинкомбанк» 2011 жылы атауын Bank RBK деп өзгертеді. Қазіргі AsiaCredit Bank – 1992 жылы құрылған «Лариба банктің» мұрагері.

Тоқсаныншы жылдардың басынан бастап жұмыс істеген «Сенім банкі». 2013 жылы Qazaq Banki болып өзгерді, екі жылдан соң жабылып қалды.

Заманында дәуірлеген Казагро­пром­банк 2001 жылы «Наурыз банк» болып өзгерді, кейін ол да жабылып тынды.

 Банктердің жабылуы, бірігуі қалып­ты­ құбылыс десек те, көп жағдайда бұ­ған банк саласына қатысты заң мен рет­­теу­ші­нің талабын сақтамау себеп болады.

2016 жылы Қазақстан банкте­рі­нің рейтингі бірінші орында Қаз­ком­мерцбанктен басталып, Пәкістан Ұлттық банкінің еншілес ұйымымен 35-ші орында аяқталды. Одан кейін «Халық» активтері бойынша екінші орынды иеленсе, үшінші орынға ресейлік «Плюс Банк» ААҚ-ын сатып алумен айналысқан қазіргі «оқиғаның қаһарманы» – Цеснабанк ие болды.

2017 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бо­йынша Қазақстанның банк сек­то­­рындағы ЕДБ саны 34 еді. Сол кездегі мемлекет басшысы акционер­лер өз банктерін сақтағысы келсе, ақшаларына бәс тігуге тура келетінін, басқа амалдың жоқ екенін айтқан.

 Экономикаға құрылтайшы емес, қаржы керек...

Басқаша айтқанда экономикаға банктердің құрылтайшылары емес, қаражат қажет екені ашық айтылған. Осы оқиғадан кейін ЕДБ-ның қажет болса бұйрыққа бағынатын қабілетке ие екеніне көзіміз жетті. Банктердің жабылу үрдісі осы оқиғадан кейін қайта жаңғырды.

2014 жылы елімізде 38 банк жұмыс істесе, 2017 жылы – 32, 2020 жылы – 26, ал 2023 жылы 21 банк болды. Микронесие беру секторында­ 252 микроқаржы ұйымының микро­қар­жылық қызметті іске асыруға арналған лицензиясы бар. Бұл ретте 2022 жылдың басынан бастап 17 компания лицензия­сынан айырылды.

Жабылатын банк­тер тізімі:

  • Валют-транзит банк
  • Казинвестбанк
  • Delta Bank
  • Эксимбанк
  • Қазақстан
  • Астана банкі
  • Qazaq Banki
  • Tengri Bank
  • AsiaCredit Bank
  • CapitalBank
  • Kazakhstan

Жалпы, 2018 жыл банктер жаппай жабылған жыл болды. Эксимбанк, Qazaq Banki және Астана банкінің басына қара бұлт үйірілді. Әсіресе соңғы аталған банк көп соққыны бастан өткерген сияқты. Мамыр айының соңында бизнесмен Александр Клебанов директорлар кеңесінен шығып, оған ақпан айында ғана кірді. 2018 жылдың маусым айының ортасында Ұлттық банк «Астана Банкі» АҚ-ның жеке тұлғаларға жаңа депозиттер қабылдау және банк шоттарын ашу лицензиясын тоқтатты. Қыркүйекте банк лицензиясынан айырылып, қарашада сот арқылы таратылды. Түйіндеп айтқанда, тағы бір қаржы ұйымы ойыннан шығып, нарықтағы
28 банктің 27-сі ғана қалды.

«First Heartland Bank» АҚ 2019 жылдың маусым айында «First Heartland Jýsan Bank» АҚ (бұрынғы Цеснабанк) қосылды және First Heartland Bank тоқтатылды.

2020 жылға қарай Jýsan Bank активтері 1,33 трлн теңгені құрады және ол банктер рейтингінде 10-орынға ие болды. Оны «сатып алуға» келетін болсақ, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми деректері бо­йынша, 2020 жылдың 1 сәуірінде АТФ Банктің нормативтік капиталы 287,3 млрд теңгеге жетті, банк 1,43 трлн теңге активтерімен жүйеде алтыншы орында және Forbes Kazakhstan рейтингінде 9 орында. 2020 жылдың 18 қыркүйегінде Tengri Bank банктік және басқа да операцияларды жүргізу лицензиясынан айырылды. Сарапшылар 2017 жылдың басында қаржы инс­титуты Capital Bank Kazakhstan-ға қосылуды жоспарлағанын, бірақ мәміле жасалмағанын айтады. 2019 жылдың мамыр айында бірден Capital Bank және Asia CreditBank-ке қосылу туралы шешім қабылданды. Бірақ 2020 жылдың ақпанында Tengri Bank келісімнен бас тарту туралы шешім қабылдады. Осылайша, бес жыл ішінде мәжбүрлеп таратудың да, қосылу мен қосылудың да нәтижесінде Қазақстандағы банктердің саны 9-ға, яғни 35-тен 26-ға қысқарды.

Енді сол 26 банктің тоғызына нарықпен қоштасуға тура келіп тұр.

Өткен жылы қаржы саласына­ маманданған бірнеше ақпарат құра­лы­ 2023 жылы елімізде жаңа 3 банк­ құрылатынын жариялаған бола­тын. Тіпті кейбір ірі микроқаржы ұйым­да­рының жаңа мәртебе алатыны да ашық айтылған. 2023 жылдың алғашқы жартысы аяқталып қалса да ашылады деген жаңа банктерден әлі хабар жоқ. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің түсіндіруінше, елде жаңадан құрылған банктерге бір жыл бойы жеке тұлғалардың депозитін тартуға тыйым салынған. Ал банктер депозиттерді халық пен бизнеске несие түрінде таратып, табыс табады.

Сарапшылардың сөзінше, ЕДБ-ке айналудан үмітті микроқаржы ұйымдары салалық заңнаманың өзгеруін және жеңілдеуін күтіп отыр. Себебі жаңа банктердің ашылуына заңмен тежеп қойған кедергілердің бар екені жиі айтылатын. Қаржылық реттеу агенттігінің мамандары мұндай кемшіліктердің бар екенін ашық айтып отыр. Қолданыстағы заңнамада «өзектілігін» жоғалтқан өзге де талаптар жетерлік. Мысалы, «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» заңының 30-бабына сәйкес, жаңадан құрылған банктердің ашылғаннан кейін бір жыл бойы жеке тұлғалардың депозиттерін тартуға құқығы жоқ. Бұл тыйым банк­­тер бірінен соң бірі банкрот болып, депозиторлардың салымдарын қайтармау қаупі жоғары болған кезде, 2008 жылы енгізілді», деп түсіндірді қаржылық реттеу агенттігінің мамандары.

 «Косметикалық» түзетулердің кесірі тимей ме?

Енді тоғыз бірдей банктің нарықтан кетуі жаңа банктердің келуіне жол ашып отыр.

Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматовтың айтуынша, Ұлттық банк, Қаржылық реттеу агенттігімен бірлесіп, жекелеген банктердің саладағы үстем, доминанттық жағдайына қатысты проблеманы шешу мәселелерін қарастырады. Бұл үшін қаржы нары­ғындағы бәсекелестік күшейілетін болады. Ол шараның бірқатары жүзеге асырылыпты. Мысалы, Ұлттық банк басшысының мәліметінше, ірі микроқаржы ұйымдарын банкке конвертациялаудың жеңілдетілген тетігі енгізілді. Осы бағытта пікір білдірген сарапшылардың біразы түбегейлі жаңғыруларсыз жүргізілген «косметикалық» түзетулер тиісті нәтиже әпермей, кезекті көзбояу­шылыққа айналуы ықтимал екенін айтады.

Экономист Жарас Ахметовтің айтуынша, банктер санының бұлайша азаюы – жағымсыз үдеріс. Қазақстанға шетелдік банктер көп қызыға бермейді. Себебі нарық кеңістігі шектеулі, экономикасы әртараптандырылмаған. «Банк нарығындағы бәсекелестік деңгейі төмендеп барады, бұл жалпы экономика үшін зиянды. Қазақстанда несиелік ұйымдардың қажетті түрі жоқ», дейді сарапшы. Қолданбалы экономиканы зерттеу орталығының (AERC) қолданбалы зерттеулер департаментінің басшысы Диас Құмарбеков экономист Ахметовтің айтқанымен келіспейді. Оның айтуынша, бұл әңгіме көптен айтылып жүр. «Қазақстанға қанша банк қажет екенін айту мүмкін емес», дейді сарапшы.

Қанша банктің сұранысты қанағат­тан­дыра алатынын нарықтың өзі анықтайды. Сарапшылардың сөзіне сенсек, банктердің ортақ қателігі – ортақ өгізден оңаша бұзауды жөн көргендігі, яғни банк секторында жеке жұмыс істегісі келгені. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» екенін мойындағысы келмей, лицензиясынан айырылды. Мұндайда «бөлінгенді бөрі жейді» деген сөз де еске түседі екен...