Қоғам • 21 Шілде, 2023

Бала еңбегі - әлеуметтік әділетсіздік пе?

263 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазір каникул болған соң, көше кезіп, ойыншық, гүл, түрлі тәттілерді сатумен айналысқан, одан қалды мейрамхана, құрылыста жұмыс істеп жүрген жасөспірімдерді жиі кездестіруге болады. Әрине, баланы жастайынан еңбекке баулыған дұрыс. Бірақ олардың құқықтары қаншалықты сақталып жатыр? Бұл сұрақтың жауабын «Eqemen Qazaqstan» газетінің тілшісі  Зейін Ерғали іздеп көрді.

Бала еңбегі - әлеуметтік әділетсіздік пе?

Елорданың Ақмешіт көшесі­мен үйге қарай беттеген едік. Сағат түнгі 12-ге таяған шақ. Алдымнан бір құшақ гүл ұстаған 13-15 жас шамасындағы бала шыға қалды: «Мына раушандарды анаңызға апарыңыз. Небәрі 5000 теңге» деп қолындағысын ұсынды. Рахметімді айтып, өте бердім. Ертесіне дәл осы уақыт шамасында жаңағы бала тәттілерімен қарсы алды. Дүкен сөрелеріндегі бағадан әлдеқайда қымбат. Бұл жолы көңілін қимай, ақысын төлеп, біреуін сатып алдым. Кейін әңгімеге тарттым. Есімі Әли. Биыл 6-сыныпты бітіріпті. Үйінде төртеу екен. Анасы ауруханада. Әкесі осы маңдағы супермаркетте күзетші болып жұмыс істейді. Бауырлары ұйықтаған уақытта далаға шығып, сауда жасайтын көрінеді.

«Сыныптастарымның көбі осылай ақша тауып жүр. Бір досым жағалауда су сатады. Күніне 2-5 мың теңге арасында алады. Менде қызығып, әкемнен рұқсат сұрадым. Осы маңда ғана жүре­мін. Әкем сыртымнан қарап отырады. Тап­қа­нымды анашымның дәрі-дәрмегіне жұм­саймыз. Қалғанына керек затымды ала­мын. Үйде­гі­лерге қолымнан келгенше­ көмек­те­сіп жүрмін», деді 12 жастағы бала.

Осы тұста мақала авторын «Еркінен тыс болмағанымен, амалсыздан жең түрген кәмелетке толмағандарды қайтпекпіз?», «Мейрамхана мен тойханаларда даяшы болып, күнді таңға соғып жегіліп жұмыс істеп жүргендердің құқығы қалай қорғалады?» деген сұрақтар мазалады.

«Кәмелетке толмағандарға оқу­дан­­­ бос уақытында еңбек шарты­ жасал­­ған жағдайда денсаулыққа зиян келтір­мейтін және оқу процесін бұз­бай­тын жұмыстарды орындауға рұқ­сат­ етіледі. Құжат 14 жасқа толған кәме­летке толмаған адаммен, сондай-ақ ата-анасымен, қорғаншысымен, қам­қор­шысымен немесе асырап алушы­сы­мен жасалады. Сондай-ақ түнгі уақытта (22.00-ден 06.00-ге дейін), соны­мен қатар ауыр жұмыс істеуге, еңбек­ жағдайлары зиянды және (немесе) қауіпті жұмыстарды атқаруға, толық материалдық жауап­кершілікті жүк­теу­ге, вахталық әдіспен және қызмет уақы­тынан тыс мерзімде жұмыс істеуге ты­йым салынады. 18 жасқа толмаған қыз­мет­керлер үшін қысқартылған жұмыс уақыты белгіленеді: 14 жастан 16 жасқа дейін – аптасына 24 сағаттан, 16 жастан 18 жасқа дейін – 36 сағаттан аспайды. Кәме­летке толмағандардың құқықтарын: еңбек инспекциясы, прокуратура, білім бөлімі қорғайды. Бұл жұмыс берушілерге тиімді болмауы мүмкін. Бірақ жұмыс беруші қауіпсіздік ережелерін сақтауға, кәме­летке толма­ғандарға еңбек жағдайын жасау­ға, мерзімдерді бұзбауға және еңбек шартын жасасуға міндетті. Қазақстан Респуб­ликасының еңбек заңнамасын бұзғаны, оның ішінде балалар еңбегін пайдаланғаны үшін жұмыс берушілер әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Дегенмен жаз мезгілінде балалардың жұмыс істейтінін жиі көреміз. Бейресми түрде – ең төменгі жалақы үшін, өйткені жұмыс берушіге жұмыс күнінің толық құнын төлеу тиімсіз. Әдетте, бала еңбегі ересектерге қарағанда әлдеқайда арзан. Екінші жағынан, жасөспірім ашуланбайды, өйткені бұл қаражат оған жеткілікті. Осыдан он жыл бұрын «150» сенім телефонына балалар еңбегін пайдалануға қатысты өтініштер келіп түскен. Бүгінге дейін бізге ондай қоңыраулар түскен жоқ. Адамдар барлық қажетті ақпарат­пен қамтамасыз етілетін Еңбекті бақылау бөлімінен кеңес сұрай бастады», деді Президент жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі Зүлфия Байсақова.

Жалпы, дүниежүзінде әр оныншы жасөспірім еңбекке араласуға мәжбүр. Халықаралық Еңбек ұйымының бас директоры Жильбер Унгбо соңғы 20 жылда алғаш рет балалар еңбегін пайдаланудың артуы байқалғанын мәлімдеді.

«Бала еңбегі көбінесе ата-анасының нашар­лығы немесе қамқорлығын көрмей отыр деумен түсіндіріледі. Керісінше, бұл – әлеуметтік әділетсіздіктен туындап отыр. Балалар еңбегін шешудің ең тиімді жолы – отбасын қамтамасыз ету үшін ересектерге лайықты жұмыс орындары қажет. Бұған қоса балаларды әлеуметтік қорғауды күшейту керек», деді ол.