Қоғам • 21 Шілде, 2023

Мақаншыда туып, Мальдив аралдарында мал тауып жүрген қазақ қызы

21113 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақстан мен Мальдив Республикасының үкіметі өзара визалық талаптардан босату туралы келісімге қол қой­ған еді. Кейін екі ел арасында тұрақты әуе рейсі ашылды. Со­дан бері әлемнің әр түкпірінен туристер ағылатын Мальдивке бара­тын қазақстандықтар саны арта түсті. Бұл сөзімізге  дайвинг инст­руктор болып жұмыс істейтін отандасымыз Асыл Ерболатова да дәлел, деп хабарлайды Egemen.kz  turkystan.kz сайтына шыққан  Әлия Тілеужанқызының сұхбатына сілтеме жасап. 

Мақаншыда туып, Мальдив аралдарында мал тауып жүрген қазақ қызы

Асыл Ерболатова Абай облысы Мақаншы ауданына қа­расты Келдімұрат ауылының тумасы. Әкесі мал шаруашылығымен айналысса, анасы - бала тәрбиесіне баса назар аударған. Олар үш ағайынды, Асыл ортаншысы. Мектепті үздік тәмәмдаған. Кейін арман қуып Алматыға  ҚазҰУ-дың механика-математика факультетіне оқу­ға түскен. Оқуды бітіруіне екі ай уақыт қалғанда анасы өмірден озған. 

А

 

 

«Мұндай қайғы тіпті мы­қтының өзін қажытып, есеңгіретіп жі­бере­ді. Мен сондай кезеңді бастан өткердім. Ештеңеге құлшыныс болмады. Дегенмен бала кү­німнен дегеніме жетпей қоймайтынмын. Анам қайтыс болған соң басылып қалдым. Есім­ді жиып, еңсемді тіктеген соң кафеге кас­сир болып жұмысқа тұрдым. Сосын ту­рис­тік компанияда тур агенті болып жұмыс істе­дім. Сол жұмыста жүргенде бірінші рет шет­елге шықтым. Саяхаттаудың әсері мүлде бө­лек екенін сезіндім. Содан соң айналамның айт­қанына еріп, «мектепті қызылға бітірдім, ҚазҰУ-де оқыдым, лайық жұмыс істейін» деп есеп­ші болып жұмысқа тұрдым. Жалақым 80 мың теңге болса да, жинап-теріп, саяхатқа жиі шығуды мақсат еттім. Сол жиған ақшама Тайландқа саяхаттап қайттым», дейді Асыл. 

А

Бала кезінен табиғат аясында көп жүргенді ұнататын Асылдың алғашқы шет елге сапары көңілінен шықса керек. Сөйтіп ол басқа елде жұмыс істеуге бекінеді. Оның алғашқы жұмысы - Катарда респешнде болды. Асыл біраз уақыт өткен соң  ағылшын тілін жетік меңгерді. Алайда пандемия кезінде елге қайтып оралған. Қазақстанға келгеннен кейін аудармашы болуға әр түрлі мемлекеттерге түйіндемесін жіберген.   Мальдивтен компания хабарласып аудармашы болуға шақырған.  Табиғатынан у-шуды ұнатпайтын Асылға аралдағы жұмыс көңілінен шықты. Бұнда тек жұмыс, табиғат және спорт. Асыл өзінің  дайвинг инструктор болатынын мүлдем ойламағанын айтты. Бос уақытында снорк­линг­пен айналысып, маска және дем алу түтігін та­ғып алып, су астында жүзеді екен. Туристер кү­ніне бір рет қана жүзсе, ол  судан мүлдем шық­пай­тын көрінеді. Сөйтіп дайвингке деген қызығушылығы күннен-күнге артқан.

Арада бір жыл өткеннен кейін жұмыс берушімен арасындағы келісімшарт аяқталды. Жанындағы достарының кеңесімен Тайландқа барып 3 ай оқыған. Онда бірінші күні ар­найы  теориялық не­гіз­дерін  оқыған, екінші күні хауыз­да практикалық жаттығулар жасаған. Соңында тестілеуден өтіп, сертификат ал­ды. Жалпы, Мальдив аралдарында қо­нақ­үйлер дайв орталықтармен тығыз жұмыс істейді. Достарының ұсыны­сы­мен сонда еуропалықтар ашқан бір дайв ор­­­талыққа жұмысқа кірген. 

Асылдың айтуынша, дайвингтің пайдасы зор. Оны медитацияның бір түрі деп атасақ та болады. Әйтсе де қалтаны қағатыны тағы бар. Мысалы, Маль­див арал­да­рында бір сағатқа жал­ғасатын сүңгудің ба­ғасы екі жүз алпыс дол­лар тұрады.

Асыл көпшіліктің ойындағы «дайвинг қауіпті жұмыс» деген сөзді жоққа шығарды. 

«Көпшілігі су астында жүзіп жүрген акулалардан сес­кенуі мүмкін. Бірақ ондағы акулалардың еш­кімге зияны жоқ. Басында мен де үрейге бой алдырып, акула жоқ жаққа барып суға сүң­гитінмін. Сосын өз-өзімді «Асыл, сен кү­ніне неше рет сүңгіп жүрсің. Акулалар саған жолаған емес. Қорықпа» деп жұбатып, кейін оларды алыстан көргенде қорықпайтын болдым. Дайвинг инструктор қауіпті емес, қиын жұмыс деп айтар едім. Өйткені мұн­да суда жүзе алмайтындарды жиі кез­дес­тіресің. Оларды нөлден бастап үйрететін – сен. Сондықтан шыдамды болуың керек. Әрі сен жай ғана дайвинг инструктор емес, адам жанын түсінетін психолог бола білуің керек», деді Асыл. 

Жалпы, дайвинг бір сағатқа созылады. Дайвинг жасауға қолайлы нүктелерін таңдап алғаннан кейін, әуелі инструктор суға түсіп,  ағысын тексереді.  Әрі қарай туристермен бірге сүңгиді. Алғашында екі метр терең жерде сүңгісе, бірте-бірте одан да терең жерге барады. Көп жағдайда дайвингті алдымен хауызда үйренеді. Дегенмен бірден теңізге сүңгіп үйренгісі келетіндердің қатары көп. Олар шынайы атмосфераны сезінгісі келеді екен. 

А

Сонымен қатар Асыл «дайвинг тек ер адамдарға арналған» деген сөзді де жоққа шығарды. Аралда өзі сияқты нәзік жандылардың  көп екенін атап өтті. 

Сұхбат соңында Асыл Қазақстанға деген ыстық сағынышын айтып, болашақта елге оралып, дайвинг орталықтарын ашып бұл қызығушылығын кәсіп көзіне айналдырғысы келетінін атап өтті.