Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі мәлім еткендей, Қазақстан қыздар құрамасы жылжымалы нысана көздеуден (10 м) Украина спортшыларын шаң қаптырып, чемпион атанды.
Ел намысын қорғаған апалы-сіңлілі Зухра мен Фатима Ерназаровалар және Александра Сәдуақасова аталған жаттығуда ересектер арасындағы әлем рекордын жаңартты (1686 ұпай).
Осы сында еліміздің бозбалалар құрамасы украиналықтарға есе жіберіп, күміс медальға қол созды.
Құрама сапында Асадбек Назиркульев, Илья Зотеев, Даниил Яковенко бақ сынады.
Сонымен қатар жылжымалы нысана көздеуден жекелей сында Фатима Ерназарова екінші орынға көтерілді. Ол финалда украиналық Маркани Тарканиге (4-6) жол берді.
Фатиманың іріктеуде жинаған 572 ұпайы жасөспірімдер арасындағы жаңа әлем рекорды ретінде тіркелді.
Тағы бір отандасымыз Александра Сәдуақасова қола медаль үшін матчта украиналық Алина Ткаликтен жеңіліп қалды.
Ал Никита Чирюкин 25 метрден тапаншамен (стандарт) оқ атуда күміс жүлдеге ие болды (572 ұпай). Никита тек жарыс қожайыны Сук Жин Хонгқа есе жіберді (578 ұпай). Бұл Н.Чирюкиннің осы біріншіліктегі екінші медалі.