Аймақтар • 23 Шілде, 2023

«Жол мұраты» – біту

492 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Индустрия және инфра­құ­ры­лымдық даму министрі Марат Қарабаев Ұлытау облысында жұ­мыс сапарымен болды. Ол бір­қатар нысанды аралап, халық­­пен кездесті.

«Жол мұраты» – біту

Ұлытау өңіріне жаңа облыс ашылғалы үшінші мәрте табан тіреген министр бұл сапарында өзі басқаратын министрлікке қатысты мәселелерге нақты назар аударды. Сапар министрдің облыс орталығындағы әуежайды жаңғырту жоспарымен танысуымен басталды.

Қазір Жезқазған әуежайынан үш бағыт бойынша аптасына 16 рейс қатынайды. Жергілікті атқарушы органдардың ақпа­ра­тына сәйкес әуежайдың жасанды ұшып-қону жолағы мен перронын жаңғырту мақсатын­да жобалау-сметалық құжатта­ма әзірленіп, экологиялық және мемлекеттік сараптама жүр­гізілді. Жобаның құны 9,7 млрд теңге.

Жезқазған қаласы тұрғын­дарын таза ауыз су мәселесі қат­­ты толғандырады. Сондық­тан Марат Кәрімжанұлы осы мә­се­ленің қа­лай шешімін тауып­ жат­қанына баса көңіл бөлді. Рес­пуб­ликалық бюджет есебінен тү­йінді тарқа­ту мақсатында жал­пы құны 12 млрд теңгені құ­райтын екі жоба қолға алынған. Жұ­мыс жүріп жатыр. Сондай-ақ қалаішілік 298 шақырым құрайтын су құ­быр­­ы желілері де жаңа­ла­нуда. Бұл алдағы уақытта жез­қазғандықтарды сапалы ауыз су­мен қамтамасыз ету мәселесі ше­­шіледі деген үмітті күшейтті.

Еліміздің көптеген өңірі тә­різді Ұлытау облысында да, әсі­ресе Жезқазған, Сәтбаев қала­ларында алдағы қысқы жылу беру­ маусымына алаңдаушылық ба­сым. Жезқазған жылу-электр орталығы жұмысынан шілің­­гір шілдеде ши шықаны, айдың-күннің аманында екі мәрте сыр бергені халықты әрі-сәрі күйге түсірді. Мұның сыртында облыс орталығындағы тозығы жеткен жылу желілерін жаңалау да қажет. «Жезқазған қаласының жылу желілерін реконструкциялау және жаңғырту» жобасының жалпы құны 6 981 081 мың теңге. Бұл жобаға сәйкес 3,8 шақырым желіні жаңарту көзделген, ал биыл 0,8 шақырымдай аумақ­қа дейін жөнделеді деп жоспар­лан­ған. Аталған жобаны одан әрі іске асыру үшін 2023 жылы 2,6 млрд теңге көлемінде қосым­ша қа­ражатқа қажеттілік туын­дап отыр­ғанын білген министр бюд­жетті түзету және үнемдеу ке­зінде аталған соманы бөлуді қа­растыруға дайын екенін мәлім­деді.

Министрдің жұртшылық өкіл­­дерімен кездесуі ашық, бүк­пе­сіз өтті. «Барды бар, жоқ­ты жоқ деп айтайық», деген М.Қарабаев халық тарапы­нан көтерілген мәселелерді ықы­ласпен тыңдап, барынша түсі­нікті жауап қай­та­рып отырды. Көпшілік көптеген мәселе көтерді.

Ұлытау ауданынан кезде­суге арнайы келген аудан әкі­мінің орынбасары М.Оспанов бастаған бір топ азамат аудан­ға Шұбар­көл көмірін жеткізуде­гі өзекті мәселелерді қозғады. Министр бұл мәселені шешуге болатынын айтып, тиісті тапсырма берді. Бірақ жергілікті билік тарапынан жеткізілген көмірдің пайдалануына қатаң бақылау орнату керектігін де ескертті.

Облыс мәртебесін иеленгелі Жезқазғанның еліміздің басқа өңірлерімен қарым-қатынасы артты. Автокөлік, теміржол қа­тынасында ілгерілеушілік бар. Халық тарапынан Ұлытаудың оңтүстік өңірмен, атап айтқан­да Жезқазған – Шымкент әуе қаты­насын ашу туралы ұсынысқа Үкімет қолдау танытып, қазір рейсті субсидиялау мәселесі қа­рас­тырылып жатыр.

«Келесі жылдың басынан, тіпті, мүмкін осы жылдың қазан айынан бастап екі арадағы әуе қатынасы орнап қалуы мүмкін», деді министр.

Жезқазған – Қызылорда ­ав­­то­­­көлік жолы туралы да нақ­ты­лы жауап берілді.

«Екі арадағы жолдың Қызыл­орда жағында жұмыс қарқын­ды жүруде, келесі жылы бітеді. Бірақ Жезқазған жағының 208 ша­қырымына жөндеу әлі бас­талған жоқ. Неге? Жол құры­лы­­сын қаржыландыратын Азия Даму банкімен бірнеше мәрте келіссөз жүргізіліп, жақында нақ­­ты шешімге келдік. Банк жол­­ды жөндеуді 2 лот арқылы жүр­­гізуді ұсынды. Бұлай істесек, жол құрылысына отандық ком­паниялар қатыса алмайтын еді. Сондықтан 6 лотқа бөлу­ді ұсы­нып, осыған келістік. Екін­ші­ден, шетелдік мердігер же­ңімпаз атанса, жұмыстың 75 пайызын олардың өздері атқаруға тиіс деген талап қойдық. Өйткені әдетте шетелдіктер жеңімпаз атанады да, жұмысты біздің компаниялар арзанға атқарады. Бұған жол бермеу керек болды. Сосын инфляция жағдайын ескеруге де тура келді. Осы мәселелердің бәрі келісілді. Жуықта тендер жарияланады, тамыз аяғының соңына дейін мердігерлер анықталады. Президенттің тапсырмасы бар, тікелей бақылауында. Жол 2025 жылы толық аяқталатын бола­ды», деген Марат Қарабаев кө­ңілдегі көп күдікті тарқатып тастады.

Кездесу барысында жер бай­лығын шикізат күйінде шетке сата бермей, дайын өнімдер шы­ғару туралы да айтылды.

Министр бұл ретте көп нәрсе кәсіпкерлерге байланысты екені­не тоқталды. Мемлекет қолайлы жағдай тудыру бағытындағы шаралар қарастырады. Мысалы, мыс өндірісін алсақ. 2020 жылға де­йін мыс, қорғасын, т.б. ішкі нарық­қа шығарылмаған. Президент тапсырма беріп, «Өндіріс туралы» заң қабылданды. Осы заңға сәйкес өзіміздің өндірісшілер, кәсіпкерлер мысты, т.б. өңдеуге тапсырыс берсе, оларға әлемдік бағадан 5 пайыз төмендетілген бағамен сатылатын болып бел­гіленді. «Өндірісті қолдау» қо­ры құрылды. Қорда қомақты қаражат бар. Осы Қор арқылы кәсіпкерлерге 9 пайыздық несие беріледі. Демек мемлекет қаражат жағынан қолдауға әзір. Өнеркәсіпті өрге сүйреуге ниетті кәсіпкерлер керек.

Теміржол қатынасындағы түйткілді тұстар да, яғни қыз­мет сапасының сын көтер­мей­тіні, пойыздардың кеші­гуі, би­леттердің табыла қоймай­тын­дығы және т.б. мәселелер айтылмай қалмайды. Сондай-ақ нақты Ұлытау облысына қатысты мә­се­лелер кеңінен қозғалды. Кез­десудің үш сағаттан астам уақыт­қа созылғанының өзі-ақ көп нәрсені аңғартса керек.

Министрдің сапары Ұлытау облысындағы қордаланған мә­­се­­­лелердің көбінің шеші­мі та­бы­­латын тәрізді сенім ұялатты.