Заң • 24 Шілде, 2023

Құқық саласын цифрландыру: жеделдік пен сенім

299 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайынғы халыққа Жолдауларында қылмыстық үдерісті цифрлық нысанға көшіру қажеттігі туралы айтып келеді. Мәселен, 2021 жылғы халыққа Жолдауында қызметтің барлық бағыттарын цифрландыруға қатысты көп айтылған. Заманауи әлемде бәсекеге қабілеттіліктің басты факторларының бірі терең цифрландыру екендігіне ерекше назар аударылды.

Құқық саласын цифрландыру: жеделдік пен сенім

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Президенттің 2022 жылғы 1 қыр­күйек­тегі кезекті Жолдауында сот төрелігін жүзеге асырудың біріз­ді­­лігін қамтамасыз етуге арналған цифр­лық аналитикалық құралдарды әзір­леуге бағыт берілді. Алдымен, Қазақ­станның қылмыстық сот өндірі­сінің жүйесін цифрландыру қалай басталғанын түсіну қажет. Бұл жоба өте күрделі болғандықтан, оның бір сәтте жүзеге асырылуы мүмкін емес екені белгілі. 2009 жылғы тамызда Қазақстан Республикасының 2010-2020 жылдарға арналған құқықтық сая­сат тұжырымдамасы бекітілді. Бұл тұжырымдама қылмыстық заңнаманы дамыту мен жаңғыртудың бастамасы болды. Қылмыстық үдерісті одан әрі жетілдіру үшін Бас прокуратура азаматтардың арыздары мен хабарламаларын электронды түрде тіркеу бағдарламаларын әзірлеу бойынша ауқымды жұмыс жүргізді. Бұл «электрондық ААТК(КУЗИ)» және «электрондық талон» ретінде бастама алған болатын. Бүгінгі таңда Бас про­куратура «Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімі» деп аталатын орасан зор платформаны қол­данысқа енгізіп, ол іс жүзінде өзінің тиімділігін көрсетіп отыр.

Құқық қорғау саласы мамандарының пікірінше, СДТТБТ қылмыстық істі электронды форматта жүргізуде ғана емес, жалпы сот өндірісінің барысында өзін әмбебап құрал ретінде көрсетіп келеді. Ол ақпарат алмасудан бастап (іске тартылған тұлғалар туралы, соттылығы туралы анықтама, наркологиялық және психиатриялық есепке алу, мүліктің болу немесе болмауы, жұмыс орны туралы мәліметтер алу, т.б.), барлық қылмыстық істер бо­йынша бүкіл іс-шаралардың жүргізілуінің, сот сараптамасын тағайындаудың, қажетті материалдарды сарапшыларға қашықтан тапсыру және тағы басқа іс-шаралардың заңдылығын қадағалауды оңтайландыру сияқты көптеген функцияны қамтиды. Процессуалдық прокурор, қажет болған жағдайда кез келген уақытта, қылмыстық істің барлық материалдарымен қашықтықтан танысып, қосымша нұсқаулар бере алады және осы жүйе аясында жүргізілген тергеу әрекеттерінің заңдылығын қадағалайтын мүмкіндіктер де бар. Дегенмен цифрландыру тек СДТТБТ-мен ғана шектелмейді. Қазіргі уа­қытта Ақмола облысының Қосшы қала­сында және еліміздің астанасын­да қылмыстық істі жүргізудің жаңа нысандағы пилоттық жобасы жүзе­ге асы­рылып жатыр. Бұл жоба «Поли­цей­лік тергеу» деп аталады. Ол сотқа дейінгі тергеудің жеделдетілген, қыс­қартылған ең оңтайлы нұсқасы ретінде қаралып отыр. Полицейлік тергеу тергеп-тексерудің қысқартылған нысандарының басқа түрлерін алмас­тыра отырып, оңайландырылған ны­сан­дағы хаттама жүргізуді қам­ты­мақ. Сондай-ақ бейнетаспамен жүргізілетін хаттамалар да қолданысқа енгізілмек. Осы орайда құқық қорғау органдары көптеген құжаттарды толтырмай, құқық бұзушылықтың негізгі тұстары мен іздерін бекіте отырып, барлық іс-шараларды бейнетаспаға түсіреді. Бұл отандық заңнама үшін үлкен жаңашылдық екені сөзсіз. Бүгінге дейін процессуалдық құжаттарды толтыру барысында тергеудің одан әрі жүргізілуіне еш қатысы жоқ ұсақ-түйек, болымсыз тұстарын мұқият, тиянақты сипаттауға ерекше назар аударылып келген. Осы тұрғыда бейнехаттамалар құқық қорғау қызметкерлерінің хаттамаларға егжей-тегжейлі баяндама жасап, сипаттау жүргізбей-ақ, қылмыстық құқық бұзушылықтың барлық іздерін бекіту мүмкіндігін береді.

«Полицейлік тергеу» – бірінші кезекте іс мазмұнының қағаз нұсқасы мен бейнежазба нұсқасының арасындағы сәйкессіздік пен жалғандықты жоюға бағытталған жоба. Қылмыстық құқық бұзушылықтың дәлелі және оның ауырлығы маңызды факт. «Полицейлік тергеу» нысанында тек қылмыстық теріс қылықтар мен ауырлығы орташа және ауыр емес қылмыстар ғана тергеледі. Аса ауыр қылмыстар (мысалы, кісі өлтіру, зорлау және т.б.) дәс­түрлі нысанда, яғни алдын ала тер­геу нысанында жүргізіледі. Жоба­д­а­ғы маңызды жаңалықтың бірі – оқиға орнына келген бірінші полиция қызметкері тергеу жұмыстарын жүргізе береді. Бұл жаңашылдық іс бойынша дәлелдемелердің жоғалуына жол бермеу­ге бағытталған және келген қызметкер қабылданған ақпараттың негізгі көзі болады. Қылмыстық істің материалдары бір полиция қызметкерінен екінші қызметкерге берілмейді. Яғни оқиға орнына келген сәттен бастап, іс прокуратураға жіберілгенге дейін бір қызметкердің қолында болады.

Сондай-ақ 2022 жылдың 1 жел­тоқ­са­нынан бастап Ішкі істер ми­нистрлігі жүйесінде тағы бір жоба­ның жүзеге асырылып жатыр. Астана қаласы, Есіл ауданының ПБ құрамына 5 тергеуші, 5 жедел уәкіл және 1 сот-медициналық сарапшы кіретін, жалпы саны 11 адамнан тұратын мамандандырылған топ құрылған болатын. Қазіргі уақытта мұндай топтар Алматы, Шымкент, Қарағанды сияқты басқа да қалаларда құрылған. Олардың міндеті – интернет-алаяқтықпен байланысты қылмыстарды ашу және тергеу. Бұл жоба «Киберпол» деп аталады. Оның жұмысындағы негізгі басымдықтар жылдам әрекет етуге негізделген. Интернет-алаяқтық қылмыстарының салдарын жою үшін транзакциялар, ақша алу және басқа да маңызды ақпараттарды барынша жылдам алу қылмыстық істің жедел ашылуы­на әсер етеді. Мұндай істер­ді кез келген басқа бөлімшелердің тер­геу­шілері айналысса, тергеп-тексеру барысында материалдарды қабылдауға, тергеу тобын тағайындауға, жекелеген нұсқауларды дайындауға, екінші дең­гейдегі банктерге сұрау салу жібе­ру­ге және басқа да маңызды про­цессуалдық әрекеттерге көп уақыт ке­те­ді. Мұның барлығы шамамен бір аптаға созылады. Ал құрамында арнайы оқудан өткен, біліктілігін үнемі көтеріп отырған тергеушілер, жедел уәкілдер мен криминалистер бар «Киберпол» жедел-тергеу тобы осы кедергілердің бәрін айналып өтіп, тез әрекет етеді. «Киберпол» қызметінің нәтижесінде ұялы байланыс операторларымен (Tele-2, Kcell, Kar-Tel) және «Қазақтелеком» провайдерімен өзара ынтымақтастық туралы меморандумдар жасалды. Меморандум нәтижесінде олардың түскен сұрауға жылдам жа­уап беруіне және жедел ақпарат алуға мүмкіндік береді. Kolesa.kz, Krysha.kz, OLX сияқты танымал ғаламтор-платформаларымен өзара байланыс орнатылды. Құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік және өзге де органдардың ақпарат алмасу жүйесіне (СИОПСО) екінші дәрежелі 3 банк (Банк Центр Кредит, Халық Банкі және Жусан Банкі) біріктірілген. 2023 жылдың ақпан айындағы жағдай бойынша 60-тан астам қылмыстық іс ашылып, сотқа жол­данды.

Цифрлық кеңістік пен жоғары технологияларды дамытудың заманауи беталысын ескерсек, тек құқық қорғау органдары мен азаматтық ұйымдардың ғана емес, тұтастай мемлекеттің өзара ынтымақтастығын ұйымдастыру қажет. Сондай-ақ тәжірибе алмасу және ақпараттық технологияларды қолдану арқылы қылмыстарды тергеу үшін пайдалы тәжірибелерді қабылдау қажеттігі де уақыт талабы. Мысалы, Беларусь Республикасында ғаламтор желісіндегі қылмыстарды ашу және тергеумен айналысатын Кибер-полиция деп аталатын арнайы мекеме құрылған. Бұл бөлімше жоғалған немесе ұрланған телефондарды іздеумен айналыспайды. Ол тікелей ғаламтор желілерінде Беларусь азаматтарына қарсы жасалған қылмыстарды, яғни интернет-алаяқтық, деректерді ұрлау, ғаламтор желілері арқылы есірткі тарату сияқты құқық бұзу­шылықтарды ашу және тергеп-тексерумен шұғылданады. Осылайша, IT саласындағы қылмыстармен арнайы іріктелген және білікті қызметкерлер жұмыс жүргізеді.

Жалпы, еліміздің аумағында IT саласындағы қылмыстық құқық бұзу­шылықтардың артуына байланысты азаматтарды және олардың құқықтарын осы тектес қылмыстардан қорғайтын бір бөлім ғана емес, тұтастай бір мекеме құратын кез келгендігін мойындау қажет.