Экспорт • 25 Шілде, 2023

Көрші елге жүк экспорты артты

148 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алпауыт көршіміз Қытай елімен арадағы теміржол көлігі арқылы жасалған жүк экспорты өткен алты айда 37 пайызға артты. Бұл туралы «Қазақстан темір жолы» ҰК 2023 жылдың бірінші жартыжылдығын қорытындылаған жиында айтты.

Көрші елге жүк экспорты артты

Онда  қос елдің шекаралық те­мір­жолдарының жұмысы да қаралды. Биылғы жарты жылда Қазақстаннан Қытайға 8,3 млн тонна түрлі жүк жөнелтіліпті. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 37 пайызға артық.

Өткен жартыжылдықта астық  экспорты үш есеге, 1 млн тоннаға дейін, металл кені – 15 пайызға, 4 млн тоннаға дейін өскен. Оның ішінде 2,6 млн тоннасы – темір кені. Бұл – өткен жылғы қаңтар-маусым деңгейінен 25 пайызға  артық. Сонымен қатар 220 мың тонна түсті металл экспортталып, өткен жыл көрсеткішімен салыстырғанда өсім 55 пайызды құрады. Сондай-ақ өсімдік майын жөнелту 75 мың тоннаға дейін ұлғайып, өсім 70 пайызға дейін артты.

Қытайдан Қазақстанға жүк импорты 2023 жылғы қаңтар-маусымда 13 пайызға, 5,4 млн тоннаға дейін өсті. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда жеңіл автомобильдер – 13, құрылыс жүктері – 30, ал химиялық жүктер 5 пайызға көп импортталған.

Екі ел арасындағы теміржол көлігімен тасымалдау көлемі 13,7 млн тоннаны құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 26 пайызға артық.

Қос тараптың шекара маңы стансалары ұжымдарының бірлескен шаралары мен үйлесімді жұмысының нәтижесі Қытайдың шекара өткелдері арқылы теміржол көлігімен жүк тасымалдау көлемін ұлғайтуға ықпал етеді.