Аймақтар • 25 Шілде, 2023

Берекелі Жұмат ауылы

418 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Өрісі малға, қойнауы жанға толып, берекесі артқан Күркелі елінде, Алаш ардақтысы Жұмат Шанин туған ауылда дүбірлі той өтті. Бұл күні елді мекенде жастар орталығы мен асхана, ойын алаңдары ашылып, ауылдықтар қуанышқа бөленді.

Берекелі Жұмат ауылы

Биыл Жұмат Шанин ауылының құрылғанына 60 жыл толып отыр. Кеңес өкіметі жылдары мұнда ауыл шаруашылығы қуатты дамып, аумақта мал басы еселеп артып, егін өсіру, жем-шөп дайын­дауда зор жетістіктерге қол жеткізді. Мұның барлығы сол кездегі еңбекшіл аға буынның табандылығының арқа­сында келген еді.

Тәуелсіздіктен кейін өзге қазақ ауылдары сияқты тоқы­рау­ды өткерген мекен бүгін­де Алаш ардақтысының есімі­не сай түтінін түзетуге бет бұрған. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясын­да ауылға апаратын үлкен жолға асфальт төселіп, орталық­тан­дырылған ауызсу құбырын тар­­ту басталды. Жергілікті ақсақал Рат­бек Ашуев атап өткендей, ауыл жас­тары­н­ың ұйымшылдығы арқа­сын­да келелі істер атқарылуда. Жалпы, ұлт денсаулығының мықты болуы саламатты өмір салтына, спорт­қа байланысты екені бел­гілі. Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайынғы Жол­­­дау­­ларын­да балалар мен жас­тар­дың ден­саулығын жақсарту үшін да­мы­ған және қолжетімді спорт инфра­­құрылымының болуы ма­ңыз­­ды екеніне үнемі тоқталады. Әс­і­­ресе, ауылдық жерлерде спортты да­­мы­­туға көңіл бөлудің маңызы зор.

«Мемлекеттің көмегін күтіп отырмай-ақ, өздерінің күш-жігері­мен, адал еңбегімен жергілікті жас­тарды спортқа, саламатты өмір салтына баулып жүрген аза­мат­тарға қарап риза боламыз. Міне соның бір жарқын үлгісі – бүгінгі мерекеде ашылып отыр­ған жас­тар орталығы мен футбол және баскетбол алаңдары. Орталық ауыл жастарының спортпен, саламатты өмір салтымен тұрақты шұғылдануына мүмкіндік береді. Осы игі істің басы-қасында болған жандардың барлығының атын атап, түсін түстеудің қажеті шамалы. Ел онсыз да бұл азамат­тары­мыздың еңбегін жақсы біліп отыр» деп ризашылығын жет­кізді Ратбек ақсақал. Жаңа ашылған жастар орталығында келешекте күрес түрлері, үстел теннисі және спорттың өзге де түрлері үйретіліп, ауылдағы жас азаматтардың бос уақытын тиімді пайдалануға, олардың бойын теріс әдет­терден аулақ салуға жол ашады. Ғимарат жергілікті тұрғындар мен сырттағы қамқоршылардың жи­наған қаражатына бой көтерген.

Бұл күні халықты имандылық­қа ұйы­тып отырған ауылдық мешіт жанынан жаңа асха­на­ жұмысын бастады. Ауыл имамы Рүстем Әбди асхана ауыл тұр­ғын­дарының түрлі ас-жаб­ды­ғын өткізуге мүмкіндік береді дейді. Заманға сай жиһазбен, аспаз­дық жабдықтармен қамтыл­ған ғимарат Баянауылға танымал меценаттың қаржысына тұрғызылды.

Шілденің шіліңгір ыстығына қарамастан, алыстан ат терлетіп жеткен тойшыл қауымды ауыл жұрты үкілеп күтіп алды. Ауыл балалары бұл күні шағын футбол мен асық ату сайыстарына қатысып мәз-мейрам болса, жас­тар мен ересектер арқан тартыс, кір тасын көтеру, қазақ күресі, қа­шық­­тыққа жүгіру бәсекелерінде бақ сы­­нады. Жергілікті өнерпаздар мен сырт­­тан келген өнер иелері ұйым­­дас­­тырған мәдени шаралар да ел көң­і­­лінен шықты. Ауыл­дың тойы бәй­ге­сіз өткен бе, іргедегі «Бәйгетө­бе­де» кеш­кі­сін тұяғы жер тарпыған тұл­пар­­лардың өнеріне тәнті болдық.

Жұмат Шанин елді мекені – ұлылардың ізі мен сөзі қалған киелі өлке. Атақты әнші Жарыл­ғапберді Жұмабайұлы, қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби режиссер Жұмат Шанин, есімі қазаққа ғана емес, одаққа танымал өнер иелері Қали Байжанов, Ақыш Шанин, Атығай Шанин, Алаш қайраткерлері Сәлемхат Күленов пен Ахметолла Барлыбаев, атақты кентанушы, «тастың тілін түсінген қазақ» Қосым Пішенбаев осы мекенде дүниеге келген. Біздер құт-берекесі мен ынтымағы ұйыған ауыл азаматтарының бірлікшіл тірлігіне риза болып қайттық.