24 шілде - 24 тамыз аралығында өтетін тағылымдамаға арнайы іріктеуден өткен 25 жас таңдалды. Олар бір ай бойы «Хабар Агенттігі» АҚ, «Qazaqstan» АҚ, «QazContent» АҚ, «Қазақ газеттері» ЖШС секілді ірі медиа құрылымдарда тәжірибе жинайды.
«Қазақ газеттері» ЖШС құрамына кіретін «EgemenQazaqstan» газетінен тағылымдамадан өту үшін Батыс Қазақстан, Атырау, Қызылорда, Алматы қалаларында журналистика саласы бойынша білім алып жүрген 6 студент келді. Олар басылымның «Саясат және құқық», «Экономика және өндіріс», «Білім және ғылым», «Мәдениет және әдебиет», «Әлеумет және спорт» және «Интернет-редакция» бөлімдерінде тағылымдамадан өтетін болады.
Білімгерлермен арнайы кездескен «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры Дихан Қамзабекұлы оларға серіктестіктің жұмысы туралы баяндап, тағылымдаманың өнімді, пайдалы болуына тілектестік білдірді. Шығармашылық ұжыммен кездесуден кейін студенттер редакциямен танысты.
Айта кетейік, жобаның мақсаты – медиа және коммуникация бағытында білім алатын ЖОО-ның магистранттары мен студенттеріне тәжірибе жинау алаңын ұсына отырып, кәсіби және шығармашылық өсуіне ықпал ету.
Жобаның міндеті – медиа және коммуникация саласындағы заманауи бағыттарды үйрету, қатысушылардың журналистік дағдысын шыңдау,тәлімгерлер бекіту арқылы қатысушылардың кәсібилігін арттыру, тәжірибе алмасу, жас мамандардың шығармашылық және қоғамдық белсенділігін арттыру.
Тағылымдама барысында студенттер елімізге танымал медиа мамандарының дәрісін тыңдайтын болады.