Қостанай облысы полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері арнайы операция жүргізіп, облыс аумағында есірткі таратумен айналысқан 11 адамды ұстады.
«Полиция 58 келіден астам марихуананы тәркіледі. Мұндай ірі партияның қара нарықтағы құны 9 млн теңгеден асады», делінген хабарламада.
Ведомствоның мәліметінше, есірткі жалға алынған гаражда сақталған. Оны тарату үшін шағын орама жасап отырған.
«Қазіргі уақытта ҚР ҚІЖК-нің 128-бабы тәртібінде 5 күдікті уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Қалғандарына қатысты ешқайда кетпеу туралы қолхат беру түріндегі бұлтартпау шарасы қабылданды», деді Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Нұржан Ахметов.
Сонымен қатар ол ҚР ҚК 297-бабының 3-бөлігі бойынша басталған сотқа дейінгі тергеу аясында қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.