Коллаждарды жасаған Алмас МАНАП, «EQ»
Айтылған ойдың жаңғырығы
Сонымен өткен ғасырдың екінші жартысында еліміздің оңтүстік аймағын электрмен жабдықтау үшін қуаттылығы 4000 МВт Оңтүстік Қазақстан аймақтық электр стансасын салу жобасы дайындалып, көлдің батыс жағалауындағы Үлкен елді мекенінде құрылысы басталды. Одан кейін өнеркәсіп өндірісі күрт нашарлап, электр энергиясын тұтынудың төмендеуіне байланысты аталған жоба тоқтатылды.
Тоқсаныншы жылдардың соңында Қазақстан ядролық қоғамының президенті Владимир Школьниктің ұсынысы бойынша бұл жерді атом электр стансасының құрылысына пайдалану қажеттілігі туралы шешімі шығарылды. Бірақ еліміздің бірқатар экологтері бұған келіспеушіліктерін білдіріп, жобаны қайта қарауға шақырды. Содан біраз саябырсып қалған бұл мәселеге уақыт өте келе қайта оралып отырмыз.
Энергетиканы дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасына сәйкес, Үкімет 2007 жылы Оңтүстік Қазақстан құрылысына бұрын бөлінген және жартылай игерілген жер теліміне қуаты 3000 МВт-қа дейінгі Балқаш ЖЭС салу туралы шешім қабылдап, 2013 жылы құрылысына дайындық жүргізіле бастаған. Бірақ әртүрлі себептермен 2016 жылы оның да жұмысы тоқтатылды.
АЭС-тің қажеттілігі жөнінде 2000-жылдардан бері қаншама айтылып, ұсыныстар біраз талқыға түскенімен, тек өткен жылы ғана бір тоқтамға келгендей болдық. Мемлекет басшысы: «Таза атом энергиясы болмаса, бүкіл экономикамызды жоғалтамыз. Сол үшін Атом электр стансасы қажет», деп көптен тартысқа түсіп келе жатқан мәселеге нүктесін қойды.
Қалай десек те, қазіргі күні еліміздегі электр энергиясына деген тапшылық анық байқалып, оның үстіне бұрынғы көне стансалардың да істен шығуға шақ тұрғанын ескерсек, АЭС, әрине, керек! Мамандар одан шығатын шығарындылардың қоршаған ортаға әсері соншалықты аз екендігін айтады. Атом стансасының құрылысынан анадайдан үркіп, секемденетіндердің қарасы да сирей түсті. Жұрт жайлап түсіне де бастағандай...
Оның үстіне елдегі уран қоры әлемде алғашқы орында тұрғандығын мақтанышпен айтамыз. Бірақ оның пайдасы мен қызығын «жолын тауып» басқа ел көріп жатыр. Жер көлемі мен халық саны жағынан бізден әлдеқайда аз мемлекеттердің өзінде бір емес, бірнеше АЭС салынған. Ал бізде барлық мүмкіндік бола тұра, оны неге іске асырмасқа?
Жан-жақты зерттеп, зерделей келе былтыр АЭС-тің құрылысы түсетін орын белгілі болды. Ол – Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Үлкен елді мекені.
Қазақстанда қанша АЭС салынуға тиіс?
Бүгінде дүние жүзінде қуаты 391 ГВт-ты құрайтын 439 реактор жұмыс істейді. АЭС 32 елде бар, олардың арасынан АҚШ, Франция, Жапония және Үндістан көш бастайды. Қазір 19 елде қуаттылығы 55 ГВт болатын 52 реактор салынып жатыр. Сондықтан Үлкен ауылынан бөлек, болашақта екінші АЭС-ті – Курчатовта, үшіншісін Маңғыстау облысында салу жоспарланған.
Сонымен мамандардың пікіріне қарағанда, 2030 жылы электр энергиясына тапшылық 2,7 ГВт-қа жетуі мүмкін. Солтүстіктен оңтүстікке жөнелтілетін энергияны қайта айдау кезінде ауқымды бөлігі жоғалып, энергияның 50 пайызын шығын етеді екен. Оның үстіне генерациялайтын қуаттың негізгі бөлігін қолдану мерзімі 40 жылдан асып кеткен. Сондықтан энергетикалық жүйені модернизациялау мәселесі өзекті күйінде қалып тұр.
Сала мамандарына сөз берсек
Алматы облысы Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқарма басшысының орынбасары Руслан Утелбаев: «Аумағы 47 399 шаршы метрді құрайтын Алматы облысы, Жамбыл ауданының оңтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан Үлкен ауылының негізгі қызметі – балық өнімдерін өңдеу және өткізу. Олар оны тіпті, алыс-жақын шетелдерге де экспорттайды. Ауылдың коммуналдық қызметтері былай қалыптасқан:
Электр энергиясымен қамтамасыз ететін «Балқашэнерго-1» ЖШС мен Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Алматы облысы бойынша департаменті бекіткен тарифтер тұрмыстық 1 кВт – 17,5 теңге, электр қазандықтары 1 кВт үшін 8,63 теңгені құрайды. Электр қазандықтарының саны 36 болса, ол 24 көпқабатты тұрғын үйдің бірінші қабатында орналасқан.
«Үлкен су» тұтыну кооперативі ауыл тұрғындарына қызмет көрсетеді. Олар Үлкен ауылын сумен жабдықтау, қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару және ағынды суларды бұру жұмыстарымен 2004 жылдан бері айналысып келеді. Бір тұрғынға шаққандағы тариф айына 740 теңгені құрайды. Оның ішінде ауыз суға – 395 теңге (суды күнделікті тұтыну шектеусіз), су бұруға – 255 теңге, қатты тұрмыстық қалдықтарды шығаруға – 90 теңге төлейді. Су құбырының ұзындығы – 17,5 шақырым. «БЖЭС» АҚ аумағында UPPV – тазартылған ауыз суды орнату және су жинау бассейні, КНС-14 пен КНС-1 кәріз жүйелерінің ғимараты мен қондырғылары орналасқан. Жалпы, Үлкен ауылында орталықтандырылған жылу жүйесі жоқ», дейді маман.
Руслан Бейсенбайұлы қазір елімізде энергияның 70 пайызын көмір пайдаланатын жылу электр орталықтарынан алынатындығын және «Париж келісіміне» сәйкес, 2060 жылы одан бас тартуға тура келетіндігін ескерсек, атом стансасы парниктік газ шығындыларын азайтады, деп отыр. Ол сонымен қатар елімізде ара-тұра сезіліп отырған энергия дағдарысына байланысты солтүстік аймақтағы ахуал тұрақтылықты көрсеткенімен, оңтүстік өңірде тапшылықтың болуы халық санының көптігімен байланысты екенін де атап өтті.
Үлкен ауылындағы ахуал
Былтырғы жылы жергілікті бюджетке 9 072 млн теңге түсім түсіп, жоспарды 100% орындаған. Инфрақұрылым жағынан келгенде сумен жабдықтайтын 2 желі бар. Тұрғындар түгелдей 4 шақырымдық жерүсті көздерін пайдаланады. Сумен жабдықтау желісі де күрделі жөндеуді қажет етеді. Ауылды жылу және газбен жабдықтау жайы да мәз емес.
Кәріз желілерінің ұзындығы 4 шақырымды құрап, оған да күрделі жөндеу жүргізілуі тиіс. Тұрғындар жеке электр қазандықтарын пайдаланып, табиғи газ тартылмағандықтан, газ баллонды қолданады. 6 шақырымды құрайтын ауыл арасындағы жол да көңіл көншітпейді. Алматыдан Үлкен ауылына қатынайтын бір бағытта екі автобус қана бар.
Сарапшылар болжамы
«Париж келісіміне» сәйкес, екі жылдан кейін трансшекаралық көмір салығы енгізіледі. Бұл экономиканың бәсекеге қабілетсіздігін көрсетпек. Елімізде АЭС салынбаса, онда жоғары көміртекті энергетикамен қалады. Онсыз жасыл экономика мақсаттарына жету мүмкін емес», деген болатын «Қазақстан атом электр станциялары» ЖШС бас директоры Тимур Жантикин.
Салынуға тиіс екі блоктан тұратын қуаттылғы жоғары Атом электр стансасында білікті мамандар жұмыс істейтін болады. 2010-2022 жылдар аралығында еліміздің жоғары оқу орындары атом саласы үшін екі мыңнан аса бакалавр, мыңға таяу магистр және жүз елуге тарта доктор дайындаған. АЭС салынса, ғылыми-техникалық әлеуеті артып, жоғары білікті кадрлармен толығатындығы, құрылыс кезінде 8 мыңдай адам жұмыспен қамтылатындығы, одан бөлек елімізге инвестиция салатындар қатары артып, салық қоржынына шамамен 2,5-3 млрд АҚШ доллары түседі, деп «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС Жаңа ядролық және энергетикалық технологиялар бойынша бас менеджері Асуан Сиябеков өз ойымен бөлісті.