Төтенше жағдай • 27 Шілде, 2023

Алматы тауларында сел жүруі мүмкін

298 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

28 шілдеде Алматы тауларында сел жүру қаупі бар, деп хабарлайды Egemen.kz Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Алматы тауларында сел жүруі мүмкін

Фото: ҚР ТЖМ телеграм арнасы

28 шілдеде Алматы қаласында және оған іргелес таулы жерлерде кейде қатты жаңбыр, найзағай, бұршақ жауады деп болжанып отыр. Жалпы, соңғы 13 күнде қалыптасқан ауа температурасының жоғарылауына байланысты Алматы тауларында гляциалды (мұздық) және нөсерлі сипаттағы сел қаупінің жоғары дәрежесі байқалған. Гидрометеорологиялық және сел жағдайының талдауына сәйкес, қатты жаңбыр жауған кезде сел құбылыстары болуы мүмкін.

ТЖ министрінің нұсқауына сәйкес Алматы қаласында орналасқан құтқару бөлімшелері жоғары дайындық режиміне келтіріліп, ал әкімнің міндетін атқарушының өкімімен қалалық азаматтық қорғау қызметтері, аудандық әкімдіктер, азаматтық қорғау қызметтерінің авариялық-құтқару, инженерлік техникасы дайындыққа келтірілген.

Қазселденқорғау бөлімшелері сел қаупі бар учаскелерде бақылаудың жеделдетілген режиміне ауыстырылған, аэровизуалды және жергілікті бақылау жүргізіліп жатыр, инженерлік-техникалық қызметкерлердің тәулік бойы кезекшілігі бекітілді.

ТЖД-нің мәлімдемесіне сәйкес, туристерге, Алматы тұрғындары мен қонақтарына сел тасқынына қалып қалған жағдайда құтқарылуға мүмкіндік жоқ екені ескертіліп, сел тасқыны қаупіне байланысты Іле-Алатау тауларына бармау сұралған.

«Таудағы жағдай туралы бұқаралық ақпарат құралдарының хабарларын үнемі қадағалап отырыңыздар, егер қауіп төнсе немесе кенеттен сел болса, рельефтің ең биік нүктесіне көтеріліңіздер, демалуға тоқтамаңыздар және сел қауіпті каналдардың жанында, көл көпірлерінде (бөгеттерде), олардың астында лагерьлер құрмаңыздар. Естеріңізде болсын, сел ағынына түскен адамды құтқару мүмкін емес, сондықтан оған жақындамаңыздар», делінген хабарламада.