Компания басшылығы қолға алынып жатқан бұл шаралар көмірдің тапшылығы мен маусым кезінде туындайтын дүрбелеңді жояды деп мәлімдеп отыр. Былтыр «Шұбаркөл көміріне» кезек күткен жүк көлігінің саны 400-ге жетіп жығылып, олар үш тәулік бойы сонда түнеген болатын. Бұл бастама – сондай келеңсіздіктің болмауына кепіл.
Қарағанды облысына көмір 1 шахта 8 разрезден келеді. Облыста көмір саудалайтын 52 орын бар. Олардың орналасқан мекені туралы облыс әкімінің сайтынан білуге болады.
Жергілікті билік көмір жеткілікті екенін айтады. Дегенмен күзде кезек күтіп, қарбаласқа тап болмас үшін халыққа ерте қамдануды ұсынып отыр. Қазақстан бойынша былтыр, 2022 жылы 113,9 млн тонна көмір өндірілді. Биыл алты айда қазылған көмір көлемі – 54,6 млн тонна. Еліміз бойынша халық 9,3 млн тонна көмір тұтынса, бүгінде соның 3,3 млн тоннасы аймақтарға жеткізілді.
– Қарағанды облысындағы сұраныс – 1 млн 100 мың тонна. Көмірді негізгі жеткізуші – «Шұбаркөл көмір» АҚ, «Жалын» разрездері. Минстрлік тарапынан жүйелі шаралар қабылданды. Республика көлемінде автокөлікпен көмір экспорттауға рұқсат жоқ. Қазіргі таңда көмірді тек экспортқа көмір өндірушілер ғана шығара алады. Бұл орайда Үкіметтің қаулысы әзірленуде. Ондағы мақсат – делдалдарды жою, – дейді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Индустриялық даму комитетінің төрағасы Азамат Панбаев.
Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары Абзал Рахымбаев өңірлік операторларға тиісті ұсынымдар жолданғанын айтады. Онда көмір бағасы, қоры, жеткізілу мәселелері нақтыланған. Оның мәлімдеуінше, Қарағанды қаласы бойынша 20 оператор бар. Жергілікті «Рапид», «Exim Artis» ЖШС кен орындары да тікелей сатуды жоспарлаған.
Облыс басшылығы тұрғындарды қыстың қамын жаз ойлап, көмірді ертерек сатып алуға шақырады. Бұл – қыс түскенде көмір сататын орындардағы ұзын-сонар кезек пен қарбаласты болдырмау үшін керек.
Қарағанды нан комбинатының іргесіндегі «Крылов» сауда нүктесінде 30 мың тоннаға жуық көмір бар. Шахталардан отын тасып жатқан жүк вагондарының жұмысы кестеге сай, еш кедергісіз жүріп жатыр. Бірақ қақпа алдында жүк көліктерінің кезегі жоқ.
– Бұл – көмір әлі сатылымға шықпай жатыр деген сөз емес. Тек, жұрт әлі бейқам. Көбі қар жауып, қазан ұрғанда ғана қимылдайды, – дейді сауда нүктесінің директоры Владимир Крылов.
Пришахтинскінің түбіндегі «Армандар орындалады» деп аталатын сауда нүктесіндегі көмір мөлшері 15 мың тоннадан асады. Қамдану шаралары қалыпты жағдайда өтіп жатыр. Мұнда да моншақтай тізілген жүк көліктері жоқ. Әзірге тым-тырыс.
– Сондықтан биыл өңірде қатты отын жеткілікті деуге толықтай негіз бар. Ай сайын қажетті мөлшер жеткізілуде. Осакаровка мен Жарық стансасында қосымша нүктелер ашылды. Қазақстан бойынша көмірдің ең төменгі бағасы біздің облыста екен. Мәселен, сұранысқа ие «Шұбаркөл» көмірінің тоннасы өңірде – 13 400 теңге. Сапаға да бақылау орнатылған. Егер сатып алған отыныңыз сапасыз болса, тұтынушылар құқығын қорғау департаментіне бірден жүгіну керек, – дейді облыстық өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Дарын Бұлқайыр.
Жоғарыда атап өткеніміздей, «Шұбаркөл көмір» АҚ бас директоры Сергей Ким кәсіпорын аумағынан көмірді өз бетінше алып кетуге тыйым салынғанын ресми хабарлады. Мақсаты, атап өткеніміздей, көмірдің ел арасында қатқа айналуын жою.
– 2023 жылы биржалық сауда-саттық қорытындысында коммуналдық-тұрмыстық көмірді көтерме сатып алушы ретінде «Көмір гарант» ЖШС анықталды. Компания төрт отын пунктін құру туралы шешім қабылдады: екеуі – Ұлытау облысында, біреуі – Қостанай облысында және біреуі – Қарағанды облысының Осакаровка кентінде. Осы отын базаларына көмір жеткізу теміржол арқылы үздіксіз жүргізіледі. Сондай-ақ халыққа көмір жеткізетін жақын маңдағы 9 пункт бар, – дейді «Шұбаркөл Көмір» АҚ бас директоры Сергей Ким.
«Шұбаркөл Көмір» АҚ-ы 1 қаңтардан алып кету бекеттерінде бағаны 13 пайызға өсірген. Бұл баға кейінгі 5 жылда өспегенін айтады Сергей Ким. «Шұбаркөл» алаңында сұраныс күшейгенде былтыр 400-ге жуық көлік үш тәуліктеп кезекте тұрғаны мәлім. Осылайша, тиімсіз делдалдар коммуналдық-тұрмыстық таскөмірдің басым бөлігін эскпорттап, тапшылық туындауына себепші болған. Комитет төрағасы Азамат Панбаевтың айтуынша, енді көмір сыртқа теміржолмен ғана тасымалданады. Былтыр Түркістан, Жамбыл, Солтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстарына автокөлікпен көмір тасымалданған. Ал талдаулар ол көмірдің Жамбыл облысы арқылы Қырғызстанға, Түркістан облысынан Өзбекстанға өтіп кеткенін көрсетіпті. Сонда Өзбекстанға 30 пайызға, Қырғызстанға 20 пайызға көмір экспорты ұлғайған екен. Осылайша, кәсіпорын есебінен ортадағы делдалдар қалталарын қампитқан. Енді мұндайға жол жоқ.
Бұрынғыша разрездің маңайындағы 100 шақырымда орналасқан ауыл-аймақтың бәрі тегін көмірмен қамтылады.
Қасымхан ҒАЛЫМ,
«Egemen Qazaqstan»