Мердігерлердің жауапсыздығына қатысты сорақылықтың көкесін былтыр көргенбіз. Жаңарту бағдарламасына іліккен 46 мектептің 17-сінде жөндеу жұмыстары уақтылы аяқталмай, көптеген ауылдың оқушылары күзде мәдениет үйі мен бастауышқа арналған аядай ғана ғимараттарда білім алуға мәжбүр болған. Өңірдің білім беру басқармасы жөндеуді мерзімінде аяқтай алмаған мердігерлер бойынша сотқа 20-дан аса талап-арыз бергенімен, жағдайды дұрыстай алмады. Кейбір білім беру ұйымындағы жұмыстар қысқа дейін жалғасқан.
Жергілікті жауапты органдар былтырғы жағдайдан тиісті сабақ алмағандай. Қазірдің өзінде облыс бойынша үш бірдей мектептегі күрделі жөндеу жұмыстары кестеден айтарлықтай қалып қойған. Жаңа оқу жылы басталуға бір айдай уақыт қана қалғанын ескерсек, нысандардың мерзімінде тапсырылатынына күмән мол.
Шарбақты ауданының Жаңауыл, Хмельницкий және Павлодар қаласының №5 мектептерін күрделі жөндеуге қазынадан 340 млн теңге бөлінген екен. Бұл үш жоба да кешігіп жатыр. Бұған қоса Павлодар ауданының Сычёвка аталатын елді мекеніндегі жаңа мектептің құрылысы да конкурсты жеңіп алған фирманың жауапсыздығынан ақсап тұр. Ал Железин ауданының Моисеевка және Баянауылдың Қаражар ауылдарындағы жаңа білім беру ордаларының құрылысы ойдағыдай жүргізіліп жатыр.
Өңірлік қаржы басқармасының басшысы Жеңіс Шақатовтың мәліметінше, Павлодар қаласында салынып жатқан (жоба құны – 331 млн теңге) шаңғы және биатлон ғимаратының құрылысы, Баянауылдың Бірлік, Егіндібұлақ, Ұзынбұлақ ауылдарына тартылып жатқан көше жарықтары жүйесі уақытында аяқталмайтыны да анықталып отыр. Ақтоғай ауданының Қараоба ауылындағы жаңа денешынықтыру-сауықтыру кешені мен Баянауылдың Жұмат Шанин атындағы елді мекеніндегі орталықтандырылған ауыз су жүйесі де биыл іске қосылмайтыны анық дейді ол.
– 2021 жылы Жұмат Шанинге су құбырын тарту бойынша мемлекеттік конкурсты «Көлсай Строй» деген компания ұтып алады. Сонау Алматы қаласында орналасқан бұл мердігер ақыр аяғы жауапсыздау болып шықты. 2021 жылы бюджеттен бөлінген 394 млн теңгенің небәрі 8,5 млн теңгесін игеріп, жұмысты тастай қашқан. Сондағы сылтауы – ауылдың сол жақ бөлігі орналасқан жердің топырақ жынысы қатты, тас көп, техникаларымыз өте көп қиындықпен алып жатыр, бөлінген қаражат жетпейді деп жалтарды. «Су құбырын қайта құру» жобасын мердігер қайта түзетіп, қаражат қосуды талап етті. Сөйтіп, оның зардабын тағы халық тартып, су құбырын жаңарту ісі тағы екі жылға шегерілген, дейді Ж.Шақатов.
Баянауыл ауданының әкімдігі былтыр көктемде жобаны орта жолда қалдырып кеткені үшін фирманы сотқа берді. Алайда Павлодар облысының ауданаралық соты талап-арызды қанағаттандырудан бас тартып, апелляциялық шағымды да кейін ысырған. Ал «Көлсай Строй» ЖШС-ға жұмысты шілде айында жалғастыруға тиіс деген талон-хабарлама берілді. Бірақ компания тағы өз жауапсыздығын көрсетіп, жер қазу шараларына тек 25 қыркүйекте кіріседі. Қыс бойы жұмысы тоқтап тұрған фирма биыл көктемде тағы кешігіп бастаған. Соның салдарынан алдағы күзде жоспарлы су құбыры іске қосылмайтыны байқалуда. Ауыл тұрғындары биыл тағы сапалы ауыз суға қол жеткізе алмай соры қайнап отыр.