Күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Солтүстік Еуропаның бірқатар мемлекетінде болған Құранды өртеу актілеріне қатысты пікір білдірді. Президент бұл қадам қазіргі әлемдегі жағдайды шиеленістіруге, халықтар мен мемлекеттер арасындағы сенімге нұқсан келтіруге бағытталған арандатушылық әрекет деп санайды.
Мемлекет басшысының пікірінше, жиілеп кеткен діни вандализм мен аталған елдер азаматтарының жауапсыз әрекеті мемлекеттер мен діндердің бейбіт қатар өмір сүруіне кері әсерін тигізеді. Бұл жалпыға ортақ нормаларға қайшы келетін акциялар ретінде бірауыздан айыпталуға тиіс. БҰҰ Бас Ассамблеясы да бұл мәселеге қатысты өз ұстанымын білдіруі керек.
Өткен аптада Копенгагенде әсіреоңшыл шерушілер Мысыр және Түркия елшілігінің алдында Құранды өртеді. Бұл акцияны өздерін «Дат патриоттары» деп атайтын топ ұйымдастырды. Оның алдында ғана Ирак елшілігінің алдына барып, Facebook желісінде тікелей эфирде Құран өртеген еді. Швецияда да осындай жағдай қайталанған-тұғын.
Түркия мен Ирак Қасиетті кітаптың өртенуін айыптаса, Йемен секілді мұсылмандар көп елдерде адамдар көшеге шығып, наразылық білдірді. Бағдадта жүздеген шеруші бұған жауап ретінде Ирактағы Швеция елшілігіне басып кірді. Сондай-ақ Дания елшілігіне де шабуылдауға тырысқан, алайда қауіпсіздік күштері оларды тоқтатып үлгерді.
Ресми Анкара Даниядан қиямпұрыстардың әрекетіне жол бермеуге шақырды. Мысыр билігі оқиғадан кейін Швецияның уақытша сенімді өкілінен жауап беруін талап еткен. Ал Ирак өткен бейсенбіде Швеция елшісін елден кетуін талап етті. Сондай-ақ Даниядағы елшілігі қызметкерлері елге оралатынын мәлімдеді.
Швеция мен Дания үкіметі Құранды өртеу оқиғасын айыптайтынын жеткізді. «Құранды немесе кез келген басқа қасиетті жазбаны қорлау, құрметтемеу және арандатушылық екені анық», деді Швеция Сыртқы істер министрі Тобиас Биллстрем.
Дания Сыртқы істер министрі Ларс Локке Расмуссеннің Twitter-дегі парақшасында Ирактың Сыртқы істер министрі Фуад Хусейнмен осы мәселеге қатысты пікір алмасқанын жазды.
Осы оқиғаға қатысты Еуропалық одақтың Сыртқы істер және қауіпсіздік жөніндегі жоғарғы өкілі Жозеп Боррелл пікір білдіріп, Құранды өртеу акцияларын айыптады. Оның айтуынша, Ислам дінінің Қасиетті кітабын өртеу – қорлау, құрметтемеу және айқын арандатушылық.
«Әртүрлілік пен діни татулық Еуропалық одақтың негізгі құндылығы саналады. Нәсілшілдік, ксенофобия және басқа да қорлауға орын жоқ», деді Ж.Боррелл.
Осы орайда айта кеткен жөн, Қазақстан дінаралық және конфессияаралық татулықты басты ұстаным санайды. Еліміз Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездерін өткізуге бастамашы болды. Аталған форум дәстүрлі діндер мен конфессиялардың көрнекті өкілдері арасындағы тиімді әрі табысты диалог алаңына айналды.
Жер жаһанның дін басшылары жиналған алғашқы съезд 2003 жылдың 23-24 қыркүйегінде Астана қаласында өтті. Іргелі жиын кезінде елордадағы дөңгелек үстел басына әлемдік ірі конфессия өкілдерін бетпе-бет жинады. Бұл қалыптан тыс форматы мен мәні жөнінен бірегей, шынында да ғаламдық деңгейдегі оқиға болды.
Келесі кездесу үш жылдан кейін Астанада, съезд өткізуге арнайы салынған Бейбітшілік және келісім сарайында өтті. Жиынға әлемнің 26 елінен 29 діни делегация қатысты. Съезде «Дінаралық диалог принципі» және қақтығыстарды болдырмауға шақыру Декларациясы қабылданды.
Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының ІІІ съезі 2009 жылдың маусым айында өтті. Шартараптың 35 елінен келген 77 делегация қатысқан жиында халықаралық қоғамдастықты шынайы дінаралық диалог орнату үшін діни көшбасшылардың күш-жігерін қолдауға ықпал етуге шақырған үндеу қабылданды.
2012 жылғы 30-31 мамырда өткен Әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшыларының IV съезіне 40 елден келген 85 делегация қатысты. Форумның басты тақырыбы – «Бейбітшілік пен келісім – адамзаттың таңдауы». Іс-шара кезінде гуманитарлық форумдар мен ынтымақтастыққа бағытталған Дін көшбасшыларының кеңесі жұмысын бастады. Съездің қорытындысы бойынша жарияланған Үндеуде дін көшбасшылары бүкіл адамзатты болашақ өмір үшін өзара бірлікке, татулық пен бейбітшілікті сақтауға, әділдік пен жасампаздыққа шақырды.
2015 жылғы 10-11 маусымда өткен Әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшыларының V съезіне мүйізі қарағайдай көшбасшылар жиналды. Астанада БҰҰ-ның бас хатшысы Пан Ги Мун, Иордания королі Абдалла II, Финляндия президенті Саули Нийнисте, ЕҚЫҰ бас хатшысы Ламберто Заньер, ИЫҰ бас хатшысы Ияд бен Амин Мадани және өзге де саясаткерлер, дін және қоғам қайраткерлері жиналды. Съезге барлығы 42 елден 80-ге жуық делегация келді.
Кезекті съезд 2018 жылы 10-11 қазан күндері Астана қаласында өтті. «Діни лидерлер қауіпсіз әлем үшін» тақырыбында ұйымдастырылған жиынға саяси қайраткерлер мен халықаралық ұйым өкілдерінен құралған 46 елден келген 82 делегация қатысты. Жиында қабылданған Декларацияда форум қатысушылары ұзақмерзімді тұрақтылыққа қол жеткізу және өшпенділік пен төзімсіздіктен туындаған күштеп жасалатын әрекеттердің алдын алу жөнінде күш-жігер қосуға Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларын барынша тартуға әзір екенін жеткізді.
Былтыр Астанада кезекті жиын өткені белгілі. Съезд қорытындысы бойынша Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезінің Декларациясы қабылданды. 35 тармақтан тұратын құжатта қазіргі таңдағы жаһандық проблемалар барынша қамтылған.
Қорыта айтқанда, Қазақстан жер-жаһанда дінаралық татулықты ілгерілетуге мол үлес қосып жүр десек, артық айтқандық емес. Онсыз да сабыры қашқан әлемді тыныштыққа шақырудың орнына түрлі құйтырқы әрекетпен берекесін алатындардың табылатыны өкінішті-ақ.