Фото: Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі, оның ішінде Астанадағы тұрақтылық пен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге ерекше назар аударады.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша осы жылдың 1 қаңтарынан бастап вандализм актілері, қоғамдық және жеке мүлікті бүлдіргені үшін жаза қатаңдатылды.
Президент 3 қаңтарда Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне тиісті түзетулерге қол қойды. Мәселен, залал 200 АЕК-тен (690 мың теңге) аспайтын бөтен мүлікті қасақана бүлдіргені үшін әкімшілік жауапкершілік (ҚР ӘҚБтК 147-1-бабы) енгізілді.
Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты мәлім еткендей, жоғарыда аталған бап бойынша осы жылдың басынан бері 29 құқық бұзушылық анықталған. Мәселен, мамыр айында Ш.Қосшығұлұлы көшесіндегі №10 үйдің жанында қала тұрғыны бөтен мүлікті қасақана бүлдіріп, шлагбаумды майыстырып кеткен. Сот оны әкімшілік жауапкершілікке тартып, 20 АЕК айыппұл салған.
«Нөлдік төзімділік» қағидатын іске асыру аясында биыл Астанада алты ай ішінде ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабы «Ұсақ бұзақылық» бойынша 555 хаттама толтырылған.
Елорда әкімдігі мен полиция азаматтарды қоғамдық тәртіпті сақтауға және қала мүлкіне зиян келтірмеуге шақырады.
Айта кетелік, кеше елорданың волонтерлері қаланың көрікті орындарының бірі – «Атырау көпірін» түрлі граффитилерден тазартты.