“Қазақстан-2030” Стратегиясында Елбасының “Біз заңға абсолютті үстемдік және заңды сыйлаушы азаматтарды қылмыстан қорғауды белгілеуге міндеттіміз” деген талабы қойылған. Қаржы полициясының тәуелсіз Қазақстан Республикасының экономикалық қауіпсіздігін қорғаудағы 16 жылдық сенімді қызметі осы стратегиялық міндетті шешуге бағытталған.
Бұл жұмыстың шежіресі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1994 жылғы 6 маусымдағы қаулысымен Қаржы министрлігі салық қызметінің құрамындағы кішігірім Салық милициясы басқармасынан, бір жылдан кейін салық полициясы болып қайта аталған органнан бастау алады.
Құқық қорғау органы өкілеттіктеріне ие салық полициясы сияқты арнайы құрылымның құрылуы Қазақстан Республикасының көлеңкелі экономика мен қылмыстық бизнестің пайда болуына әкелген нарықтық қатынастарға көшуі, сондай-ақ бюджетке төленетін салықтар төлеуден жалтаруы, салық қызметі органдарымен қаржылық жазалау шараларын қолдану арқылы салық құқық бұзушылықтарына қарсы күрес әдістері тиімділігінің төмен болуымен байланысты еді.
Алғашқыда салық полициясының өкілеттігі тек салық төлемеумен байланысты қылмыстар туралы істер бойынша алдын ала тергеу жүргізу және анықтау бойынша жедел-іздестіру қызметін жүргізу құқығымен шектелді. Дегенмен, салық полициясының құзыреті біртіндеп кеңейе бастады, құқық қорғау жүйесінде аталмыш органның рөлі өсті.
1998 жылы Қаржы министрлігі Салық полициясы департаменті мен ІІМ Экономикалық қылмыстар департаментінің негізінде Қаржы министрлігі Салық полициясы комитеті құрылуының маңызы ерекше.
Үш жылдан кейін, 2001 жылғы 22 қаңтарда Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Салық полициясы комитетінің негізінде экономика және қаржы қызметі саласындағы қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу, анықтау және жолын кесу жөніндегі міндеттер жүктелген, Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрамына кірмейтін жеке Қаржы полициясы агенттігі құрылды. Ел басшысының құқық қорғау органдары қызметіндегі қосарланушылықты жойып, экономикалық және сыбайлас жемқорлық саласындағы қылмыстың араласуына қарсы күрес тиімділігін арттыру мақсатында өзара тығыз байланыстағы экономикалық және қаржы, сонымен қатар сыбайлас жемқорлық саласындағы қылмыстармен күресті арнайы өкілетті органға бөлуі қаржы полициясы органдары үшін орайлы оқиға болды. Осының негізінде әлемдік тәжірибеге байланысты 2003 жылдың 23 желтоқсанында Қазақстан Республикасы Қаржы полициясы агенттігі экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыстардың айқындалуы және тергелуі бойынша Ішкі істер министрлігінің өкілеттігі мен функциялары берілген Қазақстан Республикасы Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі (қаржы полициясы) болып қайта құрылды.
Бүгінгі таңда сыбайлас жемқорлық қылмыстарды тергеу бойынша өкілеттілік қаржы полициясы органдарына заңды түрде бекітілген.
Нәтиже өте жақсы дей аламыз. Дәлелдер келтірейік.
Тек алғашқы жылдың өзінде Агенттік 999 сыбайлас жемқорлық қылмыстың жолын кесті. Бұл Қаржы полициясы агенттігінің бөлімшелері мен Ішкі істер министрлігінің 9 департаментінің барлығын қосқандағы 2003 жылғы жылдық көрсеткішінен (686) бір жарым есе көп. 2005 жылы Қаржы полициясы органдарының сыбайлас жемқорлық қылмыстарды ашуы 26 пайызға (999-дан 1260-қа дейін) өсті. Құқық қорғау органдары оның ішінде Агенттіктің сыбайлас жемқорлық қылмыстарды ашуының жалпы саны 2003 жылы 18,6 пайызға, 2005 жылы 83,7 пайызға өскен.
2005 жылы 25 ақпанда Президент Жарлығымен Қазақстан Республикасы Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жеқорлыққа қарсы күрес агенттігі Қазақстан Республикасы Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік орган етіп өзгерту жолымен қайта ұйымдастырылуы – Қаржы полициясының тарихындағы елеулі кезең.
Қаржы полициясы іс жүзінде азаматтардың бостандығы мен конституциялық құқығының қорғалуы, елдің экономикалық қауіпсіздігінің күшеюі, сыбайлас жемқорлық деңгейінің төмендеуі мен көлеңкелі экономикамен күрестің нақты құралына айнала білді. Өткен аз ғана уақыт ішінде бұл қызмет түрінің әлеуеті едәуір дамып, онда құрылымдық және кадрлық өзгертулер болды, қойылған міндеттер аясы да кеңейді. Бүгінгі таңда Қаржы полициясы – өз қызметінің тиімділігі мен нәтижелілігін дамытуға қабілетті және экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың барлық қырларымен күресті жүргізетін әрі 2006-2010 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асырып, үйлестіруші болып табылатын, арнайы мамандандырылған, ұшқыр және сапалы кадрлық құрамы бар, жақсы жабдықталған құқық қорғау органы.
Агенттік құрамында аймақаралық бөлімшелері құрылған аумақтық департаменттер, сонымен қатар қаржы полициясы органдары мен кеден қызметі үшін кадрларды дайындайтын, экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыстармен күрестің өзекті мәселелері бойынша ғылыми зерттеулер жүргізетін Қаржы полициясы академиясы бар. Тікелей біздің оқу орнымызға байланысты айтар болсақ, бүгінгі күні Академия жоғары, жоғары оқу орындарынан кейінгі және қосымша кәсіби білім беру саласындағы заңгер мамандарды дайындайтын және жеткілікті материалдық-техникалық базасы мен практикалық тәжірибесі мол Қазақстандағы алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарының бірі.
Қазақстандық қоғамның қаржы полициясы органдарына деген сенімінің өсіп келе жатқандығын азаматтар мен заңды тұлғалар шағымдарының ұдайы өсуінен байқауға болады. Мысалы, 2005 жылы олардың саны 31 мыңға жуық болса, 2009 жылы 50 мыңнан астам шағым келіп түскен.
Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің жетістіктері айқын. Ашылған қылмыстардың саны, іс жүргізу аяқталған қылмыстық істер мен қайтарылған материалдар бойынша бюджетке қайтарылған қаржы қаражаттарының көлемі өсті.
Агенттіктің жұмыс стилі мен әдістері әрдайым жетілдірілуде. Сонымен бірге, Елбасымыздың сыбайлас жемқорлықпен кең ауқымды және ымырасыз күрес жөнінде алға қойған міндеттерін шешу бағытында 2008 жылғы ақпан айында өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы қол қойылған меморандум аясында “Нұр Отан” партиясымен мақсатты жұмыс жүргізіліп келеді.
Елде сыбайлас жемқорлыққа қарсы ымырасыздық көзқарасын қалыптастыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп, тиісті материалдар бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады. Осы мақсаттарда журналистер үшін брифингтер жиі өткізіліп тұрады.
Агенттік мемлекеттің, үкіметтік емес ұйымдардың және бүкіл елдің күшін жұмылдыру арқылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саясатын жүзеге асыру мақсатында “Атамекен” одағы” Қазақстанның ұлттық экономикалық палатасымен, “Қазақстанның Азаматтық альянсы” заңды тұлғалар бірлестігі және Қазақстан кәсіпкерлерінің форумы сияқты азаматтық қоғам құрылымдарымен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойды. Аталған меморандумдарды жүзеге асыру мақсатында Агенттік және әр аумақтық департамент жанында құрамына қоғамдық бірлестіктердің, шағын және орта бизнес субъектілері мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері енген сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет мәселелері бойынша қоғамдық кеңестер құрылды.
Жемқорлықпен күреске бағытталған халықаралық ынтымақтастық та кеңінен дамуда. Қаржы полициясы қызмет етіп келе жатқан жылдары Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы, Балтық жағалауы, Еуропа және Азияның бірнеше елдерінің құзырлы органдарымен тығыз ынтымақтастық орнатылған. Әрине, бұл ынтымақтастықтардың құқықтық негізі – халықаралық келісімдер. Соның негізінде 2009 жылдың қыркүйек айында Астанада “Жемқорлықпен күрес және Шығыс Европа мен Орталық Азияның тұрақты дамуы үшін жағдай жасай отырып, тиісті дәрежеде басқару” атты халықаралық конференция өтті, біздің Агенттіктің бастауымен, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының, БҰҰ-ның, ЕҚЫҰ-ның, Еуропа кеңесі мен Транспаренси Интернешнлдің және Жемқорлыққа қарсы мемлекеттер тобының қолдауымен өткен ол конференцияға әлемнің 47 елінің жемқорлыққа қарсы органдарының басшылары қатысты.
Аталған конференция Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың алғысөзімен ашылып, оның аясында жемқорлықпен күрестің қазақстандық тәжірибесінің тұсаукесері болды, әлемдегі талай мемлекетті толғандырып отырған осы проблеманы шешудің жолдары талқыланды. Бұл іс-шара әсіресе Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етер қарсаңындағы халықаралық ынтымақтастықтың нығаюына, кеңеюіне ерекше бір ықпал жасады. Конференция жемқорлықпен күресті жүргізу және бұл жұмысты тиісті дәрежеде басқару туралы Астана мәлімдемесін қабылдаумен аяқталды.
Егемен Қазақстанның қаржы полициясының жүйелі жұмысы экономикалық және жемқорлық қылмыстар қаупін бәсеңдетуге септігін тигізеді. Осындай сенімді сақшы орган барында Қазақстан азаматтарының ел экономикасының қауіпсіздігі үшін қам жемеуіне болады.
Серік ШОҚАТАЕВ, Қаржы полициясы академиясы бастығының міндетін атқарушы, қаржы полициясының полковнигі, заң ғылымдарының кандидаты.