Үкімет • 01 Тамыз, 2023

Машина жасау саласы өнімдерінің экспорты 3 есе артады

233 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында машина жасау саласын одан әрі дамыту жөніндегі шаралар қаралды, деп хабарлайды Egemen.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Машина жасау саласы өнімдерінің экспорты 3 есе артады

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаевтың айтуынша, бүгінгі таңда Қазақстан экономикасы құрылымындағы машина жасау саласының үлесі – 1,5%, ал өңдеу өнеркәсібіндегі үлесі – 13%. Қазіргі уақытта салада 3,8 мыңға жуық кәсіпорын жұмыс істейді, жұмыспен қамтылғандар саны 118 мыңнан асады.

Жалпы машина жасау саласы – өңдеуші өнеркәсіптегі ең қарқынды дамып келе жатқан салалардың бірі: егер соңғы 5 жылда өңдеуші өнеркәсіптің орташа өсу қарқыны 4,5% болса, машина жасау саласы 17,6% өсім көрсетті.

Министрдің айтуынша, саланы одан әрі нығайту аясында жаңа жобаларға көп көңіл бөлінеді. Мәселен, 2028 жылға дейін 1,7 трлн теңгеге 24 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік беретін 151 жобаны іске асыру жоспарланған. Олардың ішінде теміржол, ауыл шаруашылығы, электр техникасы, мұнай-газ, тау-кен металлургия машинасын жасау, сондай-ақ автомобиль жасау салаларындағы кәсіпорындар бар. Атап айтқанда, 2023 жылы 217 млрд теңгеге 3,5 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік беретін 29 жоба іске қосылады деп күтілуде.

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев ірі мұнай-газ жобаларындағы қазақстандық тауарлар үлесін арттыру мақсатында Мұнай-газ машинасын жасауды дамытудың халықаралық орталығы құрылғанын баяндады. Оның жұмысы аясында $400 млн сомасына болашақта отандық өндірушілер (зауыттар) жеткізе алатын сұранысқа ие өнімдердің 7 тобы анықталды. Ол үшін ірі мұнай-газ жобаларында жергілікті тауар өндірушілерді қолдау тетіктері енгізілді, олардың қатарында «Ерте тендер», «Сынамалық тапсырыс» және «Инвестициялардың орнына келісімшарт» бар.

Отырыста Қазақстан машина жасаушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Ерқанат Мақанов сөз сөйледі.

Премьер-министр өткен 5 жылда Қазақстан экономикасындағы машина жасау саласының үлесі 1,5 есе, ал өндіріс көлемі 3 есе өсіп, 3 трлн теңгеден асқанын атап өтті. Өткен жылдың өзінде салаға $470 млн-нан астам шетелдік инвестиция тартылды. Сондай-ақ саланы одан әрі дамыту әлеуеті зор.

«Отандық өнімді экспорттау үшін бізде айтарлықтай мүмкіндіктер бар. Мысалы, Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің машина жасау өнімдері импортының жалпы көлемі 2021 жылы $141 млрд-ты құрады. Яғни, еліміздің аталған нарықтағы үлесін әлі де арттыруға болады», деді Әлихан Смайылов. 

Үкімет басшысының айтуынша, жабдықтардың тозу деңгейінің жоғары болуы өзекті мәселе болып отыр. Орташа алғанда, машина жасау саласындағы бұл көрсеткіш – шамамен 40%. Негізгі кәсіпорындардың жай-күйі айтарлықтай жаңғыртуды және реконструкциялауды талап етеді.

Осыған байланысты Әлихан Смайылов бірінші кезекте шағын және орта бизнес үшін қаржыландыруды қолжетімді ету, сондай-ақ Өнеркәсіпті дамыту қорының желісі бойынша қаржыландыру қажеттігін атап өтті.

Премьер-министрдің пікірінше, мұнай-газ машинасын жасау саласының да даму әлеуеті зор. Қазір бұл сектордағы өндіріс көлемі – шамамен $160 млн. Бұл орайда импорт көлемі $1,6 млрд-тан асады.

«Көріп отырғанымыздай, ондаған есе айырма бар. Оны барынша қысқарту керек. Отандық жаңа өндірістерді құруға жәрдемдесу үшін 2020 жылы ірі жер қойнауын пайдаланушылармен бірлесіп, Халықаралық мұнай-газ машина жасау орталығы ашылды. Жергілікті өндірушілердің әлеуеті мен жоғары қызығушылығын ескере отырып, осы бағыттағы жұмысты күшейту қажет», деді Әлихан Смайылов. 

Сонымен қатар Үкімет басшысы ауыл шаруашылығы машиналарын жасау мәселесіне тоқталды. Оның айтуынша, қазіргі уақытта еліміздің ауыл шаруашылығы техникасы паркінің тозуы шамамен 76%-ды құрайды. Өткен жылы отандық кәсіпорындар 15 мыңнан астам ауыл шаруашылығы техникасын өндірді. Алайда бұл – жеткіліксіз.

«Дихандарға жаңа техника қажет! Сондықтан өндіріс қарқынын арттыру қажет. Ол үшін бізде барлық қажетті құралдар мен мүмкіндіктер бар», деді Премьер-министр. 

Сондай-ақ өнеркәсіп кооперациясын дамытудың маңызы атап өтілді. Бүгінде республикада General Motors, Alstom, General Electric, Daewoo Bus, Hyundai және т.б. сияқты машина жасаудағы ірі әлемдік көшбасшылармен бірлескен кәсіпорындар табысты жұмыс істеуде.

2020 жылы іске қосылған Қарағанды облысының Саран қаласында техника және автобустар шығаратын зауыт – өнеркәсіп кооперациясының бірегей мысалы. Оның қуаты – жылына 1 200 көлік құралы. Кәсіпорынға 11,9 млрд теңге инвестицияланды, зауыт толық қуатына шыққаннан кейін онда 1 000-ға жуық адам еңбек етпек.

«Бұл жұмысты жалғастыру керек», деді Әлихан Смайылов.

Ол машина жасау саласын одан әрі дамыту үшін Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша тиісті бес жылдық Кешенді жоспар әзірленіп жатқанын еске салды. Оны іске асыру машина жасау саласындағы өндірісті 2 еседен аса, экспорт көлемін 3 есе, негізгі капиталға тартылған инвестицияларды 1,5 есе арттыруға, сондай-ақ еңбек өнімділігін екі есе арттыруға мүмкіндік береді.

«Мемлекеттік қолдаудың арқасында отандық кәсіпорындар тұрақты жұмыс орындарын құру, сондай-ақ жаңа өндірістер ашу және жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды жаңғырту арқылы елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлесін қоса алады», деді Премьер-министр. 

Қорытындылай келе, Үкімет басшысы қысқа мерзімде Машина жасау саласын дамытудың кешенді жоспарын келісуді, Халықаралық мұнай-газ машина жасау орталығының тиімділігін арттыруды, сондай-ақ Қазақстанда аналогтары бар импорттық ауыл шаруашылығы техникасына инвестициялық субсидия беру мөлшерлемесін 25%-дан 15%-ға дейін төмендету мәселесін пысықтауды тапсырды.