Президент Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннен бас қалада интернет қашан дұрыс жұмыс істейтінін сұрап, бұл жағдайдың шаһар экономикасына кедергі келтіретінін және қала қонақтарына кері әсер ететінін айтқаны есімізде.
Интернетке күніміз қараған заманда оның сапасы мен жылдамдығы аса маңызды. Астана тұрғындары 5G қосылғаны туралы естігені болмаса, әлі қызығын көре қойған жоқ. Қаланың көп аумағында интернет жылдамдығы өте баяу.
Цифрлық даму министрі ретінде Бағдат Мусин бұның себебін былай деп түсіндірді: «Байланыс толығымен жоқ 67 локация бар екені белгілі болды. Ондағы тұрғындармен сөйлескен кезімізде олардың радиофоб екендері анықталды. Олар тұрғын үй кешендеріне базалық стансаны орнатудан қорқады. Алайда әкімдіктің көмегімен 39 үйдің төбесіне базалық стансаны орнатуға тұрғындарды көндірдік. Олардың 5-іне орнатылды, 6-ына қазір қойылып жатыр, қалғандарымен келісімшарт жасалу үстінде. Ал қалған 28 үйдің тұрғындарына 3 ай бойы базалық стансаның адам денсаулығына қауіпсіз екенін түсіндіргенімізбен, сол күйі көндіре алмадық».
Министрдің айтуынша, екінші мәселе – тариф құнының арзан болуы. Қолданушылар интернетте үнемі отыратындықтан арзан бағамен көп трафик жұмсау үлкен жүктеме көрінеді. Министр келтірген деректерге сәйкес, 2022 жылы Қазақстанда 1 пайдаланушыға арналған интернеттің мобильдік трафигінің орташа көлемі айына 13,9 Гбайтты құраған. Ал бұл көрсеткіш Солтүстік Америка елдерінде айына 5,6 Гбайтқа ғана тең. «Біздің қолданушылар үнемі интернетте отырады. Егер Еуропаны, Американы алып қарасақ, қолданушы видеоны ашпас бұрын, ол оған керек пе, жоқ па, соны ойланады. Өйткені ол мегабайтын жоғалтады», дейді министр.
Әлеуметтік желі пайдаланушылары министрдің сөзін қызу талқылап, интернеттің жөнді жұмыс істемейтінін жазып, тарифті қымбаттату мәселесін сынға алды. Ал Б.Мусин интернет-сарапшылары оның сөзін дұрыс түсіндірмегенін айтып, парақшасында жазба қалдырды.
– Біріншіден, назар аударғым келетін нәрсе – байланыс құны. Біз интернет құнының арзандығы бойынша әлемдегі 10 елдің ішінде болмасақ та, 20 елдің қатарына кіреміз. Бұл – факт. Бірақ арзан байланыс операторлар үшін тиімді емес екенін түсіну маңызды. Бұл – бизнес, сондықтан бизнесті дамыту, яғни желіні құру және сапаны жақсарту үшін инвестиция қажет. Кіріспен бірге инвестиция келеді. Егер табыс төмен болса, даму үшін инвестиция құйылмайды, тиісінше сапа да болмайды. Әлеуметтік желілердің дамуына байланысты елде трафикті тұтыну бірнеше есе өсті. Бұл нені білдіреді? Бұл операторлар желісіндегі жүктеме де артты деген сөз. Бірақ шығындар тұтынылатын трафиктің көлеміне сәйкес тепе-тең түрде өскен жоқ. 5G енгізгенімізді есепке алмағанда, Қазақстанда мобильді трафик 2019 жылы 60 пайыздан 2022 жылы 21 пайызға дейінгі қарқынмен өсті және бұл тренд жалғаса береді. Бұл – 4G/5G мобильді желілеріне үлкен жүктеме, – деді Б.Мусин.
Алайда бұл мәселе айтып ауыз жиғанша шешімін тапқан сияқты. Өйткені министрдің сөзінен кейін ұялы байланыс операторлары тариф құнын бірден көтеріп жіберді.
Б.Мусин интернетті де үнемдеп пайдалануға шақырды. «Мобильді интернеттің қымбат екенін түсініп, ақшаны үнемдейік. Үйге келгенде wi-fi желісіне ауысу керек. Экономика мәдениеті болуы керек. Суды үнемдегендей мобильді интернетті де үнемдейік. Интернет – шектеулі ресурс. Себебі базалық станса мобильді құрылғылардың белгілі бір санын қосады. Белгілі бір саннан көп мобильді құрылғылар қосылған болса, оған сай байланыс нашарлай бастайды. Ал екінші базалық стансаны орнату үшін қомақты инвестиция қажет», деді ол.
Ookla деректеріне сәйкес, Қазақстанда 4G қолжетімділігі 84,5 пайызды құрайды. Бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан әлемде 79-орында тұр. Ал көш басында – Оңтүстік Корея. Онда ел аумағы 4G желілерімен 100 пайыз қамтылған. Министрдің айтуынша, Қазақстан интернетпен қамту бойынша алдыңғы қатарға ұмтыла алады. Speedtest халықаралық рейтингіне сәйкес, Астана интернет жылдамдығы бойынша 35 позицияға көтеріліп, Токионы да басып озыпты. Бірақ министрдің өзі елімізде базалық стансалардың жетіспеушілігі барын айтты.
– Желілерді салу үшін қажетті құрылғылардың да бағасы өсіп келе жатқанын ескеру маңызды. Өз саламдағы мәселелерді ашық айтуым керек деп есептеймін. Инфрақұрылымды жаңартуымыз қажет. Бұл – заман талабы. Барлық ауылды интернетпен қамтуымыз керек қой. Бұл да – басты қажеттілік. Тарифтерді жасанды ұстап тұру саланың тоқырауына әкеледі. Бәріміз барлық жерде сапалы әрі өзгелердікінен арзанырақ қызмет алғымыз келеді. Бірақ қалағанымыздай бола бермейді. Бізге қарағанда интернет кімде арзан? Небәрі 10-15 елде ғана. Қытайда интернет халық санының көптігінен арзан. Олармен салыстыруға келмейді. Израильде ше? Бұл ел аумағы жағынан Павлодар облысынан да кішкентай. Ондағы базалық стансалардың саны Алматы мен Астанадағыдай. Қазақстанда 4G желілерінің сыйымдылығы бойынша да мәселе бар. Елде 20 мыңға жуық 2G/3G/4G базалық стансалары жұмыс істейді. Оның ішінде 19 миллион халыққа 10 мыңға жуық 4G базалық станса бар. Осылайша, елімізде 1 миллион адамға шаққанда 526 базалық стансадан келеді. Салыстыру үшін айтсақ, Оңтүстік Кореяда 51 млн тұрғынға 1 млн 4G базалық станса, яғни 1 млн тұрғынға 19 607 4G базалық стансадан келеді. Немесе Қытайды алайық. 1,4 млрд тұрғынға 6 млн 4G базалық стансадан айналады. Бұл 1 млн тұрғынға 4528 4G базалық стансадан келеді дегенді білдіреді. Егер Астана бойынша қарасақ, қазір 1,3 млн тұрғынға шаққанда 2500-ге жуық 4G базалық станса бар. Бұл 1 млн тұрғынға шаққанда 1923 4G базалық станса деген сөз. Яғни елордада да 4G желілерінің сыйымдылығын ұлғайту қажет. Сонымен қатар бір орында тұра алмаймыз және жаңа технологияларды дамыту маңызды, яғни 5G-ді енгізу керек. Байланыс туралы айтатын болсақ, біз аумағы бойынша үлкен және халық тығыздығы бойынша кішкентай ел екенімізді есте ұстаған жөн, – деді министр.
Бағдат Мусин операторлардың жұмысын объективті түрде үнемі сынға алатынын және мұндай кемшіліктер бұрынғы шенеуніктердің жауапсыздығының зардабы екенін айтты. Оның пікірінше, Астанада мобильді операторлар 2027 жылға дейін 5G-ге арналған 1242 базалық станса (лицензиялық міндеттемелерге сәйкес) салуды жоспарлап отыр. Осылайша, Астана бойынша сапалы 5G болсын десек, базалық стансалар санын көбейту қажет. Сондай-ақ министр операторлардың бірін «Қазақтелекомнан» шығару керек деген ұсынысын жеткізді. Өйткені монополия нарықты тежейді.
– Монополиясыздандыруды ешкім жойған жоқ, байланыс операторларының бірін «Қазақтелекомнан» шығару керек. Бұл – менің ұстанымым. Айыппұлдар көлемін арттыруды жалғастырамыз. Мысалы, байланыс операторларына 2019 жылы 51 тексеру жүргізіліп, 10,8 млн теңге көлемінде айыппұл салынды. Биыл қазіргі жағдай бойынша 308 жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, 1 млрд 244 млн теңге көлемінде айыппұл жазылды. Барлық қаражат ел бюджетіне түседі. Олар үлкен көлемде айыппұл төлегенше, жағдайды түзетуге тырысады. Сапаны арттыруға мүмкіндік беретін базалық стансаларды жақсартып, желіні дамыту бойынша жұмыс істейді, – деді министр.
Б.Мусиннің айтуынша, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі байланыс желісін, жаңа технологияларды дамыту және байланыс сапасын жақсарту бойынша маңызды жоспарлар құрып, операторлардың алдына алдағы жылдары шешуге тиіс міндеттер қойып отыр. Енді соның орындалуы маңызды. Ал астаналықтар жылдам интернетке тез жетсек екен дейді.