Білім • 02 Тамыз, 2023

Бұрымдыларға арналған жоба

230 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

IT мамандарына сұраныстың артуы – заман талабы. Технология дәуірінде кез келген адамның осы салада сауатты болуы маңызды. Ал қыр-сырын меңгеріп, кәсіпке айналдырса, әсіресе әйелдерге тиімді әрі табысты жұмыс. Дәл осы мақсатта Astana Hub Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиямен бірлесіп IT саласында жұмыс істегісі келетін әйелдерге білім беру үшін IT-Aiel бағдарламасын іске қосты.

Бұрымдыларға арналған жоба

IT-Aiel бағдарламасы – 2 мың әйелге IT мамандықтар бойынша­ те­гін білім алуға мүмкіндік беретін біре­гей жоба. Бағдарламаны Astana Hub технопаркі Пре­зи­дент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық сая­сат жөніндегі ұлттық комиссиямен бірлесіп, Цифрлық даму, иннова­ция­лар және аэроғарыш өнеркәсібі ми­нистрлігінің қолдауымен іске қо­сты.

– Қазақстан – GovTech және FinTech салалары дамыған ел. Аума­ғы­ның үлкендігіне қарамастан, Орта­лық Азия мен Шығыс Еуропа елде­рі арасында цифрландыру және интернетті тарату саласында­ ай­тар­лық­тай нәтижеге қол жеткізді. Осы ретте әйелдердің цифрлық эко­но­­микадағы күші мен қабілетіне сенім­ділігін дамыту үшін әйелдердің цифр­лық бизнестегі IT-кәсіпкерлігін қол­дау, қаржылық интеграцияны­ ке­ңейту үшін оларға цифрлық дағ­ды­лар­ды үйрету және бизнесті басқару бо­йынша оқытуды ынталандыру ма­ңызды. Әйелдердің цифрлық эко­номикаға қатысуын ынталандыру­ не­ғұрлым күшті экономикалық өсім­ге­ және әл-ауқаттың артуына ықпал ете­ді, – дейді Президент жанындағы Әйел­дер істері және отбасылық-демо­графиялық саясат жөніндегі ұлт­тық комиссияның мүшесі Әзиза Шөжеева.

Еңбек және халықты әлеуметтік қор­ғау министрлігінің деректері бо­йынша, елімізде 967 мың жұмысқа қабі­л­етті әйел бар. Олардың 34 па­йы­зы жұмыс істемейді. Ал 41 па­йызы жоғары білім дәрежесіне ие. Ал Coursera IFC және Еуропалық комис­сиясымен бірлесе жүргізген зерт­теу мәліметінше, әйелдердің 45 пайызы және бала күтіміндегі әйелдердің 60 пайызы онлайн оқу мүм­кіндігі болмағандықтан, оқуын кейінге қалдыруға мәжбүр болған. Сон­дықтан IT-Aiel бағдарламасы жұ­­мыссыз әйелдерді оқытып, олар­дың осы саладағы үлесін арттыруды көз­деп отыр.

Ә.Шөжееваның айтуынша, дү­ние­­­жүзінде ең ірі және ең ықпалды тех­но­­логиялық компаниялардың тех­никтері арасындағы әйелдердің үлесі­ өте төмен: Apple-де – 23 пайыз, Google-да – 20 пайыз және Microsoft-та – 17,5 пайыз. Әлемде ақпараттық-ком­муникациялық технологиялар маман­дарының жалпы үлесі 18,5 пайыз болса, Қазақстанда әйелдер бұл сектор қызметкерлерінің 43 па­йызын құрайды. 55-74 жас ара­лы­ғындағы адамдар арасында интер­нет­ті пайдаланудағы гендерлік ал­шақтық дамушы және өтпелі эко­но­микасы бар елдерде шамамен 8 па­йызға тең. Гендерлік стереотиптер мен мәдени нормалар көбінесе әйел­дер мен қыздардың цифрлық техно­ло­гияларға қолжетімділігіне кедергі келтіреді және олардың ақпараттық-ком­­муникациялық технологиялар­мен байланысты секторларда бі­лім­ алу және жұмысқа орналасу мүм­кін­діктерін төмендетеді.

IT-Aiel бағдарламасы аталған мәсе­лелерді назарға алып, еліміздегі ақпа­раттық-коммуникациялық технологиялар секторындағы әйелдер са­нын көбейтуге ден қойған. Жоба бо­йынша оқыту 1 тамызда қазақ және орыс тілдерінде онлайн формат­та бас­талады. Әйелдердің бұл жобаға қа­тысуға деген ынтасы мен талпынысы өте жоғары. 2 307 өтінімнің 668-і Астанадан, 371-і – Алматыдан, 63-і – Шымкенттен және 1205-і еліміздің өзге өңірлерінен келіп түс­кен.

– Біз бағдарламаға қызығу­шы­лар­дың географиясы кең екенін көріп отырмыз. Еліміздің барлық өңі­рінде тұратын әйелдер IT саланы­ үйренгісі келеді. Бағдарлама жұ­мыс­қа орналаспаған әйелдер үшін үлкен құндылыққа ие және ол ақпа­рат­тық технологиялар саласында әйел­дер кәсіпкерлігін қолдау мен тең мүмкіндіктер жасау жолындағы ма­ңызды қадам болып отыр. Біз қазақ­стандық әйелдердің кәсіби дамуға және еліміздің ақпараттық техно­логиялар индустриясына өз үлесін қосуға ұмтылып отырғанына қуа­ныш­тымыз, – деді Astana Hub бас­қарушы директоры Алина Әбдірах­ма­нова.

Жоба аясында қатысушыларға компью­терлік сауаттылық, No Code School және Freelance School курс­тарынан өтеді. Оқу бейне дәріс­тер, тапсырмалар, онлайн вебинар­лар және воркшоптар түрінде өткі­зі­леді. Қатысушыларға және IT-өнім­дер­ді бағдарламалауды қажет етпес­тен­ тез жасауды, стартап жобалар­ды­ құруды және оларды дұрыс тесті­­леудің негізгі принциптерін мең­геретін болады. Бағдарлама тың­дау­шылары лендингтерді, сайттарды, мобильді қосымшаларды, чат-бот­тарды және маркетплейстерді құру­ға арналған актуалды no code құралдарын зерделеу бойынша материалдарды ұсынатын онлайн сабақтарға қол жеткізеді. Сондай-ақ ұйымдастырушар бағдарламаға қатысқан әйелдер алған білімін фриланс нарығында іске жаратып, қаржы таба алатынын атап өтті.

– Біз IT-Aiel бағдарламасына еліміздегі фриланс-экономиканы қолдау және цифрлық алаңдарда фрилансер әйелдердің үлесін арттыру мақсатында Freelance School курсын енгіздік. Фрилансингті оқу әйелдерге қашықтан жұмыс істеп, жалақы мен жұмысқа орналасудағы гендерлік алшақтықты азайта отырып, жергілікті және шетел валютасында ақша табуға мүмкіндік береді, – деді Astana Hub білім беру бағдарламалары кеңсесінің директоры Дәулет Беймурзинов.

Оқу нәтижесінде IT-Aiel бағдар­ла­масының түлектеріне курстан өт­кенін растайтын сертификат беріледі.