Еліміздегі апаттық жағдайдағы және үш ауысымды мектептер мәселесін шешу үшін «Жайлы мектеп» жобасы қолға алынғаны есімізде. Оған 2,6 трлн теңге бөлінген. Оның 646 млрд теңгесі Ұлттық қордан, ал 1,9 трлн теңге республикалық бюджеттен беріледі. Жоба жүзеге асырылуы үшін қаражат жергілікті атқарушы органдардан тікелей «Samruk-Kazyna Construction» компаниясының Қаржы министрлігінің қазынашылығындағы арнайы шотына түседі. Оны компания мердігерлерге комиссиялық алымдарсыз аванс немесе төлем ретінде аударады. Бүгінге дейін шотқа 245,3 млрд теңге түскен. Аталған қаржы есебінен жарты жылда 108 жайлы мектепті жобалау және салу бойынша шарт жасалған.
– «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы – бұрын-соңды болмаған бастама әрі отандық білім беру саласын жаңғыртудың жаңа тәжірибесі. Бағдарламаның ел тарихында баламасы жоқ. Жобаны іске асыру үдерісінде нормативтік құралдар мен ұйымдастырушылық тәсілдер жетілдіріліп, маңызды құқықтық қайшылықтар жойылады. Жобаның жоғары динамикасы бірінші жартыжылдықта 108 жайлы мектепті жобалау және салу бойынша шарт жасасуға мүмкіндік берді, – деді Мәулен Айманбетов.
Компанияның мәлімдеуінше, бұл нысандар бойынша бастапқы шарттардың жалпы құны 678,7 млрд теңгеге тең. Оның 10,1 млрд теңгесі жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге, ал 668,6 млрд теңгесі құрылыс-монтаждау жұмыстарына бөлінген. 30 маусымдағы жағдай бойынша жасалған шарттардың талаптарына сәйкес 87,7 млрд теңге көлемінде аванстық төлемдер жасалған. Оның ішінде жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге 2,4 млрд теңге, құрылыс-монтаждау жұмыстарының басталуына 85,3 млрд теңге төленген.
Жоспар бойынша 2024 жылдың соңына дейін 207 мектеп қолданысқа берілуге тиіс. Ал 2025 жылдың соңыңа дейін бұл көрсеткіш 369-ға жетуі керек. «Samruk-Kazyna Construction» компаниясы жұмсалған әр тиынның есебін беріп отырса, триллиондар талан-таражға түсіп кетпей жоспарға сай жайлы мектеп салынары даусыз.