Әскер • 03 Тамыз, 2023

Жігерлі «Жас бітімгер»

223 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қорғаныс министрлігі тарапынан жүргізілетін әскери-патриоттық жұмыс шеңберінде Бітімгерлік операциялар орталығының әскери қызметшілері мен азаматтық персоналының балалары үшін бір апталық «Жас бітімгер» лагері ұйымдастырылды.

Жігерлі «Жас бітімгер»

Бірінші күні балалар­ Бітім­гер­лік операциялар­ орта­лы­ғының әскери қызмет­ші­лері дайындаған қызыққа толы бағ­дарламасын тамашалауға «Бітімгер» оқу-жаттығу орта­лы­ғына барды. Оларға әскери техника мен қару-жарақ үлгі­лері, сондай-ақ байланыс құ­рал­­­дары көрсетілді. Кейін жас­өс­пірімдер жаттығу граната­ла­рын лақтыру, атыс қаруын бөл­шектеу және құрастыру, армия нормативтерін орындау бойынша жылдамдық күш және шеберлік жағы­нан өзара бәсекеге түсті. Соңын­да балаларға пневматикалық мыл­тық ату мүмкіндігі берілді.

Күннің аптап ыстығына қара­мас­тан, болашақ ел қор­ғау­­шы­лары жауынгерлік дайын­дық бағдар­ла­масында қарас­ты­рылған барлық жат­тығуды үлкен құлшы­ныспен және мұқият орындады. «Бүгінгі әскери жаттығуларымыз керемет өтті. Енді біз іс жүзінде әскери қызметші болу­дың оңай емес екенін білеміз. Әкем­нің­ жұмысы қиын, жауапты және өте қызықты екенін ұқтым», дейді Бітім­г­ерлік операциялар орталығы әскери қызметшісінің ұлы Ілияс Тәжібаев.

Белсенді өткен сайыстан кейін бітімгерлердің балалары­ нағыз сарбаз ботқасының дәмін татып көрді. «Бұл балаларымызға әкелерінің не істеп жатқанын білуге және көруге тамаша­ мүмкіндік болды», дейді ата-аналардың бірі Айжамал Базар. – Бітімгерлік операциялар орталығына барған балаларымыз тамаша әсер алды, сіздерге ризамыз».

«Жас бітімгер» лагері бір аптаға созылмақ. Келесі күндері балалар мәдени-демалыс, спорттық іс-шаралар мен жорықтарды қамтитын қызықты бағдарламаларға қатысты. Сонымен бірге дельфинарийге, хайуанаттар бағына, «Медеу» мұз айдынына барып, аспалы жолмен жүрді. Одан бөлек, Қорғаныс министрлігі Ұлттық әскери-патриоттық орталығының музейіне және «Даңқ мемориа­лы» кешеніне экскурсиялар жоспарланған.

Тау дайындығы орталығына бару да жоспарда бар, мұнда тәжірибелі нұсқаушылар балаларға тау жағда­йын­да өмір сүру ерекшеліктерін айтып, көрсетіп, оларға өздерін нағыз әскери альпинистер сияқты сезінуге мүм­­кіндік береді. «Бітімгерлік опера­­­циялар орталығы әскери қыз­мет­­­шілерінің балалары үшін бұл апта ұмытылмас әсер беріп қана­ қой­май, физикалық тұрғыдан шы­ны­­ғып­, шымыр болуға, пайдалы білім, прак­ти­калық дағдылар алуға және әрине, жаңа достар табуға мүм­кін­дік беретініне сенімдімін», дейді орталықтың аға офицері Әнуар Арынғазиев.