ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәлімдеуінше, ведомство «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ мен бірлесіп, автокөліктің техникалық байқаудан өткенін куәландыратын құжатты цифрлы форматқа көшіру бойынша жұмысты қолға алған. Енді «Техникалық байқаудың диагностикалық картасы» электронды үкіметтің мобильді қосымшасының жеке кабинетінде сақталатын болады.
Осы күндері IT мамандары арнайы сервисті әзірлеп, техникалық жұмыстарды жүргізіп жатыр. Осы қызметтің алғашқы нұсқасы алдағы 1 қыркүйекте EgovMobile платформасында іске қосылады деп жоспарлануда.
Аталған жобаның жоспарына сәйкес құжаттың цифрлы нұсқасы қадағалаушы органдардың дерекқорында сақталатындықтан оны онлайн режімде тексеруге болады.
Айта кеткен дұрыс, цифрлы құжаттардың заңды күші қағаз жүзіндегі аналогтармен бірдейлігі өз алдына, оның артықшылығы - сыбайлас жемқорлық тәуекелдері жойылып, қоғамның сенімі арта түседі.
Бұл ретте естеріңізге салайық, биыл көктемде VIII шақырылымдағы Парламенттің бірінші сессиясында Мемлекет басшысы Үкіметке цифрландыруды күшейтіп, бюрократиялық рәсімдерді барынша азайтуды тапсырған болатын.