Жоба • 03 Тамыз, 2023

Жас өнертапқыштар «ақылды сағат» жасап шығарды

422 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Инсульт, инфаркт және тағы басқа талма аурулары бар науқастарға арналған «Екінші жүрек» деп аталатын «ақылды сағат» жүрек соғысы мен қан қысымын бақылауда ұстап, адам өміріне қауіп төнген кезде белгі береді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жас өнертапқыштар «ақылды сағат» жасап шығарды

Аталмыш сағатты дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған лицейдің 9-сынып оқушысы Дулат Исабек пен 8-сынып оқушысы Әдия Тұрсынбай ойлап тапқан.

Сағатқа дене температурасын, қандағы оттегі пайызын, жүрек қағысын бақылап тұру функциялары енгізілген екен. Сондай-ақ науқас құлап қозғалыссыз қалған жағдайда туысына немесе жедел жәрдемге дабыл жібере алады. Ең бастысы, науқастың мекен-жайын, жатқан жерін нақты көрсетіп тұрады.

Науқастарға кейде түрлі себептермен алғашқы көмек уақытынан кештеу берілетін кездер болатыны мәлім. Аталғандай жағдайлардың алдын алу үшін және науқастарға көмек қылайық деген оймен жас өнертапқыштар алғашқы көмектің жедел келуін қамтамасыз ететін сағатты жасап шығарған.

Екі оқушының өнертабысын сынап көру үшін кардиолог пен пациенттердің портативті аппаратпен динамикалық бақылауы жүргізілген. Д.Исабек пен А.Тұрсынбай енді «ақылды сағатты» адамдар әрдайым тағып жүруіне ыңғайлы қылып жасаудың әдістерін қарастыруда.