Спорт • 04 Тамыз, 2023

Жасөспірімдер жетістігі

251 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жуырда Еңбекшіқазақ ауданындағы Қазақстан ауылдық округінде жамбы атудан халықаралық жарыстарда топ жарған жасөспірімдер Мадияр Шәріпбай мен Марал Төлепбергенқызына ерекше құрмет көрсетілді.

Жасөспірімдер жетістігі

Мажарстанның Помаз қаласында өт­кен халықаралық жамбы ату жарысының ал­тын жүлдесін жеңіп алған Мадияр Шәріп­бай­ға және Италияның Ассини қаласында ұйымдастырылған жасөспірімдер арасын­дағы халықаралық бокс турнирінде жеңім­паз атанған Марал Төлепбергенге аудан әкімінің алғысхаты табысталды.

«Округімізде бұқаралық спортты да­мы­туға ерекше көңіл бөлініп келеді. Бұл – халықтың денсаулығын нығайтуға, саламатты өмір салтын насихаттауға ықпал етеді. Ең бастысы, спортты сүйетін, оны күнделікті өмір сүру дағдысына айнал­дырған мықты жастарымыз өсіп келе­ді. Олардың толымды жетістіктерінің арқа­сында чемпиондар ауылы атанып жатырмыз. Сондықтан ел үмітін, сенімін ар­қалаған спортшыларымызға әркез қолдау білдіреміз», деді аталған округтің әкімі Марат Сүгірбеков.

Салтанатты жиында үздік спортшылар мен олардың бапкерлеріне аудандық мәслихаттың хатшысы Бекет Ахметовтің атынан да алғысхат табыс етілсе, аудан­дық мәслихат депутаты Мұхит Диқан­әліұлы чемпиондарға ауыл жастары атынан бағалы сыйлықтар тарту етті.

Ауыл ақсақалдары мен ұстаздары қос жеңімпазды құттықтай келе келешек­теріне ақ жол тіледі. «Бұған дейін де облыстық, респуб­ликалық жарыстарда топ жарып, соның нәтижесінде шыңдалып, халықаралық жарысқа жолдама алдым. Мажарстанда өткен жамбы ату жарысына әлемнің 14 елі­нен 26 мерген қатысты. Барлығымыз аң ату стилінде өнер көрсет­тік. Бәсекелі жарыста бағым жанып, қар­сы­ластарымнан басым түстім. Жеңіске жету жолында аянбай тер төгіп, жүйелі жаттықтым. Жамбы атудың ерекшелігі – үнемі өз-өзіңмен күресуді талап етеді. Алдағы уақытта бұдан да биік белестерді бағындырғым келеді», деді халықаралық жарыстың жеңімпазы Мадияр Шәріпбай.

Біз де ел намысын қорғаушы жасөспірім спортшыларға ақ жол тіледік.