Қолдағы мүмкіндікті пайдаланып, шетелге білім алуға, жұмыс істеуге кеткеннің көбі уақыт өте елге қайтып келгісі келмейді. Әлбетте, дамыған мемлекеттердегі жағдайдың кімге де болсын жағатыны анық жайт. Алайда елімізді дамыту үшін деп арнайы мемлекеттік бағдарламалармен жіберілгендердің қалып қоятыны қынжылтады. Мәселе жұмсалған қаржыда тұрған жоқ, әлеуеті мықты азаматтардың білім-білігін өз елінің емес, өзге елдің пайдасына жаратуында болып тұр. Интеллектуал қауымның іште емес, сыртта жүруі ойландырады.
Бұл жағдайға бір жақты ғана кінәлауға әсте болмайды. Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы шетелде оқып, бітірген 1 111 түлектің арасында зерттеу сауалдама жүргізген екен. Солардың ішінде шетелде оқып, сол жақта қалып қойған 22 түлекпен ашық әңгімелесіп, 25 түлекпен сараптамалық сұхбат өткізген. Зерттеу нәтижесінде азаматтардың елге неге қайтып келгісі келмейтінін анықтаған. Бұған ең бірінші себеп – түлектердің алған білімін елімізде толық пайдалана алмауы. Біздің ел шетелде оқуға мүмкіндік ұсынғанымен, жұмыс істейтіндерге шетелдегідей жағдай жасауға әлі дайын емес. Сауалдамаға сәйкес, олардың елімізге келіп жұмыс істегісі келмеуіне қағазбастылық (34,5 пайыз), жалақының аздығы (28,3 пайыз), кәсіби мамандарға тиісті жағдайдың жасалмауы (26,8 пайыз), жұмыс беруші тарапынан нақты жұмыс жоспары мен талап-міндеттердің болмауы (19,1 пайыз), жемқорлық (16,4 пайыз), бірсарынды жұмыс тәртібі, жұмысқа қызықтыра алмаушылық (11,6 пайыз), басшылықтың кәсіби мамандарды бағаламауы (9,8 пайыз), қызметкер пікірінің ескерілмеуі (8,9 пайыз) секілді факторлар әсер етеді екен.
Бұл қатарда сондай-ақ тайм-менеджмент жүйесінің әлсіздігі (7,9 пайыз), маманға құзыретіне кірмейтін міндеттердің жүктелуі (7,5 пайыз), қаржылық ынталандырудың аздығы немесе болмауы (6,9 пайыз), басшылық пен қызметкерлер арасында кері байланыстың жоқтығы (6,5 пайыз), ұжымдағы келіспеушіліктер (5,3 пайыз), ал түлектер тарапынан қазақ тілін толық білмеуі (2,7 пайыз), денсаулық мәселесі (1,6 пайыз), отбасылық проблемалар (1,7 пайыз) көлденең тартылған.
Қытайдағы жоғары оқу орнының түлегі «Қазақстанда да мемлекеттік басқару жүйесі Батыс елдеріндегідей еркін болғанын қалар едім» десе, Канадада оқып келген Алматы қаласының тұрғыны «Біздің елде тіпті мен оқып келген мамандық бойынша ғылым саласы жоқ деуге болады. Мәселен, мен Халықаралық коммерциялық құқық саласын бітірдім, ал ондай мамандық еліміздегі бірде-бір университетте оқытылмайды. Бұл – бірінші мәселе. Екінші – еліміздің саяси жүйесі адам құқығын толық пайдалануға мүмкіндік бермейді. Сондықтан мен де алған білімімді толық пайдалана алмаймын», дейді.
Аталған факторлар шетелде оқып бітірген білікті мамандарға басқа елге көшіп, сол жақта жұмыс істеуге мәжбүр етеді. Сауалдамадан өткендердің 60,5 пайызы шетелге, АҚШ (28 пайыз), Канада (18 пайыз), Ұлыбритания (14 пайыз), Германия (6 пайыз), Швейцария (5 пайыз), Аустралия (4 пайыз) елдеріне, тұрақты жұмыс істеу үшін көшіп барғысы келетінін айтқан. Өйткені түлектердің айтуынша, бұл елдерде жалақы жақсы төленеді, әлеуметтік-эномомикалық жағдай тұрақты, кәсіби және тұлғалық жағынан өсуге мүмкіндік бар, білім мен медицина сапасы жоғары, жемқорлық аз, қауіпсіз, тәжірибе жинауға мүмкіндік көп әрі демократия дамыған.
«Егер елге оралсам, алатын жалақым шамамен 150 мың теңгенің айналасында болады. Ойланып қарасам, ол менің күнкөрісіме жетпейді. Елімізде қаржы жағынан тәуелсіз бола алмайтынымды түсіндім», дейді Германия университетінің түлегі. Ал Польша университетінің түлегі «Елімізде әйелдерге қарағанда ер адамдарға мансап жағынан өсуге мүмкіндік бар. Ал мен ондай жүйені құп көрмеймін», дейді.
Сарапшылардың айтуынша, шетелде білім алғандардың қайтып келуге құлықсыз болуының тағы бір себебі – олардың өз елінде өзін қажет сезінбеуі. Яғни сұраныс жоқ. Сондай-ақ арнайы бағдарламалардың жүйелі қалыптаспауы да әсер етеді. Мәселен, «Болашақ» жобасында ғана үшжақты келісімшарт бар. Шарт бойынша білім алушы оқуын бітіргеннен кейін елге келіп жұмыс істеуге тиіс. Ал өзге бағдарламаларда ондай талап жоқ. «Болашақ» аясында әлемнің 14 елінде бакалавриат, магистратура, докторантура бойынша білім алуға болады. Бүгінге дейін 12 394 түлек бағдарламаның мүмкіндігін пайдаланып, шетелде білім алды. «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ басқарма төрағасы Олжас Сәкеновтің айтуынша, «Болашақ» түлектерінің 99 пайызы жұмыспен қамтылған. Оның ішінде 36 пайызы мемлекеттік мекемелерде, 39 пайызы жеке компаниялар мен қоғамдық бірлестіктерде, 7 пайызы халықаралық ұйымдар мен шетелдік компанияларда, 18 пайызы квазимемлекеттік сектор мен ұлттық компанияларда қызмет етеді. Нәтижеге сүйенсек, мемлекеттік бағдарламалардың талабын жетілдірудің маңызын аңғарамыз. Алайда «Болашақ» арқылы шекара асып, қайтып келмегендер де баршылық.
Бұл мәселенің алдын алмаса, шетке кететін интеллектуал азаматтардың қатары көбейе беретін түрі бар. Сол себепті Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы арнайы дөңгелек үстел ұйымдастырып, білім беру көші-қоны саласындағы мемлекеттік саясатты жетілдіру және шетелдік жоғары оқу орындары түлектерінің зияткерлік әлеуетін елімізде қолдау жөнінде ұсыныстар әзірлеген. Дөңгелек үстел барысында мемлекеттік органдардың білім беру көші-қоны саласындағы құзыреттері қарастырылып, мемлекеттік саясатты қалыптастыру және іске асырудағы мәселелер анықталды. Сондай-ақ білім беру көші-қоны саласындағы үрдістерді мемлекеттік басқарудың қолданыстағы жүйесін жетілдірудің басым бағыттарын айқындау мақсаты алға қойылды.
Жоба жетекшісі, Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының профессоры Бауыржан Боқаевтың айтуынша, еліміздегі интеллектуалды адамдарды ұстап тұру және шетелде жақсы білім алған азаматтарды қайтару немесе олардың зияткерлік әлеуетін пайдалану үшін мемлекет тарапынан тиісті шаралар қабылдануы керек. Осыған байланысты арнайы цифрлы платформа құру жоспарланып отыр.
– Өкінішке қарай, шетел оқу орындарын бітірген азаматтардың 21,3 пайызы ғана алған білімін Қазақстанға келіп пайдаланып жатыр. Ал қалған 78,7 пайызында ондай мүмкіндік жоқ. Солардың 60,5 пайызы басқа елдерде тұрақты жұмыс істеуге дайын. Бұл – алаңдатарлық көрсеткіш. Қарқын алып бара жатқан осы үдерісті тоқтату керек. Сондықтан біз мейлінше интеллектуал азаматтарды өз еліміздің әлеуметтік-экономикалық деңгейін көтеруде пайдаланып, елімізде жұмыс істеуге тарта алатындай жағдай жасауымыз керек. Сол себепті білімді мамандардың зияткерлік әлеуетін пайдалану үшін барлық жолды қарастырамыз. Соның ішінде цифрлы платформа құруды көздеп отырмыз. Өйткені өз еліне пайдалы болу үшін түлектердің қай жерде, қай елде тұратыны маңызды емес. Қазір дамыған технологиялық заман. Әлемнің кез келген түкпірінде отырып та жұмыс істей беруге болады. Біз де кәсіби мамандардың зияткерлік әлеуетін онлайн платформада да пайдалана аламыз. Бағдарлама жан-жақтағы түлектердің басын бір жерге жинап, жобаларға тартып, бірлесіп жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Осылайша, шеттегі азаматтарды елімізге тарта бастаймыз, – дейді Бауыржан Боқаев.
Шетелдердегі білімді азаматтардың зияткерлік әлеуетін пайдалану саясаты Қытай, Үндістан, Сингапур, АҚШ, Израиль мемлекеттерінде жақсы жолға қойылған. Олар шетелде білім алып жатқан азаматтармен тығыз байланыста болып, түлектердің қайтып келуіне жағдай жасайды. Тіпті қайтып келмеген күннің өзінде шетелде тұрып та өз елінде бизнес ашуына мүмкіндік қарастырып қойған. Осылайша, олардың әлеуетін барынша пайдаланады. Дөңгелек үстел барысында мамандар шетелде оқып, жұмыс істеп жатқан азаматтарды ғылыми жобаларға қатысуға көбірек тартуды, Қазақстан экономикасы үшін тиімді бизнес жобаларды іске асыруда оларға қолдау білдіруді ұсынды. Сондай-ақ «Болашақ» жобасының шарттарын қайта қарастырып, жұмысын күшейту әрі бағдарлама бойынша оқып келгендерді көбірек ауқымды жобаларға тарту мәселелерін қозғады.
Дамыған елдердегі жағдай жақсы болғанымен, интеллектуал, ұлтжанды, мемлекетшіл азаматтар да баршылық. Олар сұраныс болса, шетелде жүріп те, елге келіп те еңбек етуге дайын.
– Швецияда болсам да, жобаларым арқылы еліме пайдамды тигізіп жатырмын. Жалпы, менің Қазақстанға барғанымнан ештеңе өзгере қояды деп ойламаймын. Өйткені осында жүріп те өз елім үшін еңбек етіп жатырмын, – дейді Мажарстан мен Швецияның жоғары оқу орындарында оқыған азамат.
«Егер жақсы ұсыныс болса, елге қуана-қуана көшіп баратын едім. Меніңше, жақсы маманның қай елде тұрып жұмыс істеп жатқаны маңызды емес. Өз білімімді елімізде де көрсете аламын. Мен жақсы ақша табу үшін ғана емес, елім үшін пайдалы болып жатқанымды да сезінгім келеді», дейді Түркия мемлекетіндегі белді университеттердің бірін бітірген отандасымыз.
Ал АҚШ-та тұрып жатқан Мажарстан университетінің түлегі «Егер Қазақстанға барып жұмыс істеп, көбірек ақша табуға мүмкіндік болса, мен үшін керемет болар еді», дейді.
Білімді де білікті маман – қоғамды алға бастайтын күш. Яғни экономикадағы ең басты капитал – интеллектуалдар. Елімізде білімді, білікті мамандар баршылық. Тек олардың мүмкіндігін толық пайдалана алмай отырмыз. Қабілетті адамдардың қанатын кең жая алатын жерді таңдап, баруы да орынды. Нарықтық заманда оған дау айта алмайсың. Дегенмен шетелде оқығандардың елге қайтып келуіне мүдделі болып, олардың әлеуетін өз еліміз үшін пайдалана алмасақ, сыртқа кетіп, келмей қалатындардың саны жыл өткен сайын еселене бермек. Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында өткен жиынның ескертіп отырғаны да осы.