Коллажды жасаған Алмас МАНАП, «ЕQ»
Тариф бекітілген кезде үш түрлі шығын ескерілетіні белгілі. Алғашқысы – стансалардан электр энергиясын сатып алу. Себебі тариф құрылымының 50 пайыздан астамы осыған жұмсалатын шығындардан тұрады екен. Бұл міндетті «Электр энергетикасы туралы» Заңға сәйкес, Энергетика министрлігі өзге мекемелердің келісімінсіз бір өзі бекітеді. Ал екіншісі – электр энергиясын беру. Мұндағы шығынның тариф құрылымындағы үлесі – 40 пайыз. Мұны табиғи монополияларды реттеу комитеті бес жылға бекітеді. Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, қайтарымды инвестициялардың жылдық лимиті өсті. Электр энергиясын генерациялау секторының инвестициялық тартымдылығын арттыру мақсатында қайтарымды инвестициялардың жылдық лимиті 32 млрд теңгеден 428 млрд теңгеге дейін көтерілді.
Электр қуаты нарығында шекті тарифті айына 1 МВт үшін 1,5 млн теңгеге дейін ұлғайту көзделген. Бұл шешім жұмыс істеп тұрған стансаларды жаңарту және жөндеу үшін генерация секторына жыл сайын 160 млрд теңге көлемінде инвестиция құюға мүмкіндік береді екен. Қазіргі электр қуаты үшін бекітілген тарифтер толыққанды жөндеу жүргізуге қажетті шығынды жаппайды деген уәж айтылады. Жетпейтін қаржы – 88 млрд теңге. Ал Энергетика министрлігі жетпейтін қаражатты өтеу үшін жыл сайын 100 млрд теңге қаржы бөлетінін айтып отыр. Қысқасы, Үкімет бұл жолы да бәрі де бақылауда екенін айтып отыр.
Электр энергиясы, газ және судың қанша тұратынын есептеп те үлгердік. Жаңа бағаның салқыны тек коммуналдық пәтердің ғана емес, қалғанының бәрінің де бағасын шарпып өтетініне дайын болуымыз керек. Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров байбалам салуға себеп жоғын айтады. Министрдің пікірінше, коммуналдық қызмет тарифтерінің жаңа деңгейі 10-нан 30 пайызға дейін өзгереді. Қысқасы, өсім шамамен 3-4 мың теңгені құрайды. Халықтың әлеуметтік жағынан аз қорғалған топтары коммуналдық төлемдер шығындарының бір бөлігін әкімдіктер өтеу мүмкіндігін пайдалана алады.
Премьер-министр Әлихан Смайыловтың айтуынша, кейінгі үш жыл бойы коммуналдық кәсіпорындарымыз іс жүзінде ешқандай кіріссіз жұмыс істеген, жөндеу мен жаңғыртуға қаражат салмаған. Мұның бәрі электр нысандарын жөндеуге жұмсалатын қаржыны он есеге дейін өсіріп жіберген. Логистикалық тізбектегі өзгерістер металл прокаты, құбырлар, арматуралар, подшипник мен электр жабдықтарының бағасын қымбаттатып жіберді.
Энергетика секторында жалақы төмен болғандықтан, білікті мамандардың өзге салаларға кетуі жығылғанға жұдырық болды. Үкімет енді «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы арқылы энергосектордың күретамырына қан жүгіртуге ниеттеніп отыр.
Энергетика саласының сарапшысы Әсет Наурызбаев осы бағдарламаны жүзеге асырған кезде тарифтің көтерілуінен түсетін пайда тарифтердің құлағында отырған олигархтардың ішегін «майлап», бүйірін жылытып келгенін осыған дейін талай рет айтқан. Ал Үкімет басшысы Ә.Смайылов болса, бағдарламаны жүзеге асырған кезде тарифтің көтерілуінен түсетін пайда біреудің қалтасына емес, өндірісті нақты жаңғыртуға жұмсалатынын, жаңа саясат тарифтерді белгілеудің бүкіл үдерісінің ашықтық, есеп берушілік және жариялылық қағидаттарына негізделетінін айтып отыр. Бұл үшін тиісті заңнамалық түзетулер, нормативтік құқықтық актілер қабылданыпты.
KPMG жақында тарифтердің техникалық аудитін аяқтағаны осыған дейін хабарланған. Тексеру барысында жалпы елдегі инфрақұрылымның басым бөлігінің жағдайы «инфаркт алдында» екені белгілі болды. 128 мың шақырым жылу, сумен жабдықтау және су бұру желілерінің жалпы тозуы – 51 пайыз. 37 ЖЭО-да жұмыс істейтін энергетикалық қазандықтардың 62 пайызы, турбиналардың 58 пайызының қызмет ету мерзімі таусылғаны және оларды ауыстыру қажет екені анықталды.
Мамандардың айтуынша, қуаттарды ауыстыруға қажетті көлем 2,5 мың МВт құрайды. Бұдан бұрын да электр стансаларының бекітілген тариф шеңберінде электр және жылу энергиясын сатудан түскен кірісі толық жөндеу жұмыстарына кеткен шығынды өтемейтіні, ал жеткіліксіз қаржыландыру көлемі 88 млрд теңгені құрайтыны белгілі болды. Жаңғыртуға және қалпына келтіруге жатпайтын ЖЭО-ларды жою және олар жаңа қуаттар іске қосылғанға дейін жұмыс істеуі үшін Ұлттық экономика министрлігі 2023 жылға жағдайды тұрақтандыру мақсатында негізгі жабдықтарды күрделі жөндеу, қазандықтарды, турбиналарды, түтін құбырларын қайта жаңарту, жаңғырту және жаңадан салу жұмыстарының көлемін анықтап, нақтылап отыр. Мұның бәрі қысқа мерзімді 182 млрд теңге көлемінде қаржыландыруды қажет етеді. Биыл 126 шақырым жылу желілерін жаңғыртуға 86,3 млрд теңге бөлінді. 3 айда 23 шақырым жылу желілері тартылды. Бұл – бас жоспардағы желілердің 18 пайызы.
2009-2015 жылдарға арналған «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы бұрын қолданыста болған, бірақ ол тек электр энергиясын өндіруді дамытуға бағытталған болса, қазіргісі де барлық коммуналдық қызметті беруге бағытталған. Жиында талқыланған 2029 жылға дейінгі жоспар сәтті жүзеге асса, 62 мың шақырым инженерлік желілерді жаңғыртуға 3 трлн теңгеге жуық инвестиция тартылып, желінің тозуын 20 пайызға дейін азайтуды межелеп отыр.
Ұлттық экономика министрі Ә.Қуантыровтың айтуынша, қазірдің өзінде 2023 жылы шамамен 250 млрд теңге инвестиция тарту перспективасы бар, соның нәтижесінде 5,8 мың шақырым инженерлік желілер жөнделеді. «Бағдарламаны жүзеге асыру іс жүзінде жүзеге асты. Жергілікті атқарушы органдар тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық кәсіпорындарымен бірлесе отырып, жөндеу жұмыстарының уақытылы және сапалы жүргізілуін қамтамасыз етуі, сондай-ақ алдағы жылдары желілердің тозуын азайту үшін құжаттаманы дайындауы қажет», деді Ұлттық экономика министрі.
Биылдың өзінде жылумен қамту саласына 112 млрд теңге, электрмен жабдықтауға 92 млрд теңге, сумен жабдықтауға 29,5 млрд теңге инвестиция тартылады. Өнеркәсіптік сектордың инвестициялық тартымдылығын арттыру мақсатында инвестициялық кірістің жылдық лимиті 32 млрд теңгеден 428 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды. Электр энергиясы нарығындағы шекті тарифті айына 1 МВт үшін 1,5 млн теңгеге дейін арттыру жоспарлануда. Бұл генерациялау секторына жыл сайынғы 160 млрд теңге көлеміндегі инвестиция ағынын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Инвестициялық келісімдерді жасаудың негізгі өлшемдері – тозуды қазіргі деңгейден 10-15 пайызға дейін төмендету, сондай-ақ компанияның жеке қажеттіліктерін азайту, отынның үлестік шығынын жобалық баламаға жеткізу және ең жақсы қолжетімді технологияларды енгізу.
Ұлттық экономика министрлігі басшысының айтуынша, екі бөлмелі пәтердің жылу үшін орташа есепшоты 20 пайызға артады. Барлық коммуналдық қызмет бойынша орташа есепшоттың өсуі шамамен 3-4 мың теңгені құрайды. Министр коммуналдық қызметтерге тарифтердің өзгеруі қалыпты екенін және орташа есеппен 10-нан 30 пайызға дейін болатынын, бұл тұтынушылар мен кәсіпорындардың мүдделерінің теңгерімі ескерілгенін айтты.
Ұлттық экономика министрлігі коммуналдық кәсіпорындар қызметінің тиімділігін арттыру мақсатында «Табиғи монополиялар туралы» заңның 22-бабына өзгерістер енгізілгенін хабарлады. Осы заңнаманың нәтижесінде коммуналдық қызметшілердің еңбекақысы, оның ішінде сантехниктер, электриктер мен дәнекерлеушілер 50 пайыздан 100 пайызға дейін, ал орташа жалақы сала мен аймаққа байланысты 135 мыңнан 200-300 мың теңгеге дейін өседі. Иесіз желілерді кезең-кезеңімен беруге қатысты 25 мың шақырымнан аса инженерлік желілер сенімгерлік басқаруға және коммуналдық меншікке беріледі.
Ұлттық экономика министрлігінің хабарлауынша, бұған дейін Премьер-министр бұл туралы «тұрғын үйі жалғыз деп танылған немесе мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйлерде тұратын аз қамтылған азаматтарды қолдау мақсатында мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй көмегі көрсетіледі. Кейінгі 4 жылда 174 мыңнан аса абонентке жалпы сомасы 5 млрд теңгеге тұрғын үй көмегі төленсе, биыл 6 айда 31 мың отбасына тұрғын үй көмегі көрсетілген.
Премьер-министр тариф мәселесінде біз алтын ортаны ұстануымыз керек екенін ашып айтып отыр. Өнеркәсіпті дамыту қажеттілігімен қатар, халықтың мүмкіндіктерін де ескеру қажеттігі тағы да айтылды.
Ұлттық экономика министрлігі дайындаған 2023-2024 жылдарға арналған негізгі міндеттер тізімінде инвестициялық бағдарлама іс-шараларының қалай орындалатыны сипатталған болатын. Онда реттелетін коммуналдық қызметтерден түсетін инфляцияға жарна дәлізінің сақталуын қамтамасыз ету, тарифтерді кросс-субсидиялаудан кезең-кезеңімен бас тарту айтылған. Ал дәл қазір «әлеуметтік тұтыну нормаларын» енгізу және тарифтердің негізсіз өсуіне жол бермеу маңызды.