Облыс басшысы шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау және дамыту мақсатында кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба аясында 180-нен аса жобаның қолдау тапқанын айтып, бұл бағыттағы қаржылай қолдау өткен жылмен салыстырғанда 40 пайызға өскеніне тоқталды. Б.Әбдіғалиұлы алдағы уақытта облыстағы шаруа қожалықтарын қаржыландыру үшін қосымша қаражат бөлу мәселесін көтерді. «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ның Ұлытау облысы филиалын ашу да күн тәртібінде тұр.
Бұрын моноқала болып есептелетін Жезқазған облыс орталығына айналғандықтан, 2024 жылдан бастап бұл «мәртебесінен» айырылады. Соған сәйкес моноқалалардағы кәсіпкерлерге берілетін салалық шектеулерсіз жеңілдікті несие алу мүмкіндігі тоқтатылады. Бұл қала кәсіпкерлеріне біршама қолайсыздық тудыратыны анық. Сондықтан да облыс басшысы Жезқазған кәсіпкерлерін қолдау үшін аумақтық бағдарлама жасау туралы ұсыныс білдірді. Қ.Шарлапаев барлық ұсынысқа түсіністік танытып, мүмкіндігінше мәселелерді оң шешуді қарастыратынын айтты.
Облыс әкімдігіндегі кездесуден соң «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасы Қ.Шарлапаев пен Ұлытау облысының әкімі Б.Әбдіғалиұлы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының кеңсесін және «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның Ұлытау филиалын ашу салтанаттарына қатысты. Бұл екі ұйымның да аймақтағы шағын және орта бизнесті дамытуға қосып отырған үлесі қомақты. Айталық, «Даму» қоры арқылы қазір облыс бойынша биылғы 7 ай мерзімде жалпы несие сомасы 9,7 млрд теңге құрайтын 211 жоба қолдау тапты. Өңірдегі жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 19 мыңға жуық. Мұндағы бөлшек тауар айналымының көлемі 45,4 млрд теңгені құрайды. Ендігі мақсат – кәсіпкерлерге одан әрі қолдау, көмек көрсетуді ұлғайта беру.
«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Ұлытау филиалының директоры Ілияс Бекмағамбетов несиелендіру 4 бағыт бойынша жүргізілетінін айтады. Оның айтуынша, «Агробизнес» бағыты бойынша облыста құны 1,3 млрд теңге құрайтын 43 несие, «Іскер» бағытымен 352 млн теңгелік 73 несие берілген. «Жастарға – шағын несие» бағыты 21-35 жас аралығындағы жас кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған. Несие 5 млн теңгеге дейін 2,5 пайыздық мөлшерлемемен беріледі. Бүгінгі таңда облыстың 26 жас кәсіпкері осы мүмкіндікті пайдаланып, өз ісін дөңгелете бастады. «Кең дала» бағыты шаруаларды көктемгі-күзгі жиын-терім кезінде қолдау бағытын көздейді.
«Мен Мибұлақ ауылдық округіне қарасты «Көктөбе» шаруа қожалығын басқарамын. Осы қордың көмегімен жеңілдікті несие арқылы асыл тұқымды мал сатып алдық. Қазір шаруамыз жақсы. Сондықтан қордың облыстағы филиалының ашылуы шаруаларды несиелендіру ісінде тың серпін береді деп ойлаймын», дейді бізбен әңгімесінде облыстық мәслихаттың депутаты Гүлнәз Омарова.
Биыл «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның Ұлытау филиалы 3,2 млрд теңге көлемінде несиелік қаржыландыруды жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Егер өткен 7 айда облыс бойынша 1,8 млрд теңгеден аса несие қаржыландырылғанын ескерсек, аймақта аталған қордың мүмкіндіктерін пайдалануға деген құштарлықтың зор екенін байқауға болады.
«Қазір мемлекет тарапынан отандық кәсіпкерлерді қолдауға барынша мол мүмкіндік жасалған. Біздің кәсіпке ден қойған азаматтарымыз «Даму», «Аграрлық несие корпорациясы» және т.б. қорлардың мүмкіндіктерін пайдалануға ұмтылуы қажет, біз халыққа қаржылық көздерді көрсетіп, түсіндіре білуіміз керек», деген Қ.Шарлапаев аймақтың дамуындағы шағын және орта бизнестің үлесі өлшеусіз екенін айрықша атап көрсетті. Ол кәсіпкерліктің мемлекет қолдауы арқылы дамитынына да назар аударды.