Өнер • 07 Тамыз, 2023

Әлемді таңғалдырған ерекше жандар

304 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Петропавлдағы С.Мұқанов атындағы театрдың жанында жұмыс істейтін «Sensitive» би ансамбльінің жетістіктері туралы «Егемен Қазақстан» газетіне талай рет жазғанбыз. Жуырда бұл ансамбль Испанияның Льорет-де-Мар қаласында өнер көрсетіп, 300-ге жуық ұжымның арасынан «Sea Sun Festival» Халықаралық конкурсының Гран-при жүлдесіне ие болды.

Әлемді таңғалдырған ерекше жандар

Ұжым қазір кіші, орта және ересек деген үш топқа бө­­лінген. Осы жолғы байқауға үш жі­гіт пен үш қыздан тұ­ра­тын ере­сектердің шағын құ­рамы ғана қатысты. Жалпы, бұл ұжым­ның ерекшелігі туралы да бұрын жазғанбыз. Олар 17 жыл бұрын Петропавлдағы құ­лағы естімей, ыммен ғана сөй­лесетін балалардың мектеп-интернатында құрылған. Мұндағы балалардың биге икемі зор екенін таныған кәсі­би биші Ольга Ростовщикова олар­дың арасына келіп, осы ұжым­ды құрған. Мектепті біті­ріп, ересектер қатарына енген ұжымды жергілікті билік С.Мұқанов атындағы қазақ театры ұжымының жанына орналастырды.

Денсаулықтарында кінәрат бар – құлағы естімей, ыммен ғана сөйлесетін жандар­ды би өнеріне баулудың қанша­лық­ты еңбекті талап ететіні бел­гілі. Олардан: «би өнерін үй­ре­тетін ұстаздарыңды қалай ұға­сыңдар?» деп сұрағанымызда жүрек тұстарын көрсетіп жауап берді. Бұдан артық жауап та жоқ болар.

Талмай талаптанып, ерін­бей еңбектенгеннің арқасын­да бұл ұжым бас айналдырар биік­терге қолжеткізді. Үсті­міздегі жылдың мамыр айын­да ғана өнер ұжымы Дубай­да өткен «Dance-fest Dubai» атты хореографиялық өнер­дің әлемдік байқауында Бас жүлдені жеңіп алған болатын. Ол кезде конкурсқа алты мемлекеттен 200-дей өнер ұжы­мы қатысқан еді. Оның алдында ұжым АҚШ-та да өнер көрсетіп, Гран-приді ұтып алған.

Енді міне, Қызылжардың ұжымы Испания байқауын да қанжығасына бөктеріп отыр. Мақтанып кетуді, асыра сөй­леуді білмейтін ұжым мүшелері қуаныштарын тек жалындаған, жарқылдаған көңіл-күйімен ғана жеткізді. Ал ұжымның жетекшісі Ольга Ростовщикованың өзі жер қоз­ғалса қозғалмайтын сабырлы жан. Облыс әкімі Айдарбек Сапаров оны қабылдап, үлкен жеңістерімен құттықтағанда да сабырлы қалпынан танба­ды. Әкім ұжым мүшелері мен оның жетекшісіне зор табыстар тілеп, сенім білдірді. Өңір басшысы өнер ұжымына барлық материалдық та, тех­ни­калық та жағдай жасал­ғанын, алдағы уақытта да осындай қолдау көрсетіле беретінін жеткізді.