Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»
Еліміздің барлық өңірінде дәстүрге айналған «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы басталды. Аталған акцияны Оқу-ағарту министрлігі 2008 жылдан бері жыл сайын 1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында өткізіп келеді. Қайырымдылық акциясы аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан, сондай-ақ асыраушысынан айырылған ерекше білім беруді қажет ететін балаларға әлеуметтік қолдау көрсетуге бағытталған. Министрліктің мәліметінше, биыл «Мектепке жол» акциясы аясында демеушілер мен меценаттардың көмегімен 200 мыңнан астам оқушыға 3 млрд теңгеден астам қаражатқа көмек көрсету көзделіп отыр.
«15 жылдан бері жалғасып келе жатқан «Мектепке жол» акциясы мұқтаж жандарға қолдау көрсетуге және жаңа оқу жылы қарсаңында барлық баланың мерекелік атмосферасын құруға мүмкіндік бермек. Өткен жылы да демеушілер мен меценаттар 3 млрд 781 млн теңге көлеміндегі сомаға 204 мыңнан астам оқушыға көмек көрсеткен. Біз өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасылар мен балаларға бейжай қарамайтын, жүрегі кең азаматтардың аталған акцияға белсенді қатысуға шақырамыз», деді Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова.
Акция барысында көмекке мұқтаж жандар үшін комитетте «74-25-28» жедел желі телефоны, сондай-ақ «BALA QORǴAÝ» telegram чаты жұмыс істейді.
«Отбасылар жалпыға білім беру қорынан алған көмектен бөлек, «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы аясында көмек алып келеді. Бұл акция дәстүрлі қоғамдық қозғалысқа айналды. Биыл аталған іс-шара 1-30 қыркүйек аралығында «Жақсылық жаса!» ұранымен өтетін болады. Акция барысында азаматтардың өтініштеріне баса назар аудару үшін білім беру ұйымдарындағы қоғамдық қабылдау бөлмелерінде үздіксіз «жедел желі» жұмысы ұйымдастырылды. Бұдан бөлек, ірі сауда орталықтарында мұқтаж оқушыларға гуманитарлық көмек көрсету пункттері ашылды», деді Оқу-ағарту вице министрі Еділ Оспан.
Сонымен қатар елімізде мұқтаж отбасыларға қаржылай көмек көрсету және балалардың білім алу құқығын 100 пайыз қамтамасыз ету үшін арнайы құрылған жалпыға бірдей білім беру қоры бар. Белгіленген тәртіпке сай жалпыға бірдей білім беру қоры аясында атаулы әлеуметтік көмек ата-ана қамқорлығынан айырылған, жетім балалар мен жан басына шаққанда табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аз және әлеуметтік көмекке құқылы отбасыларға беріледі. Министрлік мәліметінше, биыл қордан оқушылар үшін мектеп формасы мен оқу құралдарын сатып алуға 18,7 млрд теңге бөлінеді. Ал әрбір білім алушыға берілетін материалдық көмектің ең төменгі мөлшері – 40 567 теңге. Республика бойынша көмек көрсетудің ең жоғары мөлшері Павлодар облысында – 47,3 мың теңге.
Е.Оспанның айтуынша, халықтың әлеуметтік осал санатындағы 450 мыңнан астам балаға қаржылай қаржылай көмек беріледі. Өткен жылғы Үкімет қаулысына енгізген өзгеріске сәйкес ата-аналар мен балалар мектеп формасын, аяқкиімді, кеңсе тауарларын және жеткізушілерді өздері таңдау үшін олардың есепшотына қаржы аударылады.
«Әрбір білім алушыға киім, оқу құралдарын сатып алуға арналған қаражаттың ең төменгі мөлшері 40 567 теңге болып тағайындалды. Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін бөлінген сома 17 мыңнан басталып, түрліше өзгерген болса, биыл барлық өңір үшін 40,6 мың теңгеден бастап мектеп жиынтығын сатып алуға қаржы қарастырылып отыр. Бүгінде білім басқармасы отбасындағы әрбір оқушыға мектеп жинақтарын сатып алу үшін ата-анасының немесе оларды алмастыратын тұлғалардың есепшотына ақша аудару үстінде. Ата-аналар аталған тауарларды сатып алғаннан кейін оны растайтын құжатты ұсынуы керек. Материалдық көмекті алу үшін әр ата-ана мектеп директорының атына өтініш жазуы шарт. Сондай-ақ өңірлерде «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, мектеп жәрмеңкелері ұйымдастырылады. Мәселен, автодүкендерде жеңілдетілген бағамен мектеп киімдері мен кеңсе тауарлары сатылады. Аталған жұмыстар барлық облыста тамыз айының соңына дейін аяқталмақ», деді Е.Оспан.