Жазғы демалыс бел ортасынан асса да, лагерьлердегі жұмыс әлі қызып тұр. Астананың іргесіндегі «Боровичок» сауықтыру орталығына барғанда осыған тағы да көз жеткіздік. Орталық алда келе жатқан айтулы дата – Абай күніне орай арнайы іс-шара ұйымдастырды. Көппен бірге біз де соның куәсі болдық. Астана қалалық білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев бастап барған делегация оқушылардың орындауында Абай әндері мен өлеңдерін, қарасөздерін тыңдады. Балалар арасында түрлі интеллектуалды ойындарды тамашалады.
«Жазғы лагерьде балалардың демалуы мен сауықтыруына қандай жағдай жасалып жатқанын көру үшін жиналдық. Осы бір ізгі ниетіміз Абай күнімен тұспа-тұс келіпті. Соған орай лагерьде Абай күніне арналған іс-шаралар өтіп жатыр. Әр кезеңнің өз бағыты бар. Соған сәйкес осы кезеңді Абай күніне арнадық. Бұған дейінгі іс-шаралар Астана күні мен Балалардың құқықтарын қорғау күніне орайластырылған еді. Жалпы, жазғы маусымда лагерьлерде балалардың тәрбиесіне, ұлттық құндылыққа ерекше көңіл бөлу көзделген», деді басқарма басшысы.
Қасымхан Сенғазыевтың айтуынша, ұлттық құндылықтарға сәйкес тәрбие, білім беру үдерісі тек лагерьде ғана жүргізілмейді. Басқарма мұны үздіксіз үдеріске айналдыру бағытында жұмыс жүргізіп жатыр.
«Мәселен, былтыр мұны бес мектепке пилоттық негізде жоспарға енгізген болатынбыз. 2022-2023 оқу жылында 20 мектепке көбейттік. Қазір қалған мектептердің өкілдері де оқу біліктілігін арттыру курстарынан өтіп жатыр. 2025 жылға дейін барлық мектеп ұлттық құндылықтарда негізделген білім беру бағыты бойынша жұмыс істейтін болады. Қанатқақты жоба ұйымдастырылған кезде тек бір мектептің өзінен оң өзгерістерді байқадық. Айталық, бұл жоба қаладағы №8 мектепте ойдағыдай іске асырылды. Нәтижесінде, мұнда балалардың сабаққа кешігуі, сабаққа келмей қалуы секілді тәртіп бұзушылықтар тіркелген жоқ. Оқу жылы бойы ешқандай құқық бұзушылықтар тіркелмеген. Бұл – сабақ беру үдерісінде тәрбиеге көбірек көңіл бөлгеніміздің нәтижесі», деді ол.
Елордада жазғы кезеңде балалардың шамамен 98 пайызы жазғы лагерьмен қамтылған. Бұл 1-ден 10 сыныпқа дейінгі 186 мыңнан астам оқушы болса, оның ішінде аз қамтылған және жетім балалар шамамен 10 мыңды құрайды. Қаланың білім беру ұйымдарының базасында 155 демалыс лагері, оның ішінде 85 мектеп жанындағы лагерь, 68 бейіндік лагерь жұмыс істеді. Қала сыртындағы «Арман», «Боровичок» лагерінің 1, 2, 3, 4 кезеңінде
1 363 бала қамтылған. Оның ішінде 500 бала «Жалпыға бірдей міндетті оқумен қамту» бағдарламасы аясында тегін қамтылыпты. Бұл лагерьлерде балалардың демалысы 29 тамызға дейін жалғасады.
Лагерьде демалып жатқан балалармен де тілдесіп көрдік. Рахметолла Астанадағы Абай атындағы №87 мектеп-гимназияның 4-сыныбын бітіріпті.
«Маған мұндағы демалыс ұнады. Абай күніне арналған іс-шараларға белсене қатысуға тырыстым. Өйткені өзім Абай атындағы мектепте оқимын. Біздің мектепте хакім атамызды насихаттауға ерекше көңіл бөлінген. Мұндағы әрбір оқушы оның өмірбаянын, шығармаларын жақсы біледі. Өз басым Абай атамыздың 50-ге жуық өлеңін жатқа білемін», дейді Рахметолла.
«Бұл лагерьге жыл сайын келемін. Жаңа достар тауып, қызықты күндердің куәсі боламыз. Мұнда тек ойын ойнап қана қоймай, түрлі танымдық іс-шараға да қатысамыз», дейді астаналық Александр есімді оқушы.
Салтанат БАЙТЕКЕНОВА,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің 4-курс студенті