Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Ақтоты Боранова министрлікте «Электросамокаттар және оларды жолдарда пайдалану кезіндегі әрекеттер алгоритмі» тақырыбында жиын өткенін хабарлады. Жиынға қатысушылар жаяу жүргіншілер мен самокатшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жаңа шектеулер енгізуді ұсынды.
«Халықты енгізілген шектеулер туралы хабардар ету мақсатында мобильді қосымшаларды пайдалану ұсынылды. Бұл қосымшаларда самокатты арнайы белгіленген орындарға орналастырмайынша, сапар аяқталды деп есептелмейді. Жиынға қатысушылар электросамокатты жарықтандырылмаған жерлерде, саяжай жолдарында және кәмелетке толмағандардың пайдалануына тыйым салуды енгізуді ұсынды. Самокатты кәмелетке толмағандар пайдаланбауы үшін салмақ санаттарына тыйым салу мәселесі де қозғалды. Мәселен, самокатқа салмағы 30 келі және одан жоғары адам міне алады», деп түсіндірді Ақтоты Боранова.
Оның айтуынша, Ішкі істер министрлігі тәртіп пен ереже бұзған электросамокатшыларды «қара тізімге» енгізуді жоспарлап отыр.
«Кикшеринг компаниялары нашар клиенттердің жалпы тізімін құруды ұсынды. Мұндай пайдаланушылар кикшерингпен айналысатын компаниялардың қызметімен пайдалана алмайды», деп қосты Ақтоты Боранова.
«Қара тізімге» жол ережесін бұзған, жолаушылар мен жүктерді тасымалдау ережелерін сақтамаған немесе самокатты жолаушылар тасымалына кедергі келтіретін жерлерде қалдырғандар енгізіледі.
Айта кетсек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылдың 29 маусымында «Кейбір заңнамалық актілерге жол жүрісін ұйымдастыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойған еді. Бұл заңда электросамокат жүргізушілеріне салынатын айыппұлдар мен бірқатар жаңа ережелер белгіленген. Заң 30 тамызда күшіне енеді.