Осыдан екі жыл бұрын ғана толықтай жөндеуден өткен аудан орталығы Силантьев кентіндегі спорт кешені алыс-жақыннан жиналған жұртқа лық толды. Спорт мерекесі әсем ән-күймен, көпшілікті саламатты өмір салтына үндейтін театрландырылған қойылыммен ашылды. Одан кейін облыстың 20 өңірінен келген спортшылар сап құрып, спартакиада алауы жағылды. Салтанатқа арнайы келіп қатысқан аймақ басшысы спортшыларға сәттілік тілеп, жиналған жұртқа құттықтау сөзін арнады.
– Баршаңызды отыз алтыншы «Тың-Целина» спартакиадасының ашылуымен құттықтаймын. Бұл айтулы дода бұқаралық спортты одан әрі дамытуға, достықты нығайтуға және ортақ мақсаттарға жетуге көмектеседі. Біздің міндет – Қостанай облысын еліміздегі ең спортқа жақын өңірге айналдыру. Сондықтан спорт инфрақұрылымын жақсартуға күш саламыз. Алдағы уақытта барлық ауданның орталық стадиондарын күрделі жөндеуден өткізіп, аудан орталықтарында сауықтыру кешендерін, оның жанынан жабық мұзайдындарын салуды жоспарлап қойдық. Бүгінде облыста 340 мыңға жуық адам немесе халықтың 40 пайызы белсенді түрде спортпен шұғылданады. Оның ішінде 85 мың бала тұрақты түрде спорт секцияларына барып, белгілі бір спорт түрімен айналысып жүр. Бұл – бұқаралық спортты насихаттау бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың жемісі екені сөзсіз, деді Құмар Ақсақалов.
Облыс әкімі одан кейін өңір спортының дамуына еңбек сіңірген бірқатар спортшыға арнайы диплом мен ақшалай сыйлық табыс етті.
Кешкілік спартакиаданың ашылу салтанатына арнайы шақыртылған Қайрат Нұртас, Әміре және Калифарния сынды эстрада жұлдыздарының концерті басталды. Көпшілік, әсіресе жастар арасында кең танымал болған өнерпаздарды ерекше ықыласпен қарсы алып, өнерлерін тік тұрып тамашалады. Концерт соңы би кешіне ұласып, халық шат-шадыман көңіл күймен тарқасты.
Келесі күні өз өңірлерінің намысын арқалай келген 20 команданың бәсекесі басталды. Спорт ойындары бір мезетте ауданның әр тұсында өтіп жатты. Бұл жерде әр ауданнан келген командалар құрамындағы спортшылар саны жағынан бірдей болмағанын айта кеткен жөн. Мәселен, жарысқа Рудный қаласының атынан 100-ден аса спортшы шықса, облыс орталығынан шалғай жатқан Жангелдин ауданының жалауын көтерген спортшылардың саны – елудің айналасында ғана.
– Доп ойындарын қоспағанда, біз командалық ойындардың біразына қатыса алмаймыз. Өйткені Торғай өңірінде спартакиада бағдарламасындағы спорт түрлерінің біразы жоқ. Жекелеген спорт түрлерінен қатысушылар жеткілікті. Мысалы, өзім қазақ күресінен сынға түсуге келдім. Жалпы, командалық ұпай жинауда ірі қалалармен бәсекелесу оңайға түспесі анық. Дей тұрғанмен, жерлестеріміз намысты қолдан бермей, жақсы нәтиже көрсетеді деген үміттемін, – деді Жангелдин ауданына қарасты Қалам-Қарасу ауылының әкімі Берік Мұхамбедин.
Силантьев, Обаған және Большой Чураков ауылдарына қоныстанған спортшылар спартакиада кестесіне сәйкес үш күн бойы сынға түсті. Жарыстың алғашқы күні грек-рим күресінің үздіктері анықталды. Командалық есепте Қостанай қаласы – бірінші, Қостанай ауданы – екінші, Әулиекөл ауданы үшінші орын иеленді. Кір көтеру бойынша Қостанай қаласының спортшыларына ешкім шақ келмеді. Арқалық қаласының білектілері екінші орыннан көрінсе, Қостанай ауданының спортшылары үшінші орынға табан тіреді. Жеңіл атлетикадан жітіқаралықтар мен Лисаков қаласының желаяқтары жеңіс тұғырынан көрінді.
Облыстың оңтүстік өңірлері қазақ күресінен қай кезден-ақ үздік нәтиже көрсетіп келеді. Осы жолғы спартакиада-
да командалық есеп бойынша, Арқалық қаласының балуандары жеңісті жұлып әкетті. Айталық, 60 кило салмақта Әкімбек Қайрат, 90 килода Нұрсұлтан Сәлімжан, 100 килода Бекболат Жасұлан жеңімпаз атанып, команда жеңіс тұғырынан көрінді. 2-орынды Қостанай қаласы иеленсе, 3-орын Қостанай ауданына бұйырды. Дзюдо күресінен де Арқалықтың ерлер және қыздар командасына шақ келетін ешкім табылмады.
Көпшіліктің делебесін қоздырған тартысты бәсекенің бірі – ат жарысы болды. 6 шақырымдық құнан бәйгеде Меңдіқара ауданынан келген Елнұр Өтегеннің «Бесқара» атты жүйрігі көмбеге бірінші келді. 12 шақырымдық топ бәйгеде Әулиекөл ауданынан келген «Ноғай Қара» топ ішінен қара үзді. Ал 20 шақырымдық аламан бәйгенің бас жүлдесі Атырау облысының «Тойторы» деп аталатын тұлпарына бұйырды.
– «Бесқара» өзім баптап жүргелі бері аз жүлде олжалаған жоқ. Үнемі үздік үштіктің қатарынан көрініп жүр. Осы жолы да бағы мен бабы қатар келісіп, құнан бәйгеде бірінші келді. Қуаныштымын. 300 мың теңге қанжығаға байланды. Бұйыртса, әлі талай бәйгелерде жұлдызы жанады деп сенемін, – дейді атбегі Елнұр Өтеген.
Сонымен жарыстың үшінші күнін доп ойындары түйіндеп, түс ауа облыстық спартакиаданың қорытындысын жариялауға арналған рәсім өтті. Жарыстың бас төрешісі, облыстық Дене шынықтыру және спорт бөлімі басшысының орынбасары Елена Киреева жиырма команданың үш күн бойы жиған ұпайларын жария етті. Аудандар арасында Қарасу – үшінші орын (234 ұпай), Бейімбет Майлин ауданы – екінші (236 ұпай), Қостанай ауданы бірінші орын (278 ұпай) иеленді. Ал жалпыкомандалық есепте спартакиаданың бас кубогі 317 ұпай жинаған Қостанай қаласының спортшыларына бұйырды. Қостанай осымен оныншы рет чемпион атанып отыр. Рудныйлықтар 295 ұпаймен 2-орынды еншілесе, Қостанай ауданының спортшылары 3-орынды қанағат тұтты.
Спорт мерекесінің жабылу рәсімінде дәстүрлі спартакиадасының байрағы Қарабалық ауданына табыс етілді.