![«Спорт әскеріміздің сапасын күшейтеді»](/media/2023/08/08/c943be74-da78-4307-83c3-8bdaf8f84679.jpeg)
– Жекпе-жек ұрыстан Ұлттық ұланның бес мәрте чемпионы қай жерде өмірге келді?
– Мен 1992 жылы Ақтау қаласында дүниеге келгенмін. Сол қаладағы №23 мектепті аяқтаған соң, денешынықтыру мамандығы бойынша кәсіби-техникалық колледжіне оқуға түстім. Кейін білім алуды Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инженеринг университетінде жалғастырдым. 2014 жылы Отан алдындағы борышымды өтеуге аттандым. Ал 2016 жылдан бері әскери қызметтемін. Жекпе-жек ұрыспен 15 жылдан бері айналысып жүрмін.
– Әскери қызметке қалай келдіңіз?
– Жақындарымның арасында әскери қызмет атқарғандары жоқ. Бұл салаға өзімнің саналы таңдауыммен келдім. Өзіме ұнайды. Бұдан артық не керек? Сондықтан өз шешіміме өкінбеймін. Әрі-беріден соң ел игілігі жолында еңбек етіп жатырмыз деп санаймын.
– Әскери қызмет пен спортты қалай ұштастырып жүрсіз?
– Әскери салада жұмыс істейтін азаматтар үшін спортпен шұғылдану аса маңызды. Әскери тұлға – дене бітімі келіскен, шымыр, батыл да батыр адам. Ал мұндай жан спорттан қалайша алыс болады? Жалпы, кез келген азамат әйтеуір бір спорт түріне бейім болады. Тым болмағанда, саламатты өмір салтын ұстануға тырысады. Мұның өзі – жетістік. Меніңше, екеуі бір-біріне кедергі келтірмейді. Сондықтан әр ұландық спортпен шұғылдана білгені жөн. Бұл әскеріміздің сапасын арттырады.
– Бізге сіздің спорттағы алғашқы қадамыңыз қай кезде басталғаны қызық.
– Спортқа 10 жаста келдім. Жастайымнан шаруаға ыңғайлы, спортқа әуес бала болып өстік. Шәкірт ретінде ең алғаш рет Алексей Мещеряковтен тәлім алдым. Кейін Ұлттық ұланның спорт командасын даярлау орталығының бастығы полковник Сәтжан Әбішевтің қол астында жаттыға бастадық. Сол кісілер бізді әркез жігерлендіріп, барынша қолдап отырды.
– Спортты өмірлік серік еткен талай азамат әскердің мақтанышы саналады. Тіпті олардың арасында еліміздің мерейін асырып жүргендер де көп. Солардың бірі – өзіңіз.
– Асыра мақтап жіберген сияқтысыз (күліп). Шүкір, ұзақ
жаттығудың нәтижесінде біршама жетістіктерімнің бары рас...
– Атап өтсеңіз, артық болмас еді.
– Әлем чемпионатында әмбебап жекпе-жектен бірінші орын иеленгенмін, жекпе-жек ұрыстан Әлем кубогінің күміс жүлдесін, дәл осы спорт түрінен еліміздің екі дүркін, Ұлттық ұланның 5 дүркін чемпионы болдым. Бұдан бөлек, 2 рет ел кубогінің иегері атандым. Айтпақшы, биыл 16-17 маусым күндері Астанада өткен жекпе-жек ұрыстан әлем чемпионатында 3-орын алдым. Негізі бұдан да жақсы нәтиже уыста тұрған. Өкінішке қарай, алған жарақатымның салдарынан кезекті жекпе-жекке шыға алмай қалдым.
– Алда қандай жарыстар күтіп тұр?
– Қазіргі сәтте сауықтырудан өтіп, жоспарлы жаттығуларымды қайта жандандырып жатырмын. Өйткені алдағы қараша айында елордамызда өтетін Қорғаныс министрінің кубогіне таласпақ ойым бар. Бұйырса, өзімнің бабымда екенімді сол жерде қайта дәлелдеп бергім келеді.
– Бос уақытыңызды қалай және қайда өткізесіз?
– Мұндай сәтте теңіз жағалап, жаяу серуендегенді құп көремін. Өйткені қазіргі техника мен технология дамыған заманда өзімізді-өзіміз күтпесек болмайды. Сол себепті жаяу жүру денсаулыққа өте пайдалы. Мұны мен айтпасам да оқырмандар жақсы біледі. Оның үстіне күйбең тірліктен бір сәтке оқшауланып, оңашаланған да ұнайды. Сана сергісе, жүрек тыншиды. Жаныңа жайлылық сыйлай алсаң, өзіңді өзің тәрбиелегенің. «Жеңістің ең үлкені – өзіңді өзің жеңу» деген сөзді естіп едім. Жаны бар сөз. Кержалқау жанның жанын қаритын, босбелбеу жігіттің намысын оятатын-ақ сөз. Сондықтан мен бос уақытымда өзімді физикалық тұрғыда ғана дамытпай, рухани жетілдіруге де күш саламын.
Әңгімелескен
Жанболат КЕНЖЕҒҰЛ,
журналист