Жоғары оқу орнына құжаттарды онлайн тапсыру талапкерлерге тиімді-ақ, әсіресе өзге өңірлерден келетіндерге. Өйткені алыс жолды еңсеріп, Астанаға келудің қажеті жоқ. Осылайша, виртуалды форматта қабылдау тәсілі шығынды азайтып, уақытты үнемдеуге мүмкіндік беріп отыр.
Талапкерлер құжаттарын тапсырып, оқу шартына электронды қолтаңба арқылы қол қояды. Университет әкімшілігінің айтуынша, талапкерлерге қолайлы болу үшін виртуалды консультациялар Whereby платформасында өткізілген. Сондай-ақ қабылдаудың жаңа тәсілінің ең бір артықшылығы – CRM жүйесі арқылы әрбір талапкерге жеке кеңесші тағайындалған. Жеке кеңесші талапкердің оқуға түсуіне дейінгі үдерісті толықтай назарында ұстап, сапалы әрі уақытылы қызмет көрсетеді.
Виртуалды құжат тапсырған талапкерлердің ата-аналары жаңа тәсілдің тиімді тұстары мен артықшылығы көп екенін айтады.
– Ақтау қаласында тұратындықтан, қажетті құжаттарды онлайн тапсыру өте ыңғайлы болды. Біз қабылдау комиссиясына жүгініп, Нұрай атты қызды жеке кеңесші ретінде таңдадық. Кеңесшіміз өтініш беру үдерісінде бізбен байланыста болып, қабылдауға қажетті құжатты жинауға көмектесті, – дейді ақтаулық талапкердің анасы Ақмарал.
Университет онлайн кезек жүйесін де қарастырған. Яғни талапкерлер жеке кеңесшіні таңдап, тіркеледі. Сондай-ақ қызмет сапасын одан әрі жақсартуға кеңесшінің жұмысын бағалау жүйесі бар. Кеңес беру аяқталғаннан кейін талапкерлер түсіндіру барысындағы кемшіліктерді немесе өзіне ұнаған артықшылықтарды жаза алады.
– Біз университетімізге түскісі келетін талапкерлердің қабылдау үрдісін барынша қолжетімді әрі ыңғайлы етуге тырысамыз. Құжаттарды тапсырудың жаңа тәсілдерін енгізу және жеке кеңес беру талапкерлерге осы маңызды кезеңнен оңай өтуге көмектеседі, – деді Maqsut Narikbayev University қабылдау комиссиясының жетекшісі Арман Серікжанұлы.
Университет қолданысқа енгізген виртуалды платформада қабылдау әдісі көп жағынан тиімді. Өзге университтерге де үлгі болатындай жақсы мысал.