Банк • 08 Тамыз, 2023

Тоғыз банк таратылады

192 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі әлеуметтік желілер мен БАҚ-та таратылып жатқан елімізде жұмыс істеп тұрған 9 банкті тарату туралы ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтінін хабарлады. Қазіргі уақытта елімізде екінші деңгейдегі 21 банк жұмыс істеп жатыр. Бұдан басқа, яғни аталған екінші деңгейдегі тағы 9 банк – 2007 жылдан бері тарату үдерісінде.

Тоғыз банк таратылады

Агенттіктің хабарлауынша, тарату процесінде тұрған аталған 9 банктің лицензиялары 2007 жылдан 2021 жылға дейінгі кезеңде кері қайтарып алынды. Атап айтқанда, бұлар – Валют-транзит банк (тарату – 2007 жылғы 1 наурыздан бастап); Қазинвестбанк (2018 жылғы 24 қаңтардан бастап); Delta Bank (2018 жылғы 25 сәуірден бастап); Qazaq Banki (2018 жылғы 12 желтоқсаннан бас­тап); Астана Банкі (2019 жыл­ғы 9 қаңтардан бас­тап); Эксимбанк Қазақстан (2019 жылғы 16 қаңтардан бастап); Tengri Bank (2021 жылғы 15 ақпаннан бастап); AsiaCredit Bank (2021 жылғы 22 шілдеден бастап); CapitalBank Kazakhstan (2021 жылғы 5 қазаннан бастап).

«Таратылатын банктердің тарату өндірісінің барысы туралы ақпарат тоқсан сайын агенттіктің ресми сайтында «Қаржы нарықтары – Банк секторы – Тарату үдерісі – Тарату процесінің ағымдағы мәртебесі туралы ақпарат» бөлімінде орналастырылады. Биыл 1 шілдедегі жағдай бойынша таратылатын банк­тер бойынша өзекті ақпарат сайтта 14 шілдеде орналастырылды. Осыған байланысты тарату үдерісі жұмыс істеп тұрған 21 екінші деңгейдегі банкке қатысты емес, лицензия­лары 2007-2021 жыл­дары қайтарып алынған басқа 9 банкке қатысты жүр­гі­зіледі. Жұмыс істеп тұр­ған 21 екінші деңгейдегі банктен лицензияларды кері қайтарып алу жоспарланып отырған жоқ», делінген ресми мәлімдемеде.

Қазіргі уақытта елімізде банк секторында 21 екінші дең­гейдегі банк бар, оның ішін­де 12 банк шетелдің қаты­суымен, оның 8-і – еншілес банк.

Бүгінгі таңда банк секторы тұрақты, банктер барлық пруденциялық нормативтерді орындауда. Банк секторының активтері 46,6 трлн теңгені құрайды. Екінші деңгейдегі банктерде 13,7 трлн теңгені немесе жиынтық активтердің 29,4%-ын құрайтын өтімділігі жоғары активтердің елеулі қоры бар. Бос өтімділіктің болуы банктерге өз міндет­теме­лерін толық көлемде орын­дауға мүмкіндік береді.

Банк секторының меншік­ті капиталы – 5,7 трлн теңге. Қар­жы институттарының негізгі капиталының жеткі­ліктілік коэффициенті (k1) 18,6%-ды, меншікті капиталының жеткіліктілік коэффициенті (к2) 21,4%-ды құрады, бұл заңнамада белгіленген нормативтерден (min. тиісінше 5,5% және 8%) айтарлықтай асып кетеді және банк секторындағы ықтимал тәуекелдерді өтеуді қамтамасыз етеді.

Сонымен қатар кредит порт­фелінің сапасы тұрақты бо­лып қалып отыр. Жұмыс істемейтін NPL қарыздардың үлесі несие портфелінің 3,6%-ын құрады. Жұмыс істемейтін кредиттерді провизиялармен өтеу жоғары деңгейде қалып, 77,4%-ды құрайды.