![Қолдан жасалған тапшылық пен қымбатшылық өңірде қалай шешілді?](/media/2023/08/09/onhir-08-08-1.jpg)
Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Сайлаушыларының тосын шешімге бару себебін саралаған депутаттар тапшылық пен қымбатшылықтың қолдан жасалғанын анықтапты. Мысалы, жанар-жағармай сатушылары «біз ұсындық, шаруалар бас тартты» деген уәжбен бүкіл өнімін сатып жіберіп жүрген. Шаруаларға жанар-жағармай бөлудің кестесін қайта қараған мәслихат депутаттары қолдан жасалған тапшылықтың мән-жайын нақты деректермен жеткізгеннен кейін облыс әкімінің тікелей араласуымен мәселе шешімін тапты. Мәслихаттың араласуымен шешілген тағы бір мәселе – тыңайтқыштардың қымбаттығы.
– Қазақстан бойынша селитраның жалғыз өндірушісі бар. Сол компаниядан селитра алуға мемлекет тарапынан субсидия бөлінеді. Мысалы, бір келісі 180 теңге тұрса, 80 теңгесін мемлекет өтеп береді. Сонда шаруалардың тыңайтқышты тасымалдаумен қосқандағы шығыны 118 теңгені құрайтын. Алайда араға делдалдар түсіп кетіп, селитраның бағасы 140 теңгеге дейін өсті. Келіссөздер пайда бермеген соң шаруалар шу көтеріп, осы мәселемен облыстық мәслихатқа келді. Арнайы жиын өткізіп, тыңайтқыш өндірушісіне бассыздықты тоқтату жайлы қатаң талабымызды жеткіздік. «Алдын-ала қаржысын жинап, селитраны шетелден екі есе төмен бағамен аламыз. Ал Ауыл шаруашылығы министрлігіне арнайы хат жіберіп, отандық селитра өндірушіге субсидия берудің тоқтатылуын талап етеміз», деп шарт қойдық. Содан кейін ғана селитра өндіруші тәубесіне келіп, бағаны арзандатты, дейді Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы, «Amanat» фракциясының мүшесі Нұралы Әбішев.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген кеңесінде жергілікті мәслихаттардың алдындағы нақты міндеттерді атап, депутаттар электораттың өзекті мәселелерін шешуде күнделікті қажырлы жұмысқа көшіп, кәсібилік пен жауапкершілік танытуға тиіс екенін айтқан еді. Жоғарыда еске салып өткен, тапшылық пен қымбатшылықтың алдын алуға бағытталған басқа да игі істер депутаттар танытқан кәсібилік пен жауапкершіліктің бір көрінісі дер едік. Сондай-ақ мәслихат депутаттары облыстық басқарма басшыларының есебін тыңдап, атқарып отырған жұмысын бағалауға да тың көзқараспен келіп отыр. Яғни баяндама тыңдаумен шектелмей, депутаттардың қатысуымен арнайы комиссия құрылады. Ол комиссия мүшелері облыстың барлық аудан, қалаларын аралап, саланың жағдайымен етене танысады. Басқарма басшысының жұмысы қанағаттанарлықсыз болса, шара көру мәселесін сессияға шығарады.
Жуырда депутаттар облыс спортының ахуалы мен атқарылған жұмыстарын саралап, бірқатар кемшілікті анықтаған. Бір ғана мысал, облыс көлемінде дені дұрыс стадион некен-саяқ екеніне мәслихаттағы тұрақты комиссия мүшелері аудан, қалалардағы спорт нысандарын аралау барысында көз жеткізген. Басқасын айтпағанда, облыс орталығы Түркістан мен оған жақын Кентаудағы стадиондар оңып тұрған жоқ. Бірі жөндеуден өткізілуде, жөндеуден өткендерінің өзінде проблемасы бар. Ескісі бар, жаңасы бар футбол алаңдары жөндеуді қажет етіп тұрғандықтан түркістандық кәсіби командалар кездесулері мен жаттығуларын Шымкентте өткізуге мәжбүр болған. Осы сынды бірқатар кемшілік бойынша мәслихат жуырда облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының қызметіне қатысты облыс әкіміне ұсыныс білдірген.
– Басқарма басшысының жұмысы депутаттардың көңілінен шыққан жоқ. Бұрын-соңды мәслихат тарапынан қандай-да басқарманың басшысына шара көрілсін деген ұсыныс жасалмаған еді. Біз осыған алғаш рет қол жеткізіп отырмыз. Бүгінгі қоғам жаңашылдықты талап етеді. Елімізде Конституциялық реформалардың қолға алынуы – осының айғағы. Халықтың талап-тілегіне құлақ түру, кемшіліктермен жұмыс істеудің жаңаша әдіс-тәсілдері қалыптасқанын атап өткен жөн. Жаңа құрамдағы мәслихаттың алғашқы қадамдарынан-ақ өзгерісті байқауға болады. Менің 17 жылдық депутаттық тәжірибем бар. Яғни мәслихаттың алдыңғы құрамдарымен салыстырып айта аламын. Қазіргі шақырылымдағы депутаттар өте білімді, әрқайсысы – туған жерінің патриоты. Әрқайсысы өзі сайланған аймақтың өзекті мәселелерін, сайлаушыларының мұң-мұқтажын жақсы біледі әрі соларды шешуге барын салуда. Жалпы, елдiң алдында тұрған экономикалық және әлеуметтiк мiндеттердi орындауға ықпал етуде жергілікті мәслихат маңызды рөл атқарып келеді. Мысалы, жыл басынан бері облыстық мәслихаттың 4 сессиясы өткізіліп, түрлі салаларға қатысты маңызды мәселелерді реттейтін 53 шешім қабылданды. Облыстың жылдық бюджеті 2 рет нақтыланды. Биылғы бюджет көлемі 1 трлн 325 млрд теңгені құрады. Бұл соманың жартысынан астамы әлеуметтік салаға бөлінді. Бұл өз тұсында облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты бірқатар міндеттерді шешуге септігін тигізді, дейді Н.Әбішев.
Сондай-ақ төраға қоғамдық қабылдауды кабинетте емес, елді мекендерге барып, қарапайым көпшіліктің ортасында өткізуге, дәлірегі, халықтың талап-тілегін тыңдап қана қоймай, көзбен көре мәселелерді жедел шешудің көшпелі форматына бет бұрып жатқан әріптестерінің аз емес екенін айтады. Депутаттар 100-ден аса қоғамдық қабылдау өткізсе, тұрғындарды толғандыратын мәселелер бойынша облыстық мәслихатта Н.Әбішевтің төрағалығымен 6 жиын өткізіліп, тиісті органдарға 17 хаттамалық ұсыныс берілген. Бүгінде ол ұсыныстардың 8-і орындалып, 9-ы бойынша жұмыс жүргізілуде.
«Әрине, депутаттар халықпен тығыз байланыста болуға тиіс. Дегенмен қайта-қайта кездесу ұйымдастыра беріп, тұрғындардың мазасын ала беруге де болмайды деп есептеймін. Қазір аудан басшылары тұрақты түрде елмен есепті кездесулерді өткізіп тұрады. Облыстық мәслихат депутаттарынан бөлек аудандық мәслихат депутаттары да бар, олар да сайлаушыларын жинап, басқосуларды өткізеді. Тұрғындарды толғандырып жүрген сауалдарды әріптестерім жақсы біледі. Сондықтан біз уақытты халықпен кездесуге емес, халықтың мәселесін шешуге жұмсағанымыз жөн. Депутаттарға қойылатын талаптар бар. Қазір мәслихат жұмысының регламентіне бірқатар өзгеріс енгізгелі отырмыз. Мәселен, сессия немесе тұрақты комиссияның отырыстарына қатарынан екі рет себепсіз қатыспаған депутатқа шара көріледі. Үш рет келмейтін болса, оның депутаттық мандатын қайтару туралы ұсынысты сайлау комиссиясына береміз. Осында отырып кейбір депутаттар мәлімдеме жасаймын деп шектен шығып, артық сөз айтады. Басқа адамның құқығын таптауға жол бере алмаймыз. Бұл да – депутаттық этика мен әдеп мәселесіне тікелей қатысты дүние. Жалпы, депутаттарға сессияда еңсесін тік ұстап, пікірін еркін айтуға барлық мүмкіндік жасалған, құқық берілген. Ешкімге шектеу қойылмайды. Әріптестер әр сессияларда ой-пікірін бүкпесіз айтып та жүр. Тұрақты комиссияларда мәселелер ашық талқыланады. Мәслихаттың бұрынғы шақырылымдарындай емес, қазір еркіндік бар», дейді облыстық мәслихат төрағасы.
Биыл мәслихат депутаттары жергілікті атқарушы органдарға 154 депутаттық сауал жолдаған. Оның 86-ы немесе 56%-ы қанағаттандырылып, орындалған. Ал қалған 68-і орындалу үстінде немесе оларға заңнама талаптарына сәйкес түсініктемелер берілген. Депутаттық сауалдарда негізінен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, құрылыс, инфрақұрылым, қаржы және экономика, білім, денсаулық және әлеуметтік салаға қатысты мәселелер көтерілген.