Талантты ғалым осы бағытта бес жылдан бері зерттеу жүргізіп келеді. Ғылыми жоба жасанды интеллектке негізделген және сөйлеу мен есту қабілеті бұзылған жандарға арналған. Сондай-ақ жүйе қазақша ымдау тіліне бейімделген. Мұны оның негізгі бірегейлігі деп айтуға болады. Жүйені әзірлеу барысында ғалым бір ымның бірнеше нұсқасын дайындаған. Оларды көрсетілу күрделілігі бойынша топтарға бөліп, әрқайсысына жасанды нейронды желі моделін әзірлеген.
– Болашақта бұл жүйе арқылы ым әліпбиі мен ым тілін білетін сурдоаудармашыларды даярлай алады. Мұндай мамандар түрлі мемлекеттік ұйымға қажет екені анық. Енді біз мобильді қосымша жасауға кірістік. Оның көмегімен ым тілімен өзара сөйлесуге болады. Сөйлеуді мәтінге, мәтінді ымға және керісінше түрлендіретін жүйе құрылады. Осы жобаның арқасында ерекше қажеттіліктері бар адамдардың мектепте ыңғайлы оқып, медициналық және мемлекеттік мекемелерде қызмет алуы және еркін сөйлесуі өте маңызды. Бір жағынан, осы тақырыпты зерттеп, өз үлесімді қосу – азаматтық борышым, – деді ол.
Зерттеу нәтижесі бойынша Нұрзада Амангелді авторлық куәлікке ие болып, әлемдік рейтингі жоғары журналдарда үш мақаласын жариялады. Былтыр ғалым Еуразия ұлттық университетінің «Jana Asu» ішкі гранттық қаржысына ие болды.
– «Қазақстандық саңыраулар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің вице-президентімен кездескенде, олардың балаларды оқытуға қатысты түйінді мәселелері бар екенін білдім. Қазақша және басқа тілдер бойынша ымдау тілін үйретуге арналған зияткерлік тренажер аталған қоғамдағы есту қабілеті бұзылған балаларға үлкен көмек көрсете алатын қажеттілік саналады. Мұндай оқыту жүйесі жеткіншектерге ымдау тілін үйрену мен қоршаған ортада байланыс жасауды үйренуге мүмкіндік беретін тиімді қарым-қатынас құралдарымен қамтамасыз етеді. АҚШ пен Қазақстан ғалымдарының бір тобы еліміздегі есту және сөйлеу қабілеті бұзылған адамдарға білім беру және оған қолжетімділік саласында бірқатар зерттеуді бастады. Біздің бірлескен жұмысымыз елімізде ғана емес, Орталық Азияда пайдасы зор ауқымды ғылыми жобаға айналады деп сенеміз, – деді ғалым.
Сонымен қатар Н.Амангелді әрбір ғылыми жобаның мақсаты алдымен адамға, қоғамға, қоршаған ортаға көмектесу екенін атап өтті. Енді білікті ғалым өзінің ғылыми әзірлемесін коммерцияландыруды қолға алмақ.