Су тапшылығы мәселесі жыл өткен сайын күрделене түспесе, шешіле қоюы екіталай. Өйткені қала дамып, адам көбейген сайын қажеттілік те арта береді. Әзірге амалдай тұратын жалғыз жол – суды үнемдеу. «Судың да сұрауы бар» дегенді әбден түсінетін кез жеткен сияқты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та «2030 жылға қарай су тапшылығының көлемі 40 пайызға жетуі мүмкін. Сондықтан біз жаңа технологиялар мен цифрландыру арқылы суды үнемдеуге көшуіміз керек. Су тапшылығын жоюдың басқа жолы жоқ. Бұл – аса маңызды міндет. Үкімет су пайдалануды реттеу және оны үнемдеу технологиясын енгізу жұмысын ынталандыру үшін нақты шешімдер әзірлеуге тиіс», деп тапсырма берген. Ал БҰҰ мәліметінше, еліміз 2040 жылға қарай ауыз су тапшылығы қаупі өте жоғары 44 елдің қатарына кіреді. Демек қай салада болсын суды үнемдеуді қазірден бастау керек. Әсіресе еліміз үшін аса маңызды ауыл шаруашылығы саласында ғалымдарымыз ұсынып отырған тамшылатып суару әдісіне көшуді кеш қалмай қолға алған жөн.
Ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Жұмағали Оспанбаевтың айтуынша, су тапшы болса, егіншілердің еккен егіні шығынға ұшырайды. Сондықтан ауыл шаруашылығы саласында суды көл-көсір қолдануды қойып, Мемлекет басшысы айтқандай, ғылыми жетістіктерді пайдаланып, жаңа технологиялар мен цифрландыру арқылы үнемдеуді қолға алу қажет.
Ұлттық статистика бюросының дерегі бойынша, ауыл шаруашылығы дақылдары 23 162,1 гектар егістікке егіледі. Ал егілген егіннің бәрі бітік шығуы үшін су қажет. Қазіргі кезде шаруалардың қауіп етері де – қуаңшылық.
– Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғылыми тобы осы мәселенің шешімі ретінде еліміздің оңтүстік-шығысындағы негізгі суармалы дақылдарды – күздік бидай, қант қызылшасы, соя және жүгеріні өсіру технологияларын әзірлеу жөніндегі жобаны іске асырды. Жоба тамшылатып суару негізінде суармалы егіншіліктің өнімділігін арттыруға бағытталған. Нәтижесінде, суармалы егістіктегі өнім шығымы едәуір артады. Алынған нәтижелер топырақтың құнарлылығын сақтау мен молықтыруды қамтамасыз етеді. Сондай-ақ суармалы егіншіліктің жаңа жүйесін әзірлеу үшін негіз бола алады, – дейді жоба жетекшісі Ж.Оспанбаев.