Жалпы, балық шауашылығын дамытудың жан-жақты пайдасы бар. Оның өнімдерінің құнарлылығы бесенеден белгілі, соған сай оған сұраныс қашанда жоғары. Балық өнімдері – жүрек, қан тамырлары, ми талшықтарына, иммунитетке жақсы әсер ететін көптеген пайдалы дәрумендердің қайнар көзі. Бір сөзбен айтқанда, оның өнімі көптеген ауруға ем. Мұны медицина саласының қызметкерлері, білікті мамандар әлдеқашан растап, дәлелдеп қойған. Содан да болса керек, кешегі кеңестік кезеңде бейсенбі балық тағамдары күні ретінде белгіленіп, тіпті котлетке дейін балық өнімдерінен жасалушы еді.
Қашаннан қазаны оттан түспеген халқымыздың Құдайға шүкір, дастарқаны – көл-көсір. Үлкенді-кішілі сән-салтанаттар тұрмақ, кішігірім той-томалақтардың өзінде үстел үстінен таппайтын тамағыңыз жоқ. Соның ішінде кезінде атын ғана еститін ақ балық, қызыл балық дегеніңіздің өзі бүгінде таңсық болудан қалған. Балық өнімдерінің өзін таңдап, талғап жейтін дәрежеге жеттік. Дегенмен адам денсаулығына аса пайдалы осы балық өнімдерін өндіру, тұтыну көрсеткіштеріне көз жүгіртсек, көңіл көншітпейтін жайттар да бар.
Айталық, ел тұрғындары балық өнімдерін белгіленген мөлшерден мүлде аз тұтынады екен. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы адам басына жылына кемінде 16 кг балық өнімдерін тұтынуды ұсынса, елімізде бұл көрсеткіш төрт килограммнан да аз. Салыстырмалы түрде іргелес Ресей мен Қытайда бір адамға шаққандағы балық тұтыну жылына 20-40 килограмға жетеді.
Мұның негізгі, мүмкін басты себебі еліміздің теңізге шығу аумағынан тыс жатқаны, айдынды көлдеріміздің, ағынды өзендеріміздің, тоспа-тоғандар дың аздығы, су қорының тапшылығы болса керек. Жалпы, Қазақстанның балық шаруашылығының негізін су айдындарының балық шаруашылығы қоры құрайды. Оның құрамына Каспий және Арал теңіздерінің акваториялары, Балқаш, Зайсан көлі, Алакөл көлдер жүйесінің су айдындары (Алакөл, Сасықкөл, Қошқаркөл), Бұқтырма, Өскемен, Шүлбі, Қапшағай, Шардара су қоймалары, Іле, Ертіс, Сырдария, Жайық, Тобыл, Нұра, Шу өзендері кіреді. Оларда балықтың 70-тен аса түрі, оның ішінде коммерциялық тұрғыдан неғұрлым құнды түрлері де (көксерке, сазан, дөңмаңдай, ақ амур) мекендейді.
Кезінде саланы дамытуға арналған бағдарламаның жоқтығы, мемлекеттік қолдау шараларының тиімсіздігі, бөлінген қаржы көздерінің мақсатсыз жұмсалуы балық шаруашылығындағы проблемаларды қалыңдатып жіберді. 2021 жылдан бастап елімізде Балық шаруашылығы комитеті Экология және табиғи ресурстар министрлігі жанынан өз жұмысын қайта жандандырып, 2021-2030 жылдарға арналған балық шаруашылығының даму бағдарламасы бекітілді. Бағдарлама бойынша балық өсіру көлемін 2030 жылға дейін жылына 6,9-дан 270 мың тоннаға дейін, балық өнімдерін ішкі тұтынуды 2030 жылға қарай жылына 67-ден 134 мың тоннаға дейін, балық өнімдерінің экспортын жылына 2030 жылы жылына 30-дан 181 мың тоннаға дейін ұлғайту жоспарланған. Сондай-ақ балық саласына инвестиция тарту мақсатында қолайлы жағдайлар жасалуда және әкімшілік кедергілер жойылуда, олардың ішінде мыналарды атап өткен жөн: өндірістік және инвестициялық шығындарды субсидиялау түріндегі мемлекеттік қолдау шаралары кеңейтілді; су қорғау белдеуінде балық өсіру тоғандарын орналастыру бойынша шектеулер алынып тасталды; жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлемей және мемлекеттік сараптамадан өтпей, эскиздік жобалар негізінде балық өсіру тоғандарын салуға жол берілмейтін болды.
Экология және табиғи ресурстар министрлігі Балық шаруашылығы комитетінің басқарма басшысы Асхат Жұбаевтың мәлімдеуінше, осы және басқа қабылданған шаралардың нәтижесінде бизнес субъектілерінің іскерлік белсенділігі артып келеді. Мәселен, 2020 жылмен салыстырғанда балық өсіру шаруашылықтарының саны 2 есе артып, 2022 жылы 380-ге жетті. Өсірілген балық көлемі де кейінгі 5 жылда жылына 3 мың тоннадан 19 мың тоннаға дейін өсті. Балық өсіру және қайта өңдеу кәсіпорындарын ашу үшін қолайлы жағдайлар жасау және инвестиция тарту жұмыстары жалғасуда.
Балық шаруашылығын дамыту бойынша қабылданып жатқан шараларға қарамастан, шешуді талап ететін бірқатар мәселе бар екенін де атап өткен жөн. Айталық, су ресурстарының тапшылығы артып келеді. Бекіре және албырт балық түрлерін өсіру кезінде балық азығы мен балық отырғызу материалдары бойынша импортқа тәуелділік бар. 2025 жылдан бастап балық өсіру көлемінің едәуір ұлғаюына байланысты қолданыстағы жүйе ветеринарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ете алмайтыны болжанады. Халықтың тұтыну деңгейінің төмен болуына орай 2025 жылдан бастап балық өнімдерін өткізуде де қиындықтар туындайды деп күтіледі. Ғылыми сүйемелдеудің жеткіліксіздігі және білікті кадрлардың жетіспеушілігі – қашанда күн тәртібінде.
Қазіргі уақытта Экология және табиғи ресурстар министрлігі Үкіметтің 2023 жылға арналған заң жобалау жұмыстарының жоспарына енгізілген «Акваөсіру туралы» заң жобасын әзірледі. Бұл заң жобасында балық шаруашылығы саласындағы бизнес үшін қосымша қолайлы жағдайлар жасау жөніндегі құқықтық негіз қарастырылған. Заң жобасын Парламентке осы жылдың қараша айында енгізу жоспарланған.
Қазіргі уақытта браконьерлікпен күрес, балық ресурстарын сақтау, молайту және орнықты пайдалану, мемлекеттік қолдаудың жаңа шараларын енгізу, сондай-ақ ғылыми және кадрлық қамтамасыз етуді күшейту мәселелерін кешенді шешу жөніндегі шаралар бөлігінде Балық шаруашылығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасына өзгерістер пысықталуда.
Балық шаруашылығы ел экономикасында табыс көзі және халықты жұмыспен қамту, экономиканың экспорттық әлеуетін арттыру және биологиялық әртүрліліктің жаңартылатын көзі ретінде маңызды. Осы орайда Балық шаруашылығы комитетінің қызметі балық ресурстарын тұрақты пайдалану үшін оларды сақтауға және молайтуға бағытталған. Маңызды міндеттердің бірі – табиғи өсімін молайту үшін жағдай жасау жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыру жолымен балық ресурстарын ұлғайту, сондай-ақ жасанды өсімін молайтуды жүзеге асыру.
Балық шабақтарын жасанды өсіру жөніндегі функцияларды кейіннен табиғи мекендеу ортасына шығара отырып, республикалық бюджет есебінен Жайық-Атырау бекіре балық өсіру зауыты, сондай-ақ Қызылорда және Солтүстік Қазақстан облыстарында орналасқан Қамыстыбас және Петропавл балық питомниктерінің мемлекеттік кәсіпорындары іске асырып келеді. Олар өсірген бағалы балық түрлерінің шабақтары жыл сайын балық шаруашылығы су айдындарына жіберіледі. Осылайша, 2022 жылы бағалы балық түрлерінің 58,7 млн балық шабағы – бекіре, ақсаха, тұқы және өсімдікжемді балық түрлерінің шабақтары (ақ амур, дөңмаңдай) өсіріліп, табиғи мекендеу ортасына жіберілді.
«Су айдындарын балықтандыру бойынша қызметтер көрсетуге мемлекеттік тапсырыс жыл сайын жеке балық өсіру кәсіпорындары арасында бәсекелестік негізде орындалады. 2022 жылы Арал-Сырдария, Есіл, Жайық-Каспий және Зайсан-Ертіс бассейндерінің су айдындарына 32,4 млн дана бағалы балық түрлерінің шабақтары, оның ішінде 500 мың дана бекіре тұқымдас балықтар түрлерінің шабақтары жіберілді. Өсірілген шабақтарды су айдындарына жіберу облысаралық балық шаруашылығы бассейндік инспекциялары қызметкерлерінің, жергілікті атқарушы органдар, қоғамдық және ғылыми ұйымдар өкілдерінің, сондай-ақ БАҚ өкілдерінің қатысуымен комиссиялық түрде жүзеге асырылды», дейді Асхат Бақтығалиұлы.
Балық өнімдерінің ішкі нарықтағы жай-жапсарын бағамдау үшін елордадағы бірнеше супермаркет, ірі сауда үйлерін аралап көрген едік. Мұнда да балық түрлерінің молдығы еріксіз таңғалдырады. 1 кг құны кішігірім бір табақ еттің құнына пара-пар (10-12 мың теңге көлемінде) семга, белугалардан бастап өзімізде өндірілетін көксерке, тұқы, сазан, сом сынды балықтар көздің жауын алып, сауда сөрелерінде сіресіп тұр. Сақталу, дайындалу реті де сан алуан – көбісі салқындатылған, мұздатылған. Қақталған, кептірілген түрлері де жетеді. Уылдырық, балық консервілері дегеніңіз – екі бастан. Қысқасы, балық өнімдерінде тапшылық байқалмайды, бағалары да анау айтқандай қымбат емес. Тек той-томалақтарға болмаса, соншалықты үлкен сұраныс жоқ. Тіршілігі қым-қуыт алып шаһардағы жағдай мұндай болғанда, ауыл-аймақтағы тартылып қалған қара сулардан, кішігірім тоғандардан ұсақ ақ балық, алабұға, шортан, шабақтарды әуестікпен аулап, қосымша азық етіп жүрген алыс ауылдардың балыққа деген ынта-ықыласы айтпаса да түсінікті. Сөз басында айтқан тұтынудың 4 пайызы да осы жерден келіп шығады.
Өркениет көшінде аты озған елдердің барлығы дерлік азық-түлік нарығында балық өндірісіне айрықша басымдық береді. Оның негізгі себебі, балықтың және басқа теңіз өнімдерінің тағамдық, дәмдік құнары, олардың құрамындағы нәруыз (белок) мөлшері мал мен құс етінен артық болмаса, кем емес. Сондықтан да балық тағамдары олардың ас мәзірінен бір де үзілмейді. Сондықтан да қазіргі таңда дүниежүзінің су айдындарында балық және басқа да теңіз өнімдерін аулайтын 20-30 мың аралығындағы ірілі-ұсақты кемелер жүзіп жүр. Олардың дені озық технологиямен жабдықталған. Балық аулаудан бастап, дайын өнімдер шығарумен тұрақты айналысады.
Түйіндей айтқанда, балықтан түсетін табыс көл-көсір, адам денсаулығына пайдасы да аса зор. Тек балықтарды өсіру, табиғи көбеюі үшін жағдай жасау, балық өсіру шаруашылықтарын, өңдеу кәсіпорындарын дамыту шараларын ұтымды ұйымдастыра білу керек.