Саясат • 09 Тамыз, 2023

Халық толғандырған мәселелер – Үкімет назарында

196 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында күн тәртібінен тыс Қарағанды облысында балалардың жаппай улану жағдайы, сондай-ақ су тасқынына, көші-қон мәселелері мен бір жылда 1 000 мектепті жаңғыртуға қатысты проблемалар қаралды.

Халық толғандырған мәселелер – Үкімет назарында

Балалар қауіпсіздігі – басты назарда

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Қарағанды облысындағы Арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығына түскен 14 баланың бүгінде алтауы ауруханада және барлығы жансақтау бөлімінде жатқанын айтты. Олардың төртеуінің жағдайы – ауыр халде. Қалған екі баланың жағдайы – неврологиялық тапшылық, интоксикация синдромы және тыныс алу жеткіліксіздігіне байланысты өте ауыр. Бұған дейін 7 бала қанағаттанарлық жағдайда шығарылған, бүгінде олар – дәрігерлердің бақылауында.

Осы оқиға туралы ақпарат түскен сәттен бастап Денсаулық сақтау министр­лігі шұғыл түрде республикалық жетек­ші балалар мамандарын осы іске жұ­мыл­дырған. Интенсивті терапия көрсетілді, республикалық және облыстық деңгей­дегі білікті мамандардың кеңейтілген кеңесі ұйымдастырылды.

Санитарлық-эпидемиологиялық бақы­лау комитеті эпидемияға қарсы іс-шаралар мен тергеу жұмыстарын жалғас­тырып жатыр. Алдын ала эпиде­миологиялық тексеру нәтижелері бойынша зертханалық және аспаптық зерттеу әдістерінің деректері, аурудың даму сипаты негізінде тағамнан топ­тық улану және жұқпалы аурулар алы­нып тасталады. Жаппай уланудың ықти­мал себебі – улы затпен улану. Қазір сот-медициналық сараптама жүргізіліп жатыр.

Премьер-министр балаларды барлық қажетті дәрігерлік көмекпен қамтамасыз етіп, ауруханадан шыққаннан кейін де олардың жағдайын ерекше бақылауда ұстауды тапсырды.

«Ішкі істер министрлігі болған оқиға­ның нақты себептері мен кінәлілерді анықтау бойынша тергеу амалдарын мұқият жүргізуге тиіс», деді Ә.Смайылов.

Сондай-ақ Үкімет басшысы өңірлер­дің әкім­діктерінен интернаттық, меди­ци­налық-әлеу­меттік мекемелердегі балалар­дың қауіпсіздігін бақылауды күшейтуді талап етті.

 Су тасқыны қателікті кешірмейді

Үкімет отырысының күн тәртібіне әуелі су тасқынына дайындық шаралары шықты. Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпхановтың баяндауынша, бүгінде мемлекеттік су тасқынына қарсы бағдарламалар аясында атқарылған іс-шаралар 100 мыңға жуық үй орналасқан және 455 мыңнан аса тұрғыны бар 607 елді мекендегі қауіпті азайтып, 214 елді мекен­нің қаупін мүлде жоюға мүмкіндік берген.

Оған қоса өңірлерде дайындық жұмыстары жалғасуда. Мәселен, жыл басынан бері 25 шақырым уақытша бөгет пен 57 шақырым дуал тұрғызылды, шамамен 5 мың шақырым канал мен 6 мың шақы­рым арық, су өткізетін 15 мың авто­мобиль, 3 мыңнан аса теміржол құры­лыс­тары тазартылыпты.

Әкімдіктермен бірлесіп, су тасқыны қаупі бар елді мекендер мен учаскелердің тізіміне түзету жүргізілді. Нәтижесінде, олардың саны 24-ке көбейіп, 1 072-ге жетті. Бұл алдын алу шараларын уақы­тылы өткізуге мүмкіндік береді.

Премьер-министрдің айтуынша, су тасқыны кезеңіне дайындық мәселесі алдын ала арнайы қаралуда.

«Көктемге дейін әлі біраз уақыт бар. Дегенмен барлық дайындық шарасын қыс түскенше аяқтау қажет. Су тасқыны қателіктерді кешірмейді, орындалмай қалған жұмыстар мен бөлінбей қалған қаражаттың соңы төтенше жағдайларға әкеп соқтыруы мүмкін», деді Ә.Смайылов.

Ол биылғы көктем де оңай болмаға­нын айтып өтті. Оңтүстік және батыс өңірлерде су бұру каналдары мен арықтардың, ондағы елді мекендердің маңайында тасқыннан қорғайтын топырақ үйінділерінің болмауы жағдайды қиындатып жіберді.

«Түркістан, Жамбыл және Алматы облыстарында дренаждық жүйелер қатты жауын-шашынға төтеп бере алмады. Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарында бұрыннан бар бөгеттер мен топырақ үйінділерін су шайып кетті. Соның салдарынан тұрғын үйлерге су жайылып, олар опырылып құлады. Ал Қостанай облысының Шилі ауылында 2020 жылы ғана күрделі жөндеу жүргізілген тоған қирап қалған», деді Үкімет басшысы.

Премьер-министр екі апта ішінде халықты су тасқынынан қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарын дайындау және көп көлемде су келуіне дайындық барысын бақылау қажеттігін атап өтті. Ол Жол картасы уақытында іске асырылмаса, орындалмай қалатыны сөзсіз екенін айтты.

«Бұл өз кезегінде, материалдық шығын мен су басу қаупін арттыра түседі. Мүдделі мемлекеттік органдар осы жылдың соңына дейін жоспарланған су тасқынына қарсы іс-шаралардың орындалуын бақылауда ұстауы қажет», деді Ә.Смайылов.

Сонымен қатар ол күздің соңына дейін елді мекендерді қоршау, құбырлар мен арықтарды тазарту, гидротехникалық құры­лыстардың жай-күйін тексеру және су бұру каналдарын дайындау жөніндегі жұмыс­ты аяқтау қажеттігіне де назар аудар­ды. Оның айтуынша, нысандарды салу кезін­де нормалардың сақталмауынан да елді мекен­дерді су басу жағдайлары қайталанып жатыр.

«Биыл Атырау, Қостанай және Түркіс­тан облыстарында су басқан үйлер су қорғау белдеуінің аумағында орналасқан. Мүдделі мемлекеттік органдар суға жақын маңда құрылыс салуға жер учаскелерін бөлу талаптарын күшейтуі қажет», деді Премьер-министр.

Гидротехникалық құрылыстардың жағдайы қатты алаңдатады. Осыған байланысты тек республикалық нысандардың ғана емес, сондай-ақ көп жылдардан бері қараусыз жатқан коммуналдық және жеке меншік су қоймалары мен бөгеттердің де жөндеу жұмыстарын үйлестіру керек.

Үкімет басшысы жолдарды, көпірлер­ді, су өткізу құрылыстарын тасқын суды өт­­­кізу­­ге дайындау жұмыстарын жалғас­ты­­ру, сон­дай-ақ республиканың барлық өңі­­рі үшін су тасқынын модельдеу жөнін­дегі цифр­­лық платформаны әзірлеуді тапсырды.

 Көші-қонға бірыңғай жүйе керек

Елімізде көші-қон үдерісін реттеудің бір­­ың­ғай жүйесін енгізу жоспарланып отыр. Үкімет отырысында Көші-қон сая­саты­­ның 2023-2027 жылдарға арналған тұ­­жы­­рым­­дамасын іске асыру барысы қаралды.

Премьер-министрдің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова тұжырымдама шеңберінде қабылданған шаралар кейінгі 10 жылда алғаш рет көші-қонның оң үрдіс қалыптастырғанын айтты. Шетелдіктер негізінен тұрақты тұруға ТМД, ҚХР және Моң­ғолия елдерінен келіп отыр. Бұл ретте техникалық, экономикалық, педаго­ги­ка­лық және медициналық жоғары білімі бар шетел азаматтары көбірек келе бастады.

Сонымен қатар бүгінде ішкі көші-қон ағындары да тұрақтанды. Жыл басынан бері 160 мыңнан аса адам ел ішінде қоныс аударды. Бұл ретте республиканың ірі қалалары ішкі мигранттарды тарту орталығы болып қала береді. Олардың үлес салмағы – 40% көлемінде.

Ол Көші-қон саясаты тұжырымдама­сын жүзеге асырудың негізгі бағыттарына да тоқталды. Біріншісі – білім иммиграция­сы, оның мақсаты – Қазақстанды өңірлік білім беру хабына айналдыру. Бұл үшін заманауи кампустары мен ғылыми зертханалары бар салалық университеттер ашу бойынша кешенді жұмыс жүргізіліп келеді. Екі жыл ішінде еліміздің жоғары оқу орындары базасында шетелдің ірі университеттерінің 6 филиалы құрылды.

Бизнес-иммиграцияны дамыту аясында Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттыру бойынша шаралар қабылданып жатыр. Атап айтқанда, А-5 санатындағы инвесторлар шетелден жұмыс күшін тарту үшін рұқсат алмайтын болды. Жыл басынан бері 76 шетел азаматына осындай инвестор визасы берілді.

Сонымен қатар әлеуетті инвесторларға шетелдегі мекемелерден «бір өтініш» қағидаты бойынша ЖСН және ЭЦҚ беру рәсімі жеңілдетілді және шетелде табыс­ты бизнестері бар этностық қазақтарға «Ата жолы» картасын беру тәртібі бекітілді. Бүгінгі таңда «Ата жолы» картасын иеленген қандастардың алдын ала тізімі жасалды.

Тағы бір бағыт аясында Қазақстанға шетелдік білікті мамандар тарту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мәселен, биыл 1 шілдеден бастап талап етілетін кәсіптердің бекітілген тізбесі шеңберінде нақты жұмыс басталды. Енді осы тізімдегі мамандығы бар шетелдіктер елімізде тұрақты тұруға ықтиярхат алу үшін жеңіл­детілген тәртіппен өтініш бере алады.

Этностық иммиграцияны реттейтін бағыт шеңберінде «қандас» мәртебесін алуға бағытталған өтініштерді қабылдау тетігі қайта қаралды. Мәселен, 1 шілде­ден бастап елшіліктер шетелдегі қандас­тарымыздың өтініштерін «Бір терезе» қағидаты бойынша қарай бастады.

Сонымен қатар тұжырымдама шең­берінде шетелде еңбек етіп жүрген ел азаматтарының еңбек құқықтарын қорғауға қатысты жұмыс жүргізіліп жатыр. Бірінші тоқсандағы есеп бойынша 194 мыңнан аса адам Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің еңбек құқықтарының сақталуын қамтамасыз ету үшін Түркия, БАӘ, Ұлыбритания және басқа да елдермен жаңа келісімдерге бас­та­машылық ету мақсатында қосымша шаралар қабылданды.

Премьер-министрдің орынбасары сөзін қорытындылай келе, жұмыс күші көп өңірлер мен жұмыс күші жетіспейтін аймақтар арасындағы демографиялық айырманы теңестіру жөніндегі жұмыстар, сондай-ақ босқындармен жұмыс істеудің жаңа тәсілдері туралы баяндады.

Премьер-министрдің айтуынша, 2027 жылға дейінгі көші-қон саясатының тұжы­рымдамасы көші-қон үдерістерін бас­қаруда қолданыстағы тәсілдерді жетіл­діріп, жаңа тәсілдерді дамытуға бағыт­талған. Құжаттың негізгі басымдық­тарының бірі – елімізге біліктілігі жоғары мамандарды, соның ішінде кәсіпкерлерді, яғни әлеуетті инвесторларды тарту.

«Біз басқа елдерден бизнесмендерді, сұранысқа ие мамандарды тарта аламыз. Алайда азаматтарды өз еліміздің ішінде жұмыс күші тапшы өңірлерге қоныс аударуын ынталандыруға баса көңіл бөлуіміз қажет», деді Ә.Смайылов.

Үкімет басшысы Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарында өңірлік квотаны орындау жұмыстары баяу екенін атап өтті.

«Еңбек ресурстарын тарту бойынша бұдан да тиімді шаралар қабылдап, жұмыс күші артық өңір әкімдіктерімен өзара іс-қимылды жолға қою керек. Барлық жерде тиісті бейімделу және интеграция орталықтарын құруды қамтамасыз ету қажет. Мұндай орталықтар Абай, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Қостанай облыстарында әлі күнге дейін құрылмаған», деді ол.

Бұған қоса Премьер-министр жетек­ші шетелдік университеттермен бірге акаде­миялық ұтқырлықты кеңейту жөнін­де пәрменді шаралар қабылдау, сон­дай-ақ шетелдік оқытушылар мен жас ғалым­дарды тарту бағдарламасы аясында іс-шараларды күшейту қажеттігін де айтты.

Оның айтуынша, елге перспективасы бар шетелдік бизнесмендерді тартуға бағытталған жобаларды тиімді іске асыруды қамтамасыз ету маңызды.

«Біз біліктілігі жоғары шетелдік мамандарды осындай кадрлар жетіспейтін салаларға тартуымыз керек, олар отандық мамандарға өз білгендерін үйретуге тиіс» деді Ә.Смайылов.

Премьер-министр Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Сыртқы істер министрлігімен бірге елі­мізде жоғары сұраныс бар мамандық иесі немесе шетелде табысты бизнес-жобалары болса, олардың мүм­кіндіктерін әрі қарай Қазақстанда пай­далану үшін шетелдік азаматтардың елі­мізге жеңілдетілген тәртіппен кіруін қам­тамасыз ету қажет екеніне назар аударды.

Сөйте келе ол заңсыз көші-қонмен күресті және шетелде жұмыс істеп жүрген қазақстандықтардың құқықтарын қорғау шараларын күшейту, сондай-ақ жыл соңына дейін «Бүркіт» жүйесімен интеграциялай отырып, елдегі көші-қон үдерістерін реттеудің бірыңғай жүйесін енгізу қажеттігін айтты.

 Шағын қалалар мен ауылдардағы мектептерді жаңғырту

Отырыста Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі республикалық штабта шағын қалалардағы, аудан орталықтары мен ауылдардағы мектептерді заман талабына сай жаңғырту, білім беру ұйымдарын қауіпсіздік жабдықтарымен қамтамасыз ету мәселелері қаралды.

Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан биыл 1 000 мектепті жаңғырту көзделіп отырғанын айтты. Бұған күрделі жөндеу, пән кабинеттерін жабдықтау, мектеп жиһаздарын жаңарту, кітапханаларды, асханалар мен қауіпсіздік жағдайларын жақсарту кіреді. Бүгінгі таңда 567 мектепте жұмыс аяқталды.

Бұл ретте биыл 1 000 заманауи пән кабинеттерін (роботтехника, химия, биология немесе физика) ашу жоспарланған. Қазір 16 өңірдегі 290 мектепте осындай 543 кабинет жабдықталған. Тамыз айының басындағы жағдай бойынша 74% білім беру ұйымдарының бейнебақылау камералары ішкі істер органдарының жедел басқару орталықтарына қосылғанын хабарлады. Білім беру ұйымдарының 79%-ы лицензиялық күзетпен, 78%-ы дабыл түймешесімен, 64%-ы турникетпен қамтамасыз етілген.

Премьер-министр өңірлерде көптеген баланың сапалы білімге қол жеткізе алмай отырғанын айтты. Әсіресе Атырау, Маң­ғыстау, Алматы және Түркістан облыс­та­рын­да күрделі жағдай қалыптасып отыр.

«Ауыл мектептерінде талапқа сай жаб­дықталған кабинеттердің жетіспеуіне байланысты физика, химия, биология пәндері бойынша көптеген зертханалық және тәжірибелік жұмыстар өз деңгейінде жүргізілмейді. Мұндай мектептер педагог­терді де, оқушыларды да тартпайды», деді Ә.Смайылов.

Оның айтуынша, жағдайды жақсарту және ауыл мен қала арасындағы білім сапасындағы айырмашылықты азайту үшін жыл сайын 1 000 мектептен жаңғыр­тып отыру қажет. Алайда Оқу-ағарту ми­­нистр­лігі жергілікті жерлерде осы мін­дет­­терді шешу бойынша үйлестіру жұмыс­­тарын тиісті деңгейде қамтамасыз етпей отыр.

«Мектептерді жаңғыртудың нақты стандартталған талаптары бекітілмеген. Әр мектеп жаңғыртуды өз бетінше түсінеді, өздеріне қалай ыңғайлы, солай бұрып алады. Мектепті кешенді жаңарту­дың орнына бір немесе екі жұмыс түрі бойынша есеп береді. Мек­теп қабырғасын әктесе болды – жаңғыр­ту жүргізілді, есеп беруге болады деп ойлайды. Нәтижесінде, жер­гі­лікті жерл­ерде не оқушылар, не ата-аналар, не қоғам өз мектебіндегі көзге түсетін өзге­рісті байқамайды», деді Премьер-министр.

Үкімет басшысы есеп беру үшін жасал­ған мұндай формальды тәсіл білім берудің сапасын жақсартуға, мектептерде жайлы жағдай жасауға мүмкіндік бермей­тінін атап өтті. Сөйтіп білім беру объек­тілерін қауіпсіздік жүйелерімен қамта­масыз ету жұмыстарында да осындай жауап­сыздықтың орын алып отырғанын айтты.

«Қауіпсіздік талаптары бойынша бей­некамералардағы ақпаратты сақтау мер­зімі кемінде 30 күн болуы керек, бірақ бұл барлық мекемеде орындала бер­мейді. Оқу-ағарту министрлігі мен Ішкі істер ми­нистрлігі тарапынан білім беру ұйым­дарын­дағы қауіпсіздікті сақ­тау талаптарына тұрақты мониторинг жүргі­зіл­мейді. Нәтижесінде, камераларды, тур­никеттерді, дабыл түймешелерін есепке алу және оларды жедел басқару орталықтарына қосу тәртібі жоқ», деді Ә.Смайылов.

Сөйтіп білім беру мекемелерін кешенді жаңғырту бойынша стандартталған талаптарды және бақылау механизмдерін әзірлеу­ді және бекітуді, сондай-ақ 15 та­мыз­ға дейін мемлекеттік және жекеменшік мектептердегі бейнебақылау камераларына толықтай инвентаризация жүргізуді тапсырды.

«Жедел басқару орталықтарына қосуға жатпайтын мектеп санын нақты айқындау қажет, бірақ олардың қауіпсіздігін бақылау механизмдерін пысықтау керек. Жаңа оқу жылына дайындық тақырыбын, оның ішінде осы мәселелерді де біз таяу уақытта Үкімет отырысында қарастырамыз», деп сөзін түйіндеді Ә.Смайылов.